Қаржы пирамидалары қармап кеткен қаржы қайтарылмайды

Соңғы үш жылда елімізде 180 қаржы пирамидасы анықталды. Келтірілген шығын көлемі 8,3 млрд теңге.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма бастығы Мақсат Шағдаровтың айтуынша, желілік маркетинг те қаржылық пирамида схемаларының бірі болуы мүмкін. Бүгінде оңай ақша іздейтіндер үйіп-төгілген уәдеге қатты сеніп қалады. Ойланбастан қолдағы барын ауаға шашатындар көп. Оның үстіне үй, көлік, басқа да қымбат мүлікті сатып алуға ақша жинауға көмектесеміз дейтін компаниялар белсенділік таныта бастаған. Жағдайын түзегісі келетіндер осылайша тұтыну кооперативтеріне, қысқа және ұзақ мерзімді жобаларға инвестиция салу сынды қызметтерге араласып кетеді. Мақсат Шағдаров компанияның беделін зерттеп, FINREG.KZ сайтынан агенттіктен лицензия алған-алмағанын анықтау қажет дейді. Басшылар жайлы ақпарат құпия болса, күмәндана беруге болады.

Есіңізде болсын, қаржы пирамидаларына шашқан ақшаңыздың сақталуына ешкім кепілдік бермейді!

Еліміздегі жылдық инфляция 7,4 процентке жетті. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру әлі де мүмкін болмай тұр. Өткен айдағы өсім 11 проценттен асқан. Жіктер болсам, жұмыртқа 27, көкөністер құны 16 процентке қымбаттады. Ал күріш пен құс еті сәл арзандапты. Өсімдік майы өткен айда бақандай 38 процентке өскен. Әлемдік нарықта да осындай өсім сақталып отыр. Дегенмен өндіріс азая қойған жоқ. Қазір отандық майға сырттан сұраныс артты. Есесіне импорт азайған екен.

Жылдың басында қанттың құны шамамен 35% артты. Өңірлердегі бағаны «Нарықтағы баға» айдарынан білейік.

Бір келі қантты Ақтаудан 260 теңгеге аласыз, Алматыдағы баға 270 теңге, Қарағандыда тәтті өнім 280 теңгеге сатылады. Нұр-Сұлтандағы баға 285 теңге. Шымкентте бір келі қант 300 теңгеге сатылса, Көкшетауда 30 теңгеге қымбат. 

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 416,80 теңге, еуро 502,87 теңге, Ресей рублі 5,66 теңге.