«Fitch Ratings» Қазақстанның кредиттік жағдайын қалай бағалады

Биыл отандық диқандар бидай мен майлы дақылдардың егіс аумағын кеңейтуге ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бұл өнімдерге сұраныс жоғары. Бірақ егін бітік шығатынына күмәнмен қарайды. Оның үстіне елде минералды тыңайтқыштар қымбаттаған.

Диқандардың үрейі орынды. Себебі кей өңірлерде қар әдеттегіден аз болды. Десе де өнім болмайды деп мұңаюға әлі ерте. Ал тыңайтқыштардың қымбаттауы фермерлерге қосымша шығын болайын деп тұр.

Әлемде минералды тыңайтқыш қымбаттады

Биыл елдің басым бөлігінде қар нормадан аз болды. Оның үстіне тоң ерте қатты. Бұл өнімнің қалай шығатынына тікелей әсер ететін факторлар. Қазақстан диқандары одағының басшысы Виктор Аслановтың айтуынша, фермерлер жақсылықтан үмітті. Қар ылғалының орнын жаңбыр өтейді деп үміттенеді. Бірақ минералды тыңайтқыштар мәселесі қалтаға ауыр болатын түрі бар. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияны алу үшін топыраққа агрохимиялық зерттеу жүргізу керек. Ал тоң әлі еріген жоқ. Сондықтан үлгермей қаламыз деп қауіптенеді. Оның үстіне кейінгі айларда тыңайтқыштың бағасы 1,5 есе қымбаттады. Негізінен ресейлік өндірушілер бағаны көтерді. Ал отандық нарықтың жартысына жуығы импортқа тәуелді екенін ескерсек, фермерлерге оңай соқпайтын түрі бар. Жалпы тыңайтқыш әлем бойынша қымбаттап жатыр. АҚШ-та құны 25 процентке өсті. Ресейде 40 проценттей. Карантинге байланысты Қытай да тапсырыс бойынша ғана өндіріп жатыр. Тыңайтқыш шығаратын отандық кәсіпорындар бағаны тұрақты ұстауға уәде берген. Бірақ нарықты толық қамти алмайды және бағаны қашанға дейін тұрақты ұстайтыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, тыңайтқыш қымбаттаса, өнімнің өзіндік құны артып, тұтынушыға жететін тауардың қымбаттауына әкеледі.

Қаржы айналымын қалай бақылаймыз?

Елде банктің мобильді қосымшасы арқылы аударған ақшадан салық алу мәселесі қайта көтерілді. Өткен аптада премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайлов Қаржы министрлігіне бұл мәселені біржола шешу туралы тапсырма берді. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге қарапайым тұтынушыдан келген қаржы бақылауда болуы тиіс. Және одан салық алынуы керек. Былтыр елде онлайн транзакциялар үлесі 2 жарым есе өсті. Бірақ осының көлеңкесінде салықтан жалтарып жүрген кәсіпкер көп. Экономикалық сарапшысы Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, ақша аударымдарына салық енгізу мәселені түбегейлі шешпейді. Себебі салықтан жалтару үшін жұрт қайтадан қолма-қол есеп айырыса бастайды. Сәйкесінше мемлекет нарықта қанша қаржы айналымда жүргенін бақылау мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан кәсіпкерлерге салықты төлетудің өзге жолдарын қарастырған жөн деп санайды.

«Fitch Ratings» Қазақстанның кредиттік жағдайын жақсы бағалады

«Fitch Ratings» агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде бағалады. Яғни елде экономикалық ахуал тұрақты. Коронавирустың таралуы, карантиндік шектеулер және мұнай құнының құлдырауна қарамай, мемлекеттің сыртқы қарыздары аз. Сондай-ақ дағдарыстың салдарымен күреске қажетті қор да жеткілікті деп санайды. Агенттік сарапшылары экономикалық тұрақтылыққа өңдеу өнеркәсібі мен, құрылыс және ауылшаруашылық саласының дамуы оң әсер еткенін көрсеткен. Олардың болжамынша, биыл Қазақстанда экономикалық өсім 3 жарым процентті құрауы тиіс. Елдің әл-ауқатын жақсарту үшін экономиканы әртараптандыру, қорды молайту және құрылымдық институцияналдық реформаларды жалғастыру керек деп санайды.

Айта кетейік, өткен аптада Moody’s кредиттік агенттігі де Қазақстан экономикасына қатысты жағымды болжам жариялаған болатын.

Биткоин қымбаттады

Биткоин тағы қымбаттады. Әлемдегі ең танымал криптовалютаның бір данасы 58 мың АҚШ долларынан асып кетті. Осылайша бір аптада бірнеше рет рекорд жаңартты. Өткен аптаның басында ғана биткоин 47 мың доллар болған еді. Криптовалюта құнының шарықтауын Тесла компаниясының негізін қалаушы Илон Масктің әрекетімен байланыстырады. Ол биткоинға 1 жарым миллиард доллар инвестиция салды. Десе де, сарапшылар биткоинның бұлай шарықтауы күдік тудыратынын айтады. Оны өндіруге электр қуаты көп жұмсалады және экологияға зиян. Оның үстіне биткоин акция емес, төлем ретінде қабылданбайды. Сондықтан болашағы бұлыңғыр деп санайды. Ал бағаның шарықтауына алып сатарлар әсер етіп отыр. Олар криптовалютаға сұранысты әдейі арттырып, өздерінің қалтасын қалыңдатпақ ниетте мыс.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 417 теңге 97 тиынға бағалады. Еуро 507 теңге 12 тиынға тең. Ал Ресей рублі 5 теңге 66 тиын деп белгіленді.