417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Былтыр елімізде криптобизнестен 60 млрд теңге инвестиция тартылған

  • 264
  • UPD: 12:20, 23.02.2021

Қазақстан криптовалюта шығаратын төртінші мемлекет. Әсіресе, Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстарында өндіріс қарқынды.

Осы криптоөнімдерді өзіміз тұтына аламыз ба?

Елімізде криптовалюта төлем құралы ретінде саналмайды. Яғни, электронды ақшаға ештеңе сатып ала алмаймыз. Дегенмен, майнингтік фермалар саны әлі де көбейеді.

Былтыр елімізде криптобизнестен 60 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігі хабарлады. Бүгінде Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында шамамен 400 МВт электр энергиясын тұтынатын 13 майнингтік ферма жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта криптовалюта тағы 4 өңірде шығарылатын болады. Шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныс артып жатыр. Себебі елімізде электр қуаты арзан. Ал майнингтік сала энергия экспортының орнын толтырып отыр. Бұл туралы блокчейн технологиясын әзірлеушілер мен пайдаланушылар қауымдастығының вице-президенті Арман Қуанышбаев мәлімдеді. Мұндай валюта қоры шектеулі екенін айта кетейік. Бүгінге дейін 18 млн данасы шығарылса, 2050 жылға қарай 21 млн-ға жеткізіледі. Әрбір он минут сайын бір монета пайда болады екен. Майнингтік фермалар арқылы түскен инвестиция мемлекетке олжа емес. Десе де, жұмыс орындары ашылады, инфрақұрылым түзіледі әрі электр қуатын пайдалы жұмсау мүмкіндігі бар. Бір биткоин шығару үшін шамамен сағатына 78 мың кВт тоқ кетеді екен. Ақшаға шаққанда бұл 1,5 млн теңге. Валютаны 10 есе қымбат бағаға сатуға болады. Арман Қуанышбаевтың айтуынша, криптобизнесті мемлекетке пайдалы ету үшін арнайы вебәмиян дайындау керек. Тіпті қазақстандық биржаны құру да артық етпейді. Бірақ Ұлттық банк мұндай ұсынысты құптаған жоқ.

***

Биткоинмен есеп айырыса алмайсыз

Елімізде криптовалютаны заң жүзінде төлем құралы ретінде қолдана алмаймыз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысы Рустам Габдулкафеевтің айтуынша, бар жауапкершілік қолданушылардың өзінде ғана болады. Өкінішке қарай, халыққа қаржылық сауаттылық жетіспей жатады. Күн сайын қымбаттап келе жатқан биткоинға қызығушылар көбейген. Алаяқтар да мұндай мүмкіндікті қалт жібермей отыр. Ал көлеңкелі айналым құрбандары агенттік тарапынан қорғалмайды. Тіпті сандық валютаға мемлекет күмәнмен қарайды. Өйткені терроризм сынды ауыр қылмысты қаржыландыруға себеп болуы мүмкін. Агенттік өкілінің айтуынша, криптовалютаны қолданысқа енгізу бір күннің шаруасы емес. Ол үшін сенімді платформа әзірлеу қажет. Тек әлемдік тәжірибеде биржалардың бұзылып, қыруар қаражаттың жоқ болуы жиі кездеседі. Әзірге Жапония, Швейцария, Сингапур, АҚШ сынды 10 мемлекет нарығында ғана криптовалютаны қолдануға заңды түрде рұқсат берілген. Оның өзінде сандық валюталар қаржылық актив қана емес, қарапайым тауар, төлем құралы ретінде қолданылады.

***

Көлеңкелі нарықпен күрес

Еліміздегі киім өндірісіне де цифрландыру келді. Енді киім-кешек пен маталар электронды түрде таңбаланады. Сөйтіп, 2025 жылы заңды киім саудасынан 33-тен 82 млрд теңгеге дейін кіріс түсуі тиіс. 31 желтоқсанға дейін жалғасатын пилоттық жобаға 15 өндіруші және импорттаушы компания қатысып жатыр. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева хабарлағандай, елгедегі киім-кешектің 60%-ке жуығы көлеңкелі импорттың жемісі. Ал киім-кешек және текстиль өнімдеріне салынатын сандық таңбаны қолдан жасау мүмкін емес. Арнайы ақпараттық жүйеде тауардың өндірушісі, серия нөмірі сынды деректер жазылады. Оның шынайылығы арнайы 2D-сканер не «Нақты сауда» мобильді қосымшасы арқылы тексеріледі.

***

Ипотеканы жабудың тиімді жолы

Ал "Орда" бағдарламасы арқылы ипотека рәсімдеген азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасын алу үшін банкке жүгінбесе де болады. Барлық шаруаны қазақстандық тұрғын үй компаниясы тындырады. Қарыз өтеу үшін «Отбасы банкте» арнайы шот ашасыз. Содан кейін Enpf-Otbasy.kz сайтына өтініш қалдырып, жинақты пайдалану мақсатын көрсету қажет. Өтінім бір апта өңделеді. Шотқа қаражат түскен бойда Қазақстан тТұрғын үй компаниясына ипотеканы мерзімінен бұрын немесе ішінара өтеуге өтініш беру қажет. Қолыңызға берілетін анықтаманы ENPF-otbasy платформасына жүктейсіз. Ал «Отбасы банк» өз кезегінде деректерді салыстырып, ақшаны тұрғын үй компаниясына аударады. 10 күн ішінде қарыз есептен шығарылады.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 416,52 теңге, еуро 0 (өткен сессияда сатылымда шығарылған жоқ) теңге, Ресей рублі 5,63 теңге.

Хабар 24 телеарнасы