Қазақстандық банктердің активтері өсті

Пандемия кезінде экономиканың құлдырауына қарамастан қаржы секторында былтыр оң динамика байқалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2020 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық банктердің активтері 16% өсті. Қаржыгерлер бұл соңғы бес жылда болмаған көрсеткіш екенін айтады.

Қаржыгерлердің айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, депозиттер көбейді. Сондай-ақ өткен жылы ипотекалық несие көлемі өсті.

Қазақстандықтардың депозиттері өткен жылы 3 триллион 600 миллиард теңгеге дейін өсті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының деректері бойынша өсімнің 82% салымшылар есебінен болған. Жеке тұлғалардың депозиттері 18%, заңды тұлғалардың депозиттері 23% ұлғайды. Банк активтері ипотекалық несиелер есебінен де көтерілген. Өсімнің шамамен 80% аталған бағытқа тиесілі. Сарапшылар қаржы институттарының жиынтық несие қоржыны да өскенін атап өтті. Кейбір банктердің лицензияларын қайтарып алу процесі, ал кейіннен банктердің қосылуы саланың өркендеуіне әсер етті. Қаржы нарығындағы бұл үрдіс биыл да жалғасады деген болжам бар. Жалпы сарапшылар дағдарыс жағдайында елдің банк секторы тұрақтылықты көрсеткенін атап өтті.

Былтыр банктерге ₸38 млн айыппұл салынды

Ал енді банктік сектордағы осал тұстарға тоқталайық. Банктерде тұтынушылардың құқықтарын бұзу жағдайлары жиілеп кетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, сала қызметкерлері негізінен қарыздар мен шоттарға қатысты заңсыз әрекеттерге жол берген. Мысалы, менеджерлер шотқа қатысты ақпаратты кредиттік бюроға жиі клиенттердің келісімінсіз береді. Ал жарнамаларда несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі туралы ақпарат жасырылады. Осы және басқа да заңбұзушылықтар үшін қазақстандық банктерге былтыр жалпы сомасы 38 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Коронавирус пандемиясы еңбек нарығын өзгертті

Коронавирус пандемиясы ішкі еңбек нарығын өзгертті. Ernst & Young консалтингтік компаниясының сауалнама нәтижелері бойынша жұмыс берушілердің шамамен 27% жалақыларды қысқартуға мәжбүр болған. Зерттеуге қатысқан компаниялардың жартысы қызметкерлерді оқыту мен іссапар шығындарын азайтты. Ал жұмыс берушілердің 90% өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге ауыстырған. Зерттеу нәтижесі бойынша кейбір кәсіпорындар қызметкерлердің бір бөлігін қысқарту арқылы жұмысты оңтайландырған. Бірақ биылғы жылдың өзінде компаниялардың төрттен бір бөлігі штатты қайтадан ұлғайтуды көздеп отыр. Ал ақпараттық технологиялар саласында тіпті қызметкерлердің еңбекақысы 9% артады деп күтілуде.

Қазақстанда алкогольді ішімдіктер сатылымы өсті

Қазақстанда алкогольдік ішімдіктерге сұраныс артқан. Аталмыш өнімнің сатылымы 20% өсті. Energyprom.kz порталы осындай деректер келтірген. 2020 жылы ел тұрғындары 35 миллионнан астам алкогольдік өнім тұтынған. Оның басым бөлігі отандық тауарларға тиесілі. Ресми деректерге сай, Қазақстанда жасалған арақ пен ликер-арақ өнімдерінің үлесі ішкі нарықта шамамен 80% құрайды. Саладағы импорт қысқарды. Ол жалпы көлемнің 20%-тен астамын ғана алады. Сонымен қатар сарапшылар іс жүзінде алкоголь Қазақстаннан экспортталмайтынын айтты.

Қостанайда қойманың бір шаршы метрін жалға алу құны 600 теңгеден жоғары. Ақтөбеде мұндай ғимаратты 800 теңге жалға алуға болады. Петропавлда қоймалардың бір шаршы метрі 1000 теңгеге жалға беріледі. Ал Қарағандыда 1500 теңге. Республикалық маңызы бар қалаларда баға бұдан қымбат. Нұр-Сұлтанда қоймаларды жалға алу құны 2000 теңге. Алматыда да осындай баға байқалады.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 423 теңге 59 тиын. Еуро 509теңге 28 тиын. Ресей рубльі 5 теңге 57 тиын.