Жұмыртқа өндірісі 25 процентке азайды

Отандық тауық өнімін өндірушілер құс тұмауынан кейін енді ғана аяққа тұра бастады. Сала фабрикаларының басын біріктіретін қауымдастықтың ақпаратына  қарағанда ірі бес шаруашылық 2 жарым миллион тауықтан айырылды.

Қаржылық қиындықтарға байланысты екі фабрика жұмысын тоқтатты. Мәселен, 2019 жылы олар ішкі нарықты жұмыртқамен толық қамтып, 10 процентін экспортқа шығарып отырған. Ал бүгінде жұмыртқа өндірісі 25 процентке азайды.  Ішкі нарықта 15 процент жетіспеушілік бар. Сұранысты толық қамту үшін фабрикаларға кемінде бір жыл керек. Қауымдастық басшысы Максим Божконың айтуынша, былтыр құс фабрикаларына берілетін субсидия екі есе азайды. Ал тауықтың азығы екі есе қымбаттады. Бұл жұмыртқаның өзіндік құнын көтеріп жіберді. Оның үстіне өндіруші мен тұтынушы арасында неше түрлі делдал бар. Мәселен, тауықтың 10 жұмыртқасы фабрикада 300-350 теңге тұрады. Ал дүкенде оның құнына 50 процент қосылғанын көреміз. Негізі заң бойынша тауар өндірушіден тұтынушыға жеткенде бағасы 20 проценттен артық қымбаттамауы керек.

Тауық фабрикаларына қолдауды Парламентте Сенаттың депутаты Сұлтан Дүйсембаев көтерді. Айтуынша, шаруашылықтар құстарды ауру-сырқаудан қорғау үшін шет елден түрлі дәрумендер сатып алады. Сондай-ақ етті бағыттағы тауық тұқымын әкеледі. Бұл да шығын және өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан асыл тұқымды тауық әкелгендерге және оны сақтандыруға кететін шығынға субсидияны көбейтіп, несиені төлеуге берілетін үзілісті 5 жылға созуды ұсынды.

Сұлтан Дүйсенбинов, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

- Отандық тауарөндірушілерді әділетсіз бәсекеден қорғау үшін тағамдық өнімдер импортына қойылатын талаптардың орындалуы бойынша  мемлекеттік бағалауды күшейту, Қазақстан нарығына құс етін жібермеу, мүдделі органдарға құс етінің импортына қатысты тарифтік квоталарды 50 пайызға дейін азайту қажеттілігі туындап отыр.

Қазақстан бойынша тауық жұмыртқасы ең арзан өңір Павлодар. Мұнда 10 данасын 430 теңгеге алуға болады. Ақтөбеде де баға сондай. Өскеменде 20 теңгеге қымбатырақ. Яғни 10 данасы үшін 450 теңге төлейсіз. Шымкент дүкендерінде тауық жұмыртқасының 10 данасы 500 теңгеге сатылып жатыр. Елордада 520 теңге. Түркістанда 560 теңгеге саудаланады.

Былтыр Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі 2,3 процентке өсті. Еуразиялық экономикалық комиссияның статистика департаменті осындай ақпарат жариялады. Өнімнің жалпы сомасы 114,жарым миллиард долларға жуықтаған. Одаққа мүше бес мемлекетті салыстырсақ, Қазақстан мен Беларусьте өсім жоғары. Бізде 5,6  Беларусьте 4,9 процент. Ресей мен Арменияда бір жарым процент, Ал Қырғызстанда өсім 1,1 процент болған. 2019 жылмен салыстырсақ, былтыр мал басы да, мал шаруашылығының өнімдері де 3,1 процентке артқан. Сүт өндірісі Армениядан басқа төрт мемлекетте көбейді. Есесіне Арменияда жұмыртқа өндірісі 4 жарым процентке көбейген. Одақ бойынша айтсақ 0,9 процентке кем.  

Былтыр Қазақстаннан шет елдерге 787 миллиард теңге қаржы аударылды. Ал шет мемлекеттерден біздің елге 286 миллиард келген. Яғни елден шыққан қаржы мен кірген қаржының айырмашылығы 500 миллиардтай. Мамандардың айтуынша, бұл еңбек мигранттары мен кәсіпкерлердердің санына байланысты болып отыр. Енді Қазақстанмен алыс берісі ең көп мемлекетті атап өтсем. Бізден кеткен қаржының 85 проценті мына төрт мемлекеттің үлесінде. Яғни 27 проценті Ресейге аударылған. 21 проценті Қырғызстанға жөнелтіліпті. Өзбекстанға 20 процент, Түркияға 17 жарым проценті аударылған. 2019 жылмен салыстырғанда Қырғызстан мен Түркияға жіберілген қаржының көлемі айтарлықтай көбейген. Ал кіріске келсек, қаржының 25 проценті Ресейден, 18 проценті Оңтүстік Кореядан 13,4 проценті Өзбекстаннан және 11,7 проценті Қырғызстан мемлекеттерінен аударылған.

Айта кетейік, былтыр жазда елде қажыны шет елге анонимді әмиян арқылы аудару жүйесіне тыйым салынды. Сондай-ақ жемқорлықпен тапқан ақшаны шекара асыратындардың жолын байлау үшін қаржыны аударған және қабылдаған адамдардың мәліметтері жинақталып, мониторинг жасалатын болды. 

Лондон Еуропаның қаржы орталығы деген атақтан айырылды. Акциялардың сатылымы бойынша біріккен корольдіктің бас қаласын Амстердам басып озды. Қаңтарда Нидерландтың үш биржасында күн сайын 9,2 миллард еуроға сауда жасалған. Ал Лондонда бұл көрсеткіш 8 жарым миллиардан сәл ақ асты. Жағдайдың бұлай құбылуына Еуроодақ билігінің ұстанымы әсер еткен. Олар өзінене қарасты қаржы ұйымдарына Лондон биржасында сауда жасауға тыйым салды. Себебі былтыр жыл соңында әрең қол жеткізген Брекзит келісімінде дәл осы қаржы қызметтері туралы айтылмаған. Осылайша 1 қаңтардан бастап Ұлыбританияның қаржы секторы Еуроодақтың ортақ нарығынан ажырап қалды.

Валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 417 теңге 60 тиынға бағалады. Еуро 506 теңге 47 тиынға тең. Ал Ресей рубльі 5 теңге 66 тиын деп белгіленді.