Қытай мұнай тасымалын қысқартпақ

Бас-аяғы бір тәулікте мұнайдың бағасы өсіп те, түсіп те үлгірді. Қазір Брент маркалы өнімнің бір баррелі 63 доллардан төмен. Баға 60 доллардан түсуі мүмкін деген болжам бар. Көпшілікті Қытайдың қара алтын тасымалын азайту туралы ойы алаңдатқан. Бірақ нақты шешім ОПЕК-тің кезекті отырысында мәлім болады. Онда сәуірдегі өндіріс жайы бейнеконференция аясында талқыланады. Болжам бойынша Альянс мүшелері өндірісті тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін арттыруы мүмкін. Оның 1 миллионы Сауд Арабиясының ерікті қысқартуларына келеді. Экспорттаушыларға ресми квоталар әлі де артуы бек ықтимал. Мамандар болжамы осыған саяды. Бұл жағдай Қазақстан үшін тиімді болар еді.  Былтыр елде мұнай-газ өндірісі 8 процентке азайған. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының есебінде айтылды. Оған әрине шектеулер әсер етті. Жіктер болсақ, Қашаған мен Қарашығанақта қара алтын өндірісі 7 процентке өсіпті. Ал Теңіздегі көрсеткіш 11,2% - ке қысқарған. Сөйтіп елде 21 млн тоннадан астам мұнай мен газ конденсаты өндірілді.

Жақында сұйытылған көгілдір отынның құны өсуі мүмкін. ЕАЭО ғана емес, бүкіләлемдік сауда ұйымы да осындай талап қойып отыр. Себебі әлемдегі ең арзан баға Қазақстанда тіркелген. Сала бойынша сарапшы Олжас Байдильдинов осылай деді. Ал бұл жағдай өндірушілер үшін тиімді емес. Оның үстіне заңсыз тасымал да тыйылмай тұр. Мамандар сәуірде биржа арқылы өндірілетін газ көлемі бес процентке артады дейді. Яғни әлеуметтік газ азаяды. Сөйтіп жыл аяғына дейін сұйытылған отын электронды сауда алаңы арқылы сатылатын болады. Жалпы коронадағдарыс бұл салаға әсерін тигізбей қоймады. Былтыр табиғи газды үш есе аз өндірді. Енді сұйытылған газ бағасын нарық реттейді. Бірақ елімізде бәсекелестікті қорғау бойынша заң бар. Оның негізінде бағаның себепсіз шарықтауына жол берілмейді. Мамандар осылай сендіріп отыр.

«Нарықтағы баға» айдары

Шымкенттен бір литр автогазды 56 теңгеге аласыз, Ал Қызылордада 60 теңге, Алматыда да осы баға. Нұр-Сұлтанда газ құны 63 тг. Орал мен Петропавлдағы баға 65.

Әлем халқы Toyota маркалы көліктерді тізгіндеп жүр. Focus2Move таратқан деректерге сүйенсек, жүргізушілер осы жапондық өнімге басымдық беретін көрінеді. Он көліктің 8-і тойота болса, қалғаны Volkswagen-ге тиесілі. Былтыр әйгілі Toyota Corolla-ның бір млн аса данасы сатылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 процентке аз, дегенмен, бұрынғыша көш басында. Ал елімізде Тойота маркалы көліктер тізімнің үшінші тұғырында тұр. Әсіресе Camry сұраныста. «Колеса.кз» сайтының хабарлауынша, биыл қазақстандықтар тойота маркалы көліктерді шамамен 6 процентке қымбатқа алады. Себебі елге зауыттан жаңа шыққан өнімдер келген. Осылайша Toyota Camry-ді 11,5 млн теңгеге аласыз. Бұл былтырғы бағадан бір млн теңгеге қымбат.

Әлемдік экономика қарызға белшеден батты. 1,5 жылда берешек мөлшері 300 трлн долларға жетуі мүмкін. Былтыр ғана көрсеткіш 3,5 есе артып, 281 трлн доллар болды. Қарыздың дені АҚШ, Жапония, еуроаумақ және Ұлыбританияға келген. Оңтүстік Корея да сырттан ақша алғандардың бірі. Барлық мемлекет пандемияның салдарымен күресте қиналған болатын. Халықаралық қаржылық институт сарапшылары кеткен шығынды өтеудің тиімді жолын әлі табылмайды деп отыр. Тіпті ұлы күйзеліс саналған 1920-30 жылдардағы жағдай қайталануы мүмкін деген күдік бар.

Елімізде жыл басынан бері 3 мыңға жуық кибершабуыл жасалды. Бұл былтырғыға қарағанда 3 есе көп. Оқиғалардың дені вирусталған желілер арқылы жүзеге асыпты. Енді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес деректерді қорғауды күшейту бойынша заң жобасына ұсыныстар қабылдайды.

Еске салайын, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылға қарай халықтың цифрлық сауаттылығын 83%-ке арттыру межеленген. Бүгінде еліміз киберқауіпсіздік деңгейі бойынша БҰҰ тізімінде 40-шы орында тұр.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 417,90 теңге, еуро 503,7 теңге, Ресей рублі 5,64  теңге