430,26 515.14 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарапшылар: Несие тарихын үнемі тексеріп тұрыңыз

  • 983
  • UPD: 14:02, 26.02.2021

Несие тарихын үнемі тексеріп тұрыңыз.

Интернет-алаяқтардың көбейіп кетуіне байланысты сарапшылар отандастарымызға осындай кеңес берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі қаңтар айының өзінде 2 мың адамның атынан белгісіз біреулердің қарыз рәсімдегені белгілі болды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Иә, расында кейде телефонымызға белгісіз нөмірден қоңырау шылынып, күдік тудыратын сұрақтар қояды немесе ұсыныстар жасайды. Мамандар осындай қоңырауларға жауап бергенде сақ болу керектігін ескертеді.

Несие тарихын қалай білуге болады. Fingramota порталының мәліметіне қарағанда, әрбіріміздің банк немесе қаржы ұйымына берешегіміз туралы ақпарат несие бюросында сақталған. Оны білу үшін несие бюросының ресми сайтына электронды цифрлы қолтаңба арқылы кіріп тексеруге болады. Ал алаяқтардың арбауына ілікпес үшін бейтаныс адамға жеке мәліметтеріңізді және құжаттарыңызды беруге болмайды. Сондай-ақ күдікті қоңырауларға жауап бергенде де абай болған абзал. Алаяқтар сізден алған құжатты немесе дыбыстық жазудың өзіне сіздің атыңыздан онлайн несие рәсімдеу кезінде пайдалануы мүмкін.

***

Инвестициялық табысты алуға рұқсат берілуі мүмкін

Зейнетақы қорындағы қаржысын басқарушы компанияға тапсырған азаматтарға инвестициялық табыстан қаржы алуға рұқсат берілуі мүмкін. «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» елдің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне осындай ұсыныс жасады. Агенттік басшылығы бастаманы оң қабылдады. Мамандардың айтуынша, егер мұндай мүмкіндік берілсе, зейнетақы қорындағы қаржысын инвестициялық компанияға салатындар қатары артуы мүмкін. Сондай-ақ межелі сомадан асқан қаржыны банк депозиттеріне аудару мәселесі де қарастырылып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметіне қарағанда, қаржысын басқарушы компанияның есепшотына аудару туралы 99 өтініш түсті. 257 миллион теңге аударылды.

***

Маңғыстауда жаңа мұнай кеніші табылды

Елде жаңа мұнай көзі табылды. Кеніш Маңғыстау мен Бейнеу ауданының шекарасында Тепке аумағында орналасқан. Геология және геофизикалық зерттеу жүргізген компания өкілдерінің айтуынша, мұндағы мұнай жеңіл әрі күкірті аз. Оны үйреншікті тәсілмен өндіруге болады. Аймақта геологиялық зерттеу 2018 жылы басталған. Осы аралықта қара алтын шығуы мүмкін 6 нысан анықталды. Жаңа кеніште қанша мұнай қоры бар екені зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жарияланады. Компания өкілдерінің айтуынша, кеніш Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Маңғыстау облысынан табылған ең ірі кеніш болады. Оған геолог барлаушы Халел Жағыпарұлының есімі берілді. Өңір басшының айтуынша жаңа мұнай кенішінің ашылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

***

Facebook пен Google табысымен бөлісуге міндеттелді

Австралия билігі Facebook пен Google компанияларын жергілікті БАҚ өкілдерімен келісуге міндеттеді. Осы бағыттағы құжатты елдің парламенті мақұлдады. Енді IT алпауыттар жергілікті телеарна немесе басылым жасаған контентті жариялаудан түскен қаржымен бөлісуі тиіс. Егер мұндай мәміле жасалмаса мәселеге үкімет араласады. Бұл австралиялық журналистерді қолдау үшін жасалды. Елдің қаржы министрінің айтуынша, қазір жарнамадан түскен әрбір 100 доллардың 47-сін Google, 24-ін Facebook алады. Бұл медиа контентті жасаған жергілікті мамандармен салыстырғанда әділетсіз. Бұған дейін Google-дің Австралия бойынша өкілі егер заң қабылданса, компания бұл елдегі іздеу жүйесінің жұмысын тоқтататынын мәлімдеген еді. Алайда Премьер-министр мұндай мәлімдеме үкіметті қорқыта алмайтынын ескертті. Ал Facebook бірнеше министрліктің ресми әлеуметтік парақшасын бұғаттап тастаған болатын. Алайда 23 ақпанда үкімет мүшелерімен мәмілеге келген. Оларға заңды орындау үшін екі ай берілді.

Енді валюта бағамына тоқталсақ, Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 414 теңге 77 тиынға бағалады. Еуро 506 теңге 81 тиынға тең. Ал Hесей рублі 5 теңге 64 тиын деп белгіленді.

Хабар 24 телеарнасы