429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда раушан гүлі қанша тұрады

  • 1032
  • UPD: 14:25, 25.02.2021

Әлемде гүл экспорты азайған. Банкрот алдында тұрған кәсіпкер көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлдерін солдырып алып опық жегендер тығырықтан шығудың түрлі тәсілін байқап көруде.

Былтыр 18 млн дана гүл өсірілді. Оның бір млн-ы жеке кәсіпкерлердің үлесінде.

Гүл экспорты 77% азайған

Соңғы жылдары елімізден Өзбекстан, Ресей, Қырғызстанға гүл экспорты азайып келеді. Экспорт пен импорт бойынша сұраныс көшін раушан бастайды. Дүкен сөрелеріндегі хош иісті гүлдердің дені Нидерланд, Эквадор, Колумбия, Кения, Израильден әкелінген. Былтыр елдегі тауар айналымы 32 млн доллар болды. Ал алдыңғы жылы гүлді алып-сатуға 53 млн АҚШ доллары жұмсалған. Экспорт 2018 жылмен салыстырғанда 77 процентке азайыпты. Түскен түсім 3 млн долларға жуықтады. Қазақстанда өсірілетін гүлдер ішінде раушан, хризантема, лилия, орхидея, ранункулюс, гладиолус көп сатылады. Ал импорт үлесі 2018 жылға қарағанда, 22% азайып, шамамен 30 млн долларды құрады. Бұл туралы Қазтрейд өкілдері хабарлады. Бүгінде Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында гүл шаруашылығы дамып келеді.

Ендеше бойы бір метр болатын раушан гүлі қанша тұрады екен?

Көкшетаудан бір метрлік раушан гүлін 850 теңге аласыз, Өскемендегі баға 900 теңге, ал Орал мен Ақтауда 1000 теңге, Нұр-Сұлтанда да гүлдің құны 1000 теңгеден басталады. Петропавлдағы баға 1200 теңге, Алматыда 1500 теңгеге дейін барады.

Гүл өсірушілердің жайы мүшкіл

Әлемде де гүл саудасы бәсеңдеген. Карантиндік шектеулер салаға салмақ салғаны рас. Әсіресе Нидерланд патшалығындағы гүл өсірушілер қатты шығынға батқан. Тығырыққа тірелген сатушылар онлайн саудаға көшті. Трейдерлердің қазіргі жұмысы қауырт. Олар шектеулер қатаңдатылған мемлекеттерге гүл жеткізудің амалын іздеп әлек. Өйткені кей мемлекетте сұраныс аз болса да бар екен. Ал Түркиядағы жағдай жақсырақ. Былтыр түріктер 83 елге гүлдің түр-түрін сатқан. Экспортқа кеткен 505 млн дана гүлдің дені қалампыр болыпты. Сәндік өсімдіктер мен өнімдерді экспорттаушылар қауымдастығының басшысы Исмаил Йылмаздың айтуынша, гүл бизнесі жазда қарқын алған. Түскен кіріс 107 млн доллардан асыпты. Биылғы жоспар 125 млн долларға жеткізу. Англия, Германия, Румыния, Болгария және Нидерланд – түрік гүлдерінің байырғы жанкүйері. Ресейде былтыр хош иісті гүлдердің 1,5 млрд данасы экспортталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 процентке аз. Жалпы әлем бойынша Италия мен Испанияның гүл өсірушілері кәсібін дөңгелете алмай қалды.

Ірі автоөндірушілер тығырыққа тірелді

Франциялық «Рено» компаниясы коронавирус пандемиясы салдарынан 8 млрд евродан қағылды. Бұл рекордтық шығын. Концерн акцияларының 43 проценті жапондық «Ниссанға» тиесілі. Мұнда 5 млрд еуро шығындалды. Былтыр басшылық алдағы 3 жылда 2 млрд еуроны үнемдеу бойынша жоспарға қол қойған. Әлемдегі 15 мың жұмыс орнын қысқарту жайында да сөз болды. Дегенмен жылдық табыс 22 процентке түсіп, 44 млрд еуроға жеткен. Былтыр Евроодақтағы жаңа көліктер сатылымы 24 процентке азайды. Еуропалық автоөндірушілер қауымдастығы биыл сатып алушылар індетке қарсы вакцина салдырса, екінші жартыжылдықта сатылым 10 процентке өседі деп отыр. Америкалық автоөндірушілер де қажетті бөлшектердің тапшылығынан кірісінің үштен бір бөлігін жоғалтуы мүмкін. Оның үстіне ауа райының күрт суытуы да жағдайды тығырыққа тіреді. Әсіресе General Motors корпорациясының кірісі 2 млрд, Ford Motor компаниясы 2,5 млрд доллардан айырылады. Бірінші жартыжылдықта бұл кәсіпорындар арнайы чиптің жоқтығынан 350 мың көлікті шығаруды тоқтатады.

Бір жылдағы кіріс 41% азайған

Елде жыл басынан бері әуе қызметінен 20 млрд теңге кіріс түскен. Оның 18 млрд-ы жолаушылар тасымалының үлесінен. Ал бір жылдағы табыс 41 процентке азайыпты. Былтыр 592 мың адам тасымалданған екен. Жүк тасымалы көбірек. Жыл басынан бері 2,5 мың тонна әуе көлігімен жеткізілді. Бұл былтырғыға қарағанда 34 процентке артық. Рейстердің 90% дерлігі уақытылы орындалды.

Доллар 415,57 теңге, еуро 505,37 теңге, Ресей рублі 5,65 теңге.

Хабар 24 телеарнасы