ЕАЭО елдері ұлттық валюталарына басымдық беріп жатыр

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында сауда-саттықта доллардың үлесі азайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттер қазір ұлттық валюталарына басымдық беріп жатыр.

Одақ арасындағы өзара сауда айналымында ұлттық валюталардың үлесі қазірдің өзінде 70% болып тұр.

Еуразиялық одаққа мүше елдер өзара саудада ұлттық валюталарға басымдық беріп жатыр. Бұл туралы Digital Almaty форумында Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы айтты. Николай Подгузов соңғы 3 жылда теңге одақ нарығында нығайғанын атап өтті. Айталық, Қырғызстанмен сауда-саттықта ұлттық валютамыздың үлесі 20%-rt жеткен. Ал, Ресеймен керісінше, аздау. Бұл көршімізбен арадағы саудада теңгенің үлесі 10%. Николай Подгузов бұл тренд жалғасады деп болжады.

Атап өтейік, Одақ ішінде доллар, еуросыз, ұлттық валютада есеп айырысудың банктің жүйесі бар. Бұдан өзге де цифрлық жобалар әзірленіп жатыр. Әсіресе, көші-қон қызметі алдағы уақытта жаңа жүйеге негізделеді. Сарапшының пікірінше, мұндай үрдістер одақтың экономикалық белсенділігін арттырады. Атап өтейін, одаққа мүше елдердің үкімет басшылары Еуразиялық даму банкінде цифрлық орталық құру туралы бастаманы қолдады. Жаңа институт сандық технологиялар мен IT-жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Николай Подгузов, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы:

- Біз мемлекеттердің күн тәртібінде тұрған цифрлық жүйе туралы жұмыстарына сараптама жүргіздік. Берері мол жобаларды анықтадық. Олардың дені қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Мысалы «Ковидсыз саяхат» деп аталатын қосымша бар. Бұл одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарына осы елдер арасында еш кедергісіз жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Көші-қонда да биыл осындай өзгерістер болады.

***

Елімізде пәтерді жалға алу құны өсті

Елде пәтерді жалға алу құны өсті. Бір жылда баға шамамен 10%-ке қымбаттаған. Energyprom.kz порталының мәліметінше, желтоқсанда пәтерлер орташа есеппен әр шаршы метріне 1600 теңгеден жалға берілген. Әсіресе, елордада қымбат. Бас қалада баспананың бір шаршы метріне 3 мың теңге сұрайды. Елордаға қарағанда Алматы мен Ақтауда сәл де болса арзандау. Ол жақтарда пәтердің шаршы метрі 2 мыңның айналасында. Барлық қаланың ішінде ең арзан баға Семейде. Бұл шаһарда баспананы жалға алу кезінде бір шаршы метр үшін 1200 теңге төлейсіз. Жалпы пәтерді жалға алу құны бойынша біздің ел 138 мемлекеттің ішінде 107-орында.

***

Apple iPhone 12 mini өндірісін тоқтатады

Apple компаниясы биылғы екінші тоқсанда IPhone 12 mini өндірісін тоқтады. Былтырғы қазанда компания iPhone 12-ні шығара бастаған. iPhone 12 mini 5,4 дюймдік OLED дисплейімен жабдықталған, Apple-дің ең арзаны саналады. Ұялы телефон арзан болғанына қарамастан, қазіргі таңда ең нашар сатылатын модель. Оның сатылымдағы үлесі – 6%. Жақында танымал JPMorgan Chase инвестициялық ұйымы iPhone 12 телефондарының сатылымына қатысты болжамды жариялады. Сарапшы Уильям Янгтың болжамынша, iPhone 12 және iPhone 12 mini смартфондарын өндіру 9 және 11 миллионға азаюы мүмкін. Сонымен қатар ол iPhone 12 mini-ге сұраныз аз екенін, әлемдегі нарықта өтпей жатқанын атап өтті. Уильям Янг дереккөзге сілтеме жасай отырып, компания 2021 жылдың екінші тоқсанында iPhone 12 mini телефонын шығаруды тоқтататынын айтты. Алайда Apple смартфондардың жаңа желісінде кішкентай модель пайда болады деп отыр.

***

Импорттан қашан арыламыз?

Былтыр әлеуметтік маңызға ие тауарлар шамамен 11% қымбаттады. Себебі шикізаттың бағасы өсті. Әсіресе, күнбағасы майы, қарақұмық жармасы, қант, балық, алма мен сүт өнімдерінің құны шарықтады. Себебі, бұл өнімдердің дені бізде импортталады. Енді осы импортты азайту үшін елде қандай шаралар қол алынды? Былтыр жаңадан 48 сүт фермасы, 8 құс фабрикасы ашылды. Нәтижесінде былтырғы 11 айда сүт өндіру көлемі 5,6 млн тоннаға дейін ұлғайды. Бұдан бөлек аумағы 1600 гектар болатын алма бақтары ашылды. Ал, енді осыдан шынымен де импорт азаяма?

Саят Қамзин, ҚР АШМ департаментінің бас сарапшысы:

- Негізгі импорт келетін аса жоғары технологиямен жасалған қымбат сырлар. Ірімшік пен сүзбе болып табылады. Осыларды алмастыру үшін біз шикізат базасын жақсарту керек. Яғни сүт сапасына назар аудару керек. Осы жаңағы өндірістік сүт фермаларының мақсаты сапалы сүтті кәсіпорындарға жеткізу болып табылады. Екіншіден, қарқынды алма бақтары бұл жәй алма бақтарына қарағанда жоғары технологиямен жұмыс істейді. Сәйкесінше, өнімділігі де жоғары болады. Сондықтан импорттан келетін алманы ауыстыруға жағдай жасайды.

Соңында валюта бағамына тоқталайын. Сонымен Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 420 теңге 49 тиын болып тұр. Еуро 503 теңге 54 тиынға тең. Ал, рубль 5 теңге 61 тиын.