432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда бензин қымбаттады

  • 1070
  • UPD: 11:09, 03.03.2021

Жанармай құю бекеттерінде оның құны 2 теңгеге өсті. Қымбатшылық алдағы уақытта тағы да жалғасуы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылардың айтуынша, бензиннің қымбаттауы заңдылық. Өйткені бөлшек сауданың құны былтырғы акциз өскен кездің өзінде қатты шарықтамады. Толығырақ сәлден кейін жалғаймын.

Елдегі жанармай құю бекеттерінде бензин маркасына қарай 2 теңгеден 10 теңгеге дейін қымбаттады. Экономист Андрей Чеботаревтың айтуынша, бензин одан әрі қымбаттауы да мүмкін. Оған мұнай өнімінің көтерме бағасы, тасымалдау құны, сақтау, салық және акциздер қосылады. Бұл жолғы өсімге акциздік алымның көтерілуі әсер етті. Естеріңізде болса, былтыр қаңтарда акциз 2 жарым есе көтерілген еді. Ол кезде жанармай бірден 6 процентке өседі деп болжанған еді. Бірақ айтарлықтай өсім болмады. Өйткені карантиндік шектеулерге байланысты жанармайға сұраныс азайып кетті. Қазір нарық жандана бастады. Енді жанармайдың қымбаттауы әбден мүмкін.

Былтыр 4,5 млн тонна бензин өндірілді

Былтыр отандық мұнай өңдейтін зауыттар 4,5 миллион тонна бензин шығарды. Оның 4 миллиондайы ішкі нарықтың сұранысына кетті. 500 мың тоннадайы экспортталды. Биыл өндіріс көлемін тағы 200 мың тоннаға арттыру жоспарланған. Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда мұнай өнімдерінің бағасын мемлекет бақыламайды. Ол нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Оның үстіне мұнай өнімдерінің құнын төмен ұстау өндірушілер үшін де мемлекет үшін де тиімсіз. Өйткені шекаралас елдерге астыртын сату көбейеді. Бұл ішкі нарықта жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде мұнай өндіретін кәсіпорындар отандық нарыққа халықаралық бағадан төмен сатуға міндетті. Бұл мұнайды өндіру қиын өңірлердегі кәсіпкерлер үшін айтарлықтай қиындық тудырады.

Бүгін нарықтағы баға айдарында Ай-92 маркалы бензиннің өңірлердегі құнына шолу жасаймыз. Меншікті тілшілеріміз жіберген ақпаратқа қарағанда барлық аймақта бағаның 2-3 теңгеге көтерілгені байқалады.

Қазақстан бойынша Ай 92 маркалы бензин ең арзан өңір – Ақтөбе. Мұнда жанармайдың литрі 145 теңгеден. Таразда 5 теңгеге қымбатырақ. Павлодардың жанармай құю бекеттерінде 152 теңгеден сатылады. Көкшетауда 155 теңгеден. Шымкенттік жүргізушілер Ай 92 маркалы бір литр бензин үшін 157 теңге төлейді. Елордада баға сондай. Литрі 157 теңге шамасында.

Мұнай сақтайтын резервуарды жалдау арзандады

Әлем экономикасының қайта жандануына байланысты нарықта мұнай сақтайтын резервуарлар арзандап қалды. Өткен жыл карантиндік шектеуге байланысты қара алтынға сұраныс азайып, қоярға жер болмай қалған еді. Сол кезде резервуары жалға алу ақысы шарықтап кетті. Ақпанның соңындағы мәліметке қарағанда резервуарларда 19,2 миллион баррель қара алтын сақтаулы тұр. Бұл былтыр мамырдағы көрсеткішпен салыстырғанда 77 процентке аз. Былтыр мамырда танкерді бір тәулікке жалдау 100 мың долларға дейін жеткен еді. Ал қазір 10 мың доллардан. Сұйықтық сақтайтын бөшкеге сұраныс артқанда тұзды шахталар, қараусыз қалған мұнай құбырлары, тіпті жанармай таситын вагондар қымбаттады. Брокерлер экономика қайта қалыпқа келіп, мұнай қымбаттай бастаған соң Еуропа, Жерорта теңізі және Солтүстік Америка жағалауындағы көптеген танкер босап қалғанын айтады.

Жеңілдетілген автонесие кезегін онлайн тексеруге болады

Елімізде мемлекеттік бағдарлама бойынша автонесиені жеңілдікпен беретін бірнеше банк «автокезек» online қызметін іске қосты. Ол арқылы жеңілдетілген несиемен көлік алуға өтініш бергендер кезектің қалай жылжып жатқанын бақылай алады. Өйткені кейінгі жылдары сұраныс артып азаматтардың арасында күмән туа бастаған. Қазақстан Даму Банкінің мәліметіне қарағанда 2019 жылдың наурызында 13 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 57,4 миллиард теңгегенің несиесі мақұлданды. Былтыр жеңілдетілген несиемен 20 мың адам өзімізде құрастырылған жаңа көлік алды. Ал биыл бір айдың өзінде 27 мыңдай несие рәсімделді. Оның жалпы сомасы 136 миллиард теңгеге жуықтайды. Яғни жыл сайын жеңілдетілген несиемен көлік алушылардың саны артып жатыр. Бұл бағдарлама 2015 жылы басталды. Оны қаржыландыруға 82 миллиард теңге жұмсалды. Сондай-ақ Несие төлеуден түскен қаржы қайта қарызға беру арқылы бүгінге дейін отандастарымызға 135 миллиард берілген. Қазақстанда құрастырылған 30 мыңдай жеңіл көлік сатылды.

Енді валюта бағамына тоқталсақ, Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 420 теңге 65 тиынға бағалады. Еуро 505 теңге 03 тиынға тең. Ал Ресей рублі 5 теңге 64 тиын деп белгіленді.

Хабар 24 телеарнасы