425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елімізде үй қай уақытта арзандауы мүмкін?

  • 1169
  • UPD: 10:31, 05.02.2021

Биыл ел бойынша 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Ал баға ше? Баспана арзандай ма?

Қазір азаматтар зейнетақы қорындағы салымының бір бөлігін алып жатыр. Бұдан өз кезегінде үй қымбаттады. Ал сол баға қашан түседі? Әлде өскен күйде қала бере ме? Экономист болжамын айтты.

Елде биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі 2,2 трлн теңге. Ал енді үй бағасы қалай болады дейсіз ғой? Бұл сұрақ әркімді-ақ алаңдатары анық. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені зейнетақы қорындағы салымның бір бөлігін азаматтар ала бастады. Үйге сала бастады. Қордағы қаражатын аударып, алдың күні ипотека рәсімдеген алғашқы қазақстандық - Шымкент тұрғыны. Ал мұндай мүмкіндікке ие болатын азаматтар саны 700 мыңнан асып жығылады. Тиісінше үйге сұраныс артады. Баға да өседі. Ал енді баспана құны шарықтаған күйі қала ма? Жоқ әлде науқан аяқталған соң бұрынғы шегіне бара ма? 

Бензині ең арзан елдердің рейтингінде Қазақстан 167 мемлекеттің ішінде 8-орында тұр. Қазір ел бойынша жанармайдың орташа бағасы литріне 170 теңге. Бұл баға көршілес Түрікменстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанға қарағанда арзан. Тізімде жанармай құны ең төмен мемлекеттер қатарында Венесуэла, Иран және Ангола бар. Еліміздің Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша былтырғы желтоқсанда Қазақстанда бензин 2019 жылға қарағанда сәл қымбаттады. Осылайша АИ-95-тің бағасы 0,8 процентке өсіп, литрі 171 теңгеден сатылды. Ал АИ-98-1,4 процентке қымбаттап, оның литрі 190 теңгеден асты. Көп сатылатын АИ-92-нің бағасы 2,7 процентке өсіп, литрі 151 теңгеге таяды. Жалпы былтырғы қаңтар-желтоқсанында біздің елде 4 жарым миллион тонна жанармай өндірілді. Бұл 2019 жылғы көлеммен бірдей.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, елімізде кедейлік шегі өсуі мүмкін. Көрсеткіш шамамен 14 процентке баруы ықтимал. Әлемдік пандемия салдарынан экономиканың әлсіреуі халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тобына әсер етпек. Індет әсіресе бөлшек һәм көтерме сауда-саттықтың тынысын тарылтты. Қонақ үй мен тойхана бизнестері қып-қызыл шығынға батты. Көбі кәсіп нысанын жапты. Шағын және орта бизнеске оңай болып тұрған жоқ. Ал елдегі халықтың үштен бірі бизнесте еңбек ететінін ескерсек, қанша адамның табыстан қағылғанын бағамдауға болады.

Әлемде кофе қымбаттауы мүмкін. Бразилияда құрғақшылық. Сондықтан сарапшылар аталған өнімнің бағасы біраз өсуі мүмкін деп отыр. Оның үстіне Вьетнам кофе шикізатының экспортын қысқартты. Бақандай 17 процентке. Экспортты ғана емес, жалпы бұл ел табиғи апаттардың салдарынан кофе өндірісін 15 процентке азайтқан. Ал Бразилияда кофе өндіру бірден 36 процентке дейін төмендеуі ықтимал. Мұндай құлдырау соңғы рет 12 жыл бұрын болған.

Ал біздің елде осы кофені көбіне студенттер мен 35 жасқа дейінгі азаматтар ішеді екен. Қазір бұл сусынның Латте аталатын түрі қанша тұрады?

«Нарықтағы баға» айдары

Сонымен 400 миллиграмдық Латте Ақтауда 1200 теңге. Қостанайда 550 теңгенің шамасында. Ал Петропавлда 750 теңге. Латте кофесі Павлодарда 700 теңгенің маңында. Қарағандыда бұл сусынды 500 теңгеге алуға болады. Шымкентте 800 теңге болса, елордада Латтенің 400 миллиграмы 700 теңге тұрады.

Соңында валюта бағамына тоқталайын. Сонымен Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 421 теңге 99 тиын болып тұр. Еуро 505 теңге 67 тиынға тең. Ал рубль 5 теңге 6 тиын.

Хабар 24 телеарнасы