Қазақстан мұнай өндіруді арттырады

ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлері кеше онлайн жүздесіп, мұнайды қай көлемде өндіру керектігін пысықтады. Осы орайда біздің энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мұнай мен мұнай өнімдеріне сұраныстың біртіндеп ұлғайып жатқанын атап өткен. Әйтпесе пандемия кезінде сұраныс азайған еді. Кездесу соңында келісімге қатысушы елдер мұнайды аз көлемде өндіру шешімін биылғы сәуірге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл ретте Қазақстан мен Ресей үшін жеке шарттар жасалды. Нәтижесінде екі ел аталған кезеңде өндірісті тәулігіне 20 және 130 мың баррельге дейін біртіндеп ұлғайта алады. Осылайша ОПЕК+ шеңберінде Қазақстан сәуір айында тәулігіне шамамен бір жарым миллион баррель мұнай өндіреді. Атап өтейік, осыдан соң бренд маркалы мұнай құны баррельіне 67 доллардан асты. Бұл жыл басынан бергі ең жоғарғы баға.

Елде электр энергиясы саласындағы ахуал мәз емес. Бұл бағытта нақты стратегия жоқ. Кешенді жоспардың болмауына энергокомпаниялар алаңдап отыр. Салдарынан саладағы инвестиция азайып барады. Энергетика министрлігінде 2014 жылдан бері саланы дамытатындай нақты іс жоспары жоқ. Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Ержан Құдайберген Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға осы мазмұнда сауал жолдады. Әрбір компания өз жолын өзі айқындап келеді. Шешімдер аяқ асты қабылданады. Инвесторлар тіпті бұл саланың келешегіне күмәнмен қарайды. Ел бойынша электр желілерінің 60, ал жылу жүйесінің 50 проценті, яғни тең жартысы тозған. Бұдан бөлек қараусыз қалған желілер көп. Салдарынан жыл басында Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында апат болып, көптеген аудан жарықсыз қалды. Одан соң бірізділік жоқ. Мәселен, бүгінде жарық үшін тарифті энергетика министрлігі, ал жылу құнын ұлттық экономика министрлігі бекітеді. Міне осыны бір жерден басқару керек, дейді депутаттар. Тарифтің ұзақмерзімді мемлекеттік саясатын әзірлеу керек. Ал ең бастысы, электр энергиясын дамытатын ұлттық жоба қажет.

Сенатор Дүйсенғазы Мусин Үкімет басшысына тиісті депутаттақ сауал жолдады. Проблема мынада. Ара ұялары мен сол араның өнімін өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Омарталар аз. Материалдық-техникалық база ескі. Ветеринарлық қызмет те бір жолға қойылмаған. Сенатордың айтуынша, 2019 жылы 2932 тонна бал өндіріліп, олардың 5 проценті ғана экспортталған. Саланы дамыту үшін не істемек керек? Әуелі жүйелі жоспар қажет. Одан соң кешенді зерттеулер жүргізу, селекциялық жұмысты жүйелеу, омарталар желісін құру маңызды. Сол сияқты марал шаруашылығы да тұралап тұр. Депутат осы 30 жыл ішінде шаруашылықтардағы жануарлардың саны екі есе қысқарғанын атап өтті. Сондықтан сенатор әзірленіп жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында марал өсіруге де мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетуді ұсынды.

Агросала деп қалдық. Осы тұста тақырыпты жалғай түсейін. Алдағы 5 жылда агро-өнеркәсіп кешенінде 380 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар. Оның 65 проценттен астамы ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын азайтуға бағытталған. Қалғаны экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік бермек. Атап айтсақ, жаңадан мал бордақылау алаңдары, жылыжайлар ашылады. Жыл сайын орта есеппен 80-ге жуық жобаны іске қосу жоспарланған. Әсіресе дәнді және майлы дақылдарды, жеміс пен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі жоба жүзеге асады.

Алда сегізінші наурыз. Вагон-вагон гүл сатылатын кез ғой. Әркім жақынына әсемдіктің белгісі болған осы бір гүлді тарту етеді. Ендеше бүгін нарықтағы баға айдарында бір дана қызғалдақ қанша тұратынын айтайық.

Сонымен қызғалдақтың бір данасы Шымкентте 400 теңге. Қарағандыда да баға Шымкенттегідей. Ал Петропавлда қызғалдақтың бағасы 500 теңгеден басталады. Талдықорғанда 600 теңге. Атырауда да осы баға. Көкшетауда қызғалдақ құны кемінде 400 теңге. Елордада 500 теңге. Алматыдан қызғалдақты 400 теңгеге алуға болады.

Ендігі кезек валюта бағамында. Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары осы күні 419 теңге 45 тиын болып тұр. Еуро 504 теңге 64 тиынға тең. Ал рубль 5 теңге 68 тиын.