Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер өндірісі 4%-ке артты

2027 жылы антибиотиктердің әлемдік нарықтағы үлесі 59 млрд долларға жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылдан бастап жыл сайын өндіріс көлемі 4%-ке артатын болады. «Өйткені инфекциялық және созылмалы аурулар көбейеді», -дейді халықаралық сарапшылар.

Елімізде де антибиотиктерге сұраныс артқан. Бағаның да қымбаттағаны байқалады.

Елімізде соңғы бір жылда фармацевтикалық өнімдер өндірісі 4%-ке артты. Себебі халық тарапынан сұраныс өскен. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Өсім бағада да бар. Дәрілік препараттар былтыр 10%-ке қымбаттапты. Әсіресе, антисептикалық құралдар мен ыстық түсіретін дәрілер құны 30%-ке артқан. Ал, антибиотиктер 8,5%-ке қымбаттаған. Ең қымбат өнімдер Маңғыстау, Павлодар, Ақтөбе облыстарында сатылды. Жалпы былтыр елде 139 млрд теңгеге жуық дәрілік өнім өндірілді.

Бір жылда көпшілік сұранысындағы болған «Корвалол» құны 2 есе қымбаттаған. 25 мл-лік өнім өңірлерде қанша тұрады? «Нарықтағы баға» айдарынан білейік.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Ең арзан «Корвалол» Өскеменде. Мұндағы баға 165 теңге, Түркістанда 5 теңгеге қымбат, Қызылорда мен Оралда 175 теңге сатылады, Қарағандыдан 178 теңгеге аласыз. Талдықорған мен Нұр-Сұлтанда 180 теңге болса, Қостанайдағы баға 200 теңгеге барады.

***

Кедей елдерді аштықтан алып қалу үшін $600 млрд қажет

Әлемдегі кедей мемлекеттер ашаршылық алдында тұр. Әсіресе, биыл азық-түлік бағасы қатты қымбаттап, көпшілік ел үшін қолжетімсіз болып қалған. Карантиндік шектеулерден кейін базарлардың жабылуы фермерлерді әуреледі.  Бұл туралы БҰҰ арнайы елшісі Агнес Калибата мәлімдеді. Ал Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Гордон Браун мен БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок жүргізген зерттеуге сай кедей елдерді аштықтан аман алып қалу үшін 600 млрд доллар қаражат қажет. Қыруар қаржыны қайдан алуға болады? Олардың пайымынша, бай мемлекеттердің әрбір тұрғыны айына бір рет 1 доллардан арнайы шотқа аударып тұрса, жағдай ушықпайтын еді. Мамандар Йемен, Оңтүстік Судан, Нигерияның солтүстік-шығысы сынды мемлекеттерге жыл сайын 10 млрд доллар бөлінетін болса, аштықтан сақтап қалуға болатынына сенімді. Былтырдан бері әлемде ас-ауқатқа зәру адамдар саны екі есе артып, 270 млннан асқан. Айтпақшы, осы жағдайы мүшкіл мемлекеттерге коронавирусқа қарсы вакцина жеткізілмейтін болса, жаһандық экономика 9 трлн долларды жоғалтуы ықтимал. Бұл туралы Дүниежүзілік сауда ұйымының өкілдері хабарлады.

***

Әлемде ет қымбаттайды

Кедей мемлекеттер ғана емес, жалпы әлем халқы еттен кенде қалуы мүмкін. Bloomberg таратқан ақпаратқа сүйенсек, сиыр, шошқа және тауық етінің бағасы күрт қымбаттайды. Бұған азық-түліктік инфляцияның артуы себеп. Жем-шөп құнының аспандап кетуі де нарыққа әсер еткен. Осы маусымда жаһандық қамба астыққа тола қойған жоқ. Ал шикізатті көп тұтынатын Қытай тарапынан сұраныс еселеп артып жатыр. Пандемия салдарынан әлемдегі тасымалдың қиындауы фермерлерді әбігерге салғаны рас. Оның үстіне соңғы жеті жылда алғаш рет жүгері мен соя қымбаттап кеткен. Осылайша, төрт түлікті бағу шығыны 30%-ке артыпты. Қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропада мал шаруашылығына қызығушылық азайып отыр. Дегенмен, бұл жағдай елімізге қатты әсер етпейді. Одақ төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, ет бағасын қымбаттатуға негіз жоқ.

***

Қазақстандықтар Түркиядан үй алып жатыр

Шекарадағы шектеулерлер де отандастарымызға кедергі емес. Былтыр шетелден үй сатып алған қазақстандықтардың саны 50%-ке артты. 1200-ге жуық келісім жасалған. Бұл үйлердің 170-і жылдың аяғында алыныпты. Отандастарымыз теңіз жағасындағы үйлерге қызығады. Терраса тауға қарап тұрсын деген де шарт қоятындар да бар. Үй ішінде міндетті түрде бассейн, жаттығу залы болуы қажет. Талғамға талас жоқ, әрине. Халықаралық жылжымайтын мүлік брокері хабарлағандай, Түркиядағы үйлерге сұраныс 1,5 есе артқан. Мұндағы тұрғынжайларды тек қазақстандықтар ғана емес, ТМД елдерінен 41 мыңнан аса шетелдік сатып алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ке аз көрсеткіш. Елде індет тарағалы көктемде ғана жылжымайтын мүлікке сұраныс азайыпты. Ал жазда келісімшарттар қайтадан белсенді түрде жасала бастаған. 

***

Әр қазақ баспаналы болсын. Ол үшін ақша жинай жүру керек. Ендеше еліміздегі валюта бағамына да тоқтала кетейік. Доллар 416, 63 теңге, еуро 505,43 теңге, Ресей рублі 5,68 теңге.

 

Сондай-ақ...