БЖЗҚ-дан қаржы алуға рұқсат беру проблемалық несиені көбейтіп жіберуі мүмкін

Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін экспортқа тыйым салынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қымбатшылықтың алдын алуға азық-түлік корпорациясы да атсалысады.

Бағаның шарықтап кетуіне жол бермеу үшін Сауда және интеграция министрлігі тауар өндірушілерге қолдау жасаудың жаңа тәсілдерін енгізбек.

Тауық жұмыртқасының бағасын тұрақтандыру үшін азық-түлік корпорациясы құс фабрикаларына жемді арзан бағада жеткізіп береді. Ұн тартатын диірмен, наубайханаларға да бидайды белгіленген бағада сатады. Ал олар ұн мен нанның бағасын көтермеуге міндеттеледі. Сондай-ақ корпорация ел нарығына 2 мың тонна тазартылмаған сұйық майды жеткізетін болды. Ал сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шет елдерге экспортын шектеуге ниетті. Соның ішінде өзге елге төрт түлікті тірідей сатуға да тыйм салынуы мүмкін. Ал мемлекеттік көмекке келсек, министрлік мынадай ұсыныс айтты. Мәселен, қарақұмықты алайық. Оған берілетін субсидия егіс аумағына немесе өнімділігіне емес, отандық өңдеуші кәсіпорындарға өткізген тоннасына ғана беріледі. Ал өңдеуші кәсіпорындар Қазақстан нарығына тұрақты бағамен сатқан өнімі үшін субсидия алады. Осылайша тауар тұтынушыға қолжетімді болады.

Қарызды қайтармайтындар көбеюі мүмкін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаржы алуға рұқсат беру елде проблемалық несиені көбейтіп жіберуі мүмкін. Өйткені жинақта артық ақшасы бар азаматтар үй алу үшін оны алғашқы жарна ретінде пайдаланып, қалған соманы екінші деңгейлі банктерден қарызға алып жатыр. Кейін оны қайтара алмай қалуы ғажап емес. Мұндай болжамды әлем нарығын зерттеп отыратын S&P Global Ratings корпорациясының сарапшылары жасады. Мамандардың пайымынша, биыл елдегі екінші деңгейлі банктердің несиелік қоржыны 10 процентке өседі. Кейінгі жылдары бізде ұжымдық қарыздың үштен бірі қысқарды. Бірақ жеке тұлғалардың қарыз алуы 85 процентке көбейген.

Туризм саласына ₸164 млрд бөлінеді

Мәдениет және спорт министрлігі елдің туризм саласын дамытуға 164 миллиард теңге жұмсайды. 2025 жылға дейін қаржылық қолдауды тау шаңғы орталықтары, туристік нысандар және туристік опрераторлар алады. Соңғысына қойылатын шарт мынадай. Егер туристік компанияның шет елден шақырған қонағы Қазақстанда 5 күннен артық қыдырса, бір қонақ үшін туроператорға 15 мың теңге беріледі. Ал тау-шаңғы кешенін жабдықтаған кәсіпорындарға шығынның 25 проценті өтеледі. Сондай-ақ жол бойында қызмет көрсететін нысан салған кәсіпкерлерге шығынның 10 проценті қайтарылады. 

Қазақстан мен Қытай арасында жүк пойыздары қатынайды

Қазақстан мен Қытай арасында пойыз қатынайды. Теміржол тек жүк тасуға арналған. Ол Қытайдың оңтүстігіндегі Наньнин қаласынан елордаға дейін келеді. 49 контейнерге құрылыс материалдарын тиеген алғашқы құрам жолға шықты. 13 тәуліктен кейін Нұр-Сұлтан қаласына жетеді деп жоспарланған. Ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын теміржол «Қытай-Еуропа» бағатында жүк тасу мақсатымен ашылды. Жүк көліктері бұл екі қала арасында 45 күн жүретін еді. Мамандардың айтуынша, жаңа бағыт «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасының маңызын арттырады. Шығыстағы көршілер осы бағдарлама аясында Қытайдан Еуропаға тауарды тез жеткізіп, жолдың өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ниетті.

Еуроодақ Google компаниясына тергеу жүргізуі мүмкін

Еуропада америкалық Google компаниясының жарнама жасау бизнесіне қатысты тергеу басталуы мүмкін. Бұл туралы Еурокомиссияның бәсекелестік бойынша өкілі мәлімдеді. Олар жарнама нарығында Google алаяқтық жасайды деп күдіктенеді. Бұған дейін дәл осы мәселе бойынша Ұлыбритания Google-ді тергеуді бастап кеткен. 2019 жылы Еуроодақ ай-ти алпауытқа қатысты үш рет тергеу жүргізіп, 9 миллиард доллар айыппұл салған еді. Ол кезде жарнама жүргізу, іздеу сынды жүйелерде заңның бұзғаны анықталған. Еурокомиссия өкілдері жарнама нарығында әділ бәсекелестікті сақтау үшін қолдан келгенін жасайтынын айтып отыр.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 418 теңге 64 тиынға бағалады. Еуро 498 теңге 89 тиынға тең. Ал Ресей рублі 5 теңге 68 тиын деп белгіленді.