Елімізде өмірін сақтандырғандар көбейді

Елімізге келетін шетелдік сақтандыру компанияларының нарықта 10 жылдық тәжірибесі болуы шарт. Кейін оларға Қаржылық реттеу және дамыту агенттігінен рұқсат пен лиценция беріледі. Мұндай ұйымдар жабылып қалса да төлемдер міндетті түрде жасалуы тиіс. Бұл үшін екінші деңгейлі банктерде 5 млрд доллар көлеміндегі есеп-шот ашылады. Әзірге елде жұмыс істейтін шетелдік сақтандыру ұйымы жайлы дерек жоқ. Өйткені қызығушылық таныта қоймаған. Қор және сақтандыру нарығын дамыту орталығының директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, бөлімшені күтудің қажеті шамалы. Оның орнына еншілес компаниялар келгені жақсы дейді. Себебі мұндай ұйымдар мемлекет заңына бағынады әрі технологияларын ала келетін олармен халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол болар еді. Сарапшы қазақстандықтардың отандық компанияларды таңдай беретініне де сенім білдірді. Оған былтырғы көрсеткіш дәлел. Сақтандыру нарығына сұраныс 10 процентке артқан.

Өмірін сақтандырғандар көбейді. Былтыр қазақстандықтар ерікті түрде өз өмірін сақтандыру үшін 100 млрд теңге жұмсады. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 77 млрд теңгеден асқан. 81 млрд теңге көлігін сақтандырушылардан түсіпті. Бұл туралы қаржыгерлер қауымдастығының өкілі хабарлады. Жалпы былтыр сақтандыру көлемі 10 процентке өскен екен. Бұл 514 млрд теңге. Пандемия бүйірден қысқан туризм саласы мұнда да ақсаған. Жылдағы түсімнің тең жартысы жоқ болды. Еске салайын, елде сақтандыру қызметін көрсететін 30 шақты ұйым бар.

Былтыр елімізде жеке автокөлікті сақтандыру 10 процентке, жыл басынан бері тағы 5 процентке қымбаттаған. Бұл туралы статистика комитеті хабарлады. Ендеше темір тұлпарды енді ғана тізгіндей бастаған жүргізушілер үшін қызмет ақысы қанша болады?

«Нарықтағы баға» айдары 

Шымкентте еліміздегі ірі сақтандыру компаниясы көрсететін қызметі үшін 12 300 теңге алады, Ақтауда 4000 теңгеге қымбаттырақ. Көкшетауда қызмет ақысы 17 700 теңге, ел шығысында 18 000 теңге, бас қалада 26 800 теңге болса, Алматыда 36 000 теңге.

Елімізде тұрғын үй бағасы да шарықтап тұр. Бір жылда жаңа үйлерді 3, екінші нарықтағысын 5 процентке қымбатқа алып келдік. Жалға берілетін пәтерақысы да көңіл көншітпейді. Өсім үш процентті құраған. Жыл басынан бері жаңа үйлердің шаршы метрі 319 мың теңгеге сатылып жатыр. Дегенмен, бұл өсімді шарықтау шегі дей алмаймыз. Осыдан алты жыл бұрын елдегі жаңа пәтерлер бірден 16 процентке қымбаттаған еді. Тағы бір жыл бұрын екінші нарықтағы үйлер 17 процентке қымбат сатылды.

Елімізде «Эко-Даму» бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Бұл жолы 28 ерекше қорғалатын табиғи аумақ жанында тұрып жатқан азаматтарға 288 млн теңге көлемінде несие беру жоспары бар. Қолдау БҰҰ даму бағдарламасы мен ауыл шаруашылығын қолдау қорының ортақ жобасы аясында көрсетіледі. Оған 12 облыстағы 771 елді мекен кіреді. Өтініш қалдырғандарға 290 мыңнан 16 млн теңгеге дейін шағын несие алу мүмкіндігі бар. Несиелеудің алғашқы кезеңінде 221 млн теңге қарыз берілген. Бизнес жобасын ұсынған азамат ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры бөлімшесіне жүгінеді. Сөйтіп 5 жылға 6 процентпен қарыз алады. Жылдық тиімді мөлшерлеме 6,7 процент. Несиелеуге экотуризм, орман, балық, аңшылық, бақташылық не құс шаруашылығы, тіпті омарташылық та кіреді. Басты талап ұсынылған жобалар қоршаған ортаға қауіп төндірмеуі керек.

Доллар 418,80 теңге, еуро 504,12 теңге, Ресей рублі 5,62 теңге.