Мұнайдың арзандауы теңгеге кері әсер етті

Доллар қымбаттап жатыр. Салдарынан өткен жұмада ұлттық валютамыз екі теңгеге арзандады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теңгенің тағдырына тағы не әсер етуі мүмкін?

Мұнай құнының құбылуы да төл валютамызға әсерін беріп жатыр.

Өткен аптада мұнай құны 9%-ке құлдырап кетті. Нақтылар болсам, Brent маркалы өнім ақпаннан бері алғаш рет барреліне 62 доллардан төмендеген. Баға әлі де құбылып тұр. Бұған Кәрі құрлықтағы қауіпті індеттің үшінші толқыны, сондай-ақ жаңа локдаун мен вакциналаудың баяу жүруі себеп болған. Мысалы, Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, бағаның түсуі алдағы уақытта қарқын алмайды. Күзге қарай ОПЕК + қатысушылары қара алтын өндірісін тәулігіне үш миллион баррельге дейін жеткізуі мүмкін. Яғни дамушы елдердің валюталарын нығайтуға мүмкіндік бар. Теңгенің де келешегінен үміттіміз. Дегенмен, қазіргі көрсеткіш мәз емес. Ұлттық банктің департамент директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, доллардың күрт нығаюы теңгенің әлсіреуіне алып келген. Қаржылық реттеу және дамыту агенттігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Ұлттық банк теңгенің шектен тыс ауытқуын тежеу үшін шаралар қабылдауға дайын деді. Сондай-ақ мұнайдың арзандауы да төл валютамыздың құнын түсіргенін атап өтті.

***

Түрік лирасы әлсіреп кетті

Түрік лирасы да әлсіреді. Валюта құны долларға шаққанда 15%-ке, рекордтық деңгейде құлдыраған. Бұған мемлекет басшысы Режеп Тайып Эрдоганның орталық банк төрағасын ауыстыру туралы шешімі әсер етті. Бұл төраға былтыр ғана тағайындалған болатын. Түркияның орталық банкі елдегі инфляциямен күрес мақсатында базалық мөлшерлемені 19%-ке дейін көтеріп жіберген. Былтыр ұлттық валютаны қолдау үшін Түркия билігі қордан 100 млрд доллар бөлген.

***

Saudi Aramco-ның табысы екі есе азайды

Әлемдегі ең алып мұнай өндіруші былтыр 49 млрд доллар пайда тауыпты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе аз көрсеткіш. Коронадағдарыс титықтатса да, Сауд Аравиялық Saudi Aramco тұрақты қаржылық жағдайды сақтай алған компаниялар қатарында. Күрделі ахуалға қарамастан, акционерлер жылына 75 млрд доллар көлеміндегі дивидендтерін алады деген сенім бар. Бұл туралы өндіріс орнының жылдық есебінде айтылған. Биыл шығындарды 45 млрд доллардан 35 млрд долларға дейін қысқарту көзделіп отыр. Компания басшылығы пандемия аясында мұнайға деген сұраныстың азайып кетуі жағдайды күрделендіріп жібергенін мойындады.

***

Азық-түлік инфляциясы өсіп жатыр

Елімізде азық-түлік инфляциясы өсіп, өткен айда 11,6%-ке жеткен. Былтырдан бері күнбағыс майы, жұмыртқа, қант бағасы айтарлықтай қымбаттады. Ұлттық банк сарапшылары бұған әлемдік нарықтағы ахуалды желеу етеді. Ал азық-түлік емес инфляция 5,2%-ке дейін баяулады. Дәрі-дәрмек құны бір қалыпта. Дегенмен, киім-кешек, аяқ киім және құрылыс материалдары қымбаттаған. Ал жылдық инфляция 7,4% деңгейінде сақталды.

Бүгін біз жылқы етінің бағасына шолу жасап көрдік. «Нарықтағы баға» айдарына зер салыңыз.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Бір келі жылқы етін Керекуден 2100 тг аласыз, Қостанайдағы баға 2300 тг барады. Елордадан да 2300 тг аласыз. Ақтөбеде 2400 тг. Жылқының етін Қызылордадан 2500 тг алуға болады. Ал Алматыдағы баға 2500 тг басталады.

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 421,29 теңге, еуро 500,96 теңге, Ресей рублі 5,69 теңге