Биткоин аламын деп алданып қалмаңыз!

Алаяқтар қазақстандықтардың танымал криптовалютаға деген қызығушылығын пайдаланып жүр.

Олар түрлі тәсілдермен адамдарды арбауға тырысып, ақшасын жымқыруды көздейді. Халық қаржылық сауатының төмендігінен алаяқтардың құрбаны болып, қаржысынан айырылады дейді сарапшылар. Сондай-ақ олар цифрлық нарыққа инвестициялау әрқашан тәуекелге барумен тең екенін ескертеді.

Ең алдымен саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеп алу керек. Өйткені ашық ақпарат өте көп. Бұл тек криптовалюталарға ғана емес, жалпы инвестициялар мен ірі саудаға да қатысты.

Биткоиндерді қайда сақтайды?

Қазақстанда криптовалюта төлем құралы ретінде қолданылмайды. Бірақ адамдар оны бәрібір сатады және сатып алады. Блокчейн технологиясын әзірлеушілер мен пайдаланушылар қауымдастығының вице-президенті Арман Қонушпаев айтуынша, қазақстандықтар цифрлық активтерді үш тәсілмен сатып ала алады. Бірінші, мессенджерлер арқылы. Мысалы, арнайы чатта біреу биткоиндерді сатуға немесе сатып алуға дайын екенін айтып, хабарлама жазады. Кейін қос тарап өзара келісіп, биткоиннің бағасын анықтап, сауда жасайды. Сондай-ақ мұндай операцияларды елдің бірнеше айырбастау пункттері жүргізеді. Арман Конушпаевтың айтуынша, олардың күнделікті айналымы шамамен 100 мың долларды құрайды. Биткоиндерді сатып алу-сатудың үшінші тәсілі – бұл мамандандырылған биржада тіркелу. Айта кетейік, бұл биткоин алудың ең қауіпсіз. Жолы болып есептеледі. Сарапшы криптовалюта сатып алғанда ең бастысы оны қайда сақтау керектігін түсіну маңызды екенін айтады. Әсіресе, электронды әмиянды жүктегенде абай болуға шақырады.

Арман Конушпаев, «Blockchainkz» блокчейн технологияларын әзірлеушілер мен пайдаланушылар қауымдастығының вице-президенті:

- Адамдар білместіктен биткоинға арналмаған басқа әмиянды жүктеп алады. Кейін фишингтің, яғни интернет алаяқтықтың құрбаны болып, ақшасынан айырылып қалады. Сондықтан ресми дереккөздерді қарап, ресми әмияндарды жүктеу керек және олар кастодиалдық болмауы тиіс. Әмияндардың екі түрі бар. Кастодиалдық және кастодиалдық емес. Егер кастодиалдық емес болса, электронды ақшаңыздың жеке кілтін өзіңізде сақтайсыз. Ал кастодиалдық болса, кілтті басқа адамда сақтайсыз. Мұндай әмиянды алаяқтар бұзып, криптовалютаңызды қолды қылуы да мүмкін.

Елімізде криптовалютаға қызығушылық артты

Криптовалютаға жүз доллардан бастап биржа арқылы инвестициялауға болады. Көпшілік криптовалютаны толығымен сатып алудың қажеті жоқ екенін білмейді дейді бизнесті дамыту жөніндегі бас менеджер Гимран Абдрахманов. Оның компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Олар цифрлық активтерді басқарумен айналысады. Яғни клиент үшін трейдерлер кәсіби сауда жүргізеді. Сарапшының сөзінше, биткоин – құбылмалы сандық валюта. Оның бағасы тәулік бойы өзгеріп отырады. Дәстүрлі сауда нарығының ашылу және жабылу уақыты болса, цифрлық активтерде ондай жоқ. Криптовалюта нарығы күні-түні жұмыс істейді. Биткоин саудасын қиындататын да осы дейді сала маманы. Биткоиндерді өндіру бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан төртінші орында екенін атап өткен жөн. Еліміздегі электр қуатына тарифтердің төмен болуы, криптовалюта майнинерлерін тартады. Қазір биткоин дамудың 4 кезеңінен өтіп, әлемдік ақша деңгейіне жетті. Яғни ол құн өлшемін анықтау, айналым және төлем құралы сатысынан өтіп, енді жинақ құралына айналды. Елімізде де биткоинға қызығушылық артты. Мамандар мұны криптовалютаның соңғы жылдары күрт қымбаттауымен байланыстырады. Оған АҚШ-тың үлкен ойыншыларының биткоинға инвестиция құюы себеп болған.

Гимран Абдрахманов, АХҚО-дағы QuantDART компаниясының бизнесті дамыту бойынша бас менеджері:

- Қазір нарықтағы қарапайым қаржы құралдары да биткоинға байлананған. Бұл криптовалютаға сұранысты арттырды. Сәйкесінше, оның бағасы да өсті. Бұған қоса әлемдегі биткоин саны шектеулі. Барлығы – 21 миллион. Бүгінгі таңда оның 80% өндірілген. Ал соңғы биткоин 2151 жылы майнинг арқылы алынады деген болжам бар.

VISA пайдаланушылары криптовалютамен есептесе алады

Visa криптовалютада транзакциялар жүргізе бастады. Осылайша ол электронды ақшаны айналымға енгізген алғашқы ірі төлем жүйесі болды. Бұған дейін пайдаланушылар кәдімгі ақшамен ғана операция жасай алатын еді деп хабарлайды РБК. Криптовалюта төлемдері цифрлық ақша алмасу платформасымен ынтымақтастық болған жағдайда жүзеге асырылады. Компания өз серіктестері үшін жыл соңына дейін осындай мүмкіндікті қолжетімді етеді деп жоспарланған.

Мұнай бағасы төмендей бастады

Суэц каналының қайта ашылуы туралы ақпараттан кейін мұнай арзандады. Brent маркалы мамыр фьючерстері барреліне 64 долларды құрады. Нью-Йорк тауар биржасындағы WTI маркасының бағасы 60 долларға дейін төмендеді.

Айта кету керек, қара алтынның әлемдік құны Суэц каналындағы қозғалыс жанданғаны туралы жаңалықтардан кейін 2% төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, қазір нарықтағы жағдай тұрақталып келеді. Ал барлық назар енді вакциналауға ауады.

Ұлттық банктің хабарлауынша, доллар – 423 теңге 65 тиын, еуро – 498 теңге 81 тиын, рубль – 5 теңге 58 тиын.