Еліміздегі энергетиктер ТМД аумағындағы ең төменгі жалақы алады

Еліміздегі энергетиктер ТМД аумағындағы ең төменгі жалақыны алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салалық кәсіподақ төрағасы Оразбек Бекбастың айтуынша, еңбекақы мәселесі 20 жылдан бері шешілмей келеді. Оның кесірі қандай?

Жалақының аздығы мамандардың басқа салаға кетуіне алып келген. Енді энергетикалық станциялар жабылып қалуы бек мүмкін.

Еліміздегі энергетиктер жиырма жыл бойы бір жалақыны алып келген. Салалық кәсіподақ төрағасы Оразбек Бекбастың айтуынша, білікті мамандарды ұстап қалуға қауқар жоқ. Өйткені көбі жалақысы жоғарырақ салаға, тіпті басқа мемлекеттерге кетіп жатыр. Бүгінде Беларусьтегі энергетиктер бізден 21%-ке, Қырғызстанда 44%-ке көбірек еңбекақы алады екен. Оның үстіне негізгі қорлар 60%-ке ескірген. «Мамандар тұрақтамайтын болса, станциялар тоқтап қалуы әбден мүмкін», - дейді. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, жылу энергетикасы мамандықтарына түсетін талапкерлер саны жыл сайын азайып келеді. Кәсіпорындар зейнеткерлік жасқа жеткен мамандарды ұстауға мәжбүр.

***

Электр энергиясы 15%-ке қымбаттайды

1 сәуірден бастап жылу-электр бағасы 15%-ке қымбаттайды. Оларды жаңғырту осылай қаржыландырылмақ. Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимовтың айтуынша, алты ай бұрын елдегі 45 энергия өндіруші ұйымның 37-сі шекті тарифтерді 36%-ке дейін өсіруді сұраған. Жүргізілген жұмыстар мен талқылаулардың нәтижесінде тек 15%-ке арттыру шешімі қабылданды. Еліміздегі энергетикалық активтер 53%-ке тозған. Қаржы тапшылығынан сапалы жөндеу жұмыстарына қолжеткізу мүмкін болмай тұр. Апаттар мен технологиялық өшірулер 11%-ке көбейген. Былтыр оның саны 4,5 мыңға жуықтады. Шекті тарифтерді уақтылы түзету оларды жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізуге көмектеседі. Оған қоса, 23 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік туады деген болжам бар.

***

Дизель отыны қайта импортталады

Елімізде дизель отынын импорттауға салынған тыйым 1 сәуірде алынады. Үкімет шектеу мерзімін ұзартпауға бел буды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Былтыр шектеу мерзімі бірнеше рет ұзартылған болатын. Төтенше жағдай кезінде елде өнімге деген сұраныс азайды. Ал импорт қоймалардың толып кетуіне алып келеді деген күдік болды. Яғни мұнай өңдеуді азайтуға мәжбүр болар ек. Өткен жылы елімізде 4 млн 640 мың тонна дизель отыны өндірілді. 580 мың тонна өнім сырттан әкелінді. Биыл өндіріс көлемін 5 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

***

Халықаралық рейтинг агенттігіне айыппұл салынды

Еуроодақ Еуропалық бағалы қағаздар және нарық жөніндегі агенттігі Moody's-ке 4,3 млн доллар айыппұл салды. Оған мүдделер қақтығысын реттеу ережелерін бұзды деген айып тағылған. Осылайша, Франция, Германия, Италия, Испания және Ұлыбританиядағы халықаралық рейтинг агенттігі топтарына жалпы алғанда 3 млн 700 мың еуро айыппұл салынды. Әсіресе, ағылшындардың қалтасы қағылатын түрі бар. Белгілі болғандай, Moody's мүдделер қақтығысы туралы уақтылы хабарламаған. Сонымен қатар Директорлар кеңесінің мүшесі болып табылатын мекемелерге рейтинг беріп келген. «Бұл да ережеге қайшы», -дейді мамандар.

***

Hyundai Оңтүстік Кореядағы зауыттарының бірін уақытша жаппақ

Ал  Hyundai компаниясы Оңтүстік Кореядағы зауыттарының бірін уақытша жаппақ. Электрондық чиптердің жетіспеуі жағдайды ушықтырып отыр. Сөйтіп, сәуірдің екінші аптасында жылына 311 мың көлік шығарып келген кәсіпорын жұмысы тоқтай тұрады. Ульсандағы зауытта спорттық жол талғамайтын көлік пен электрокарлар шығарылатын. Енді өндіріс 12,5 мың бірлікке қысқаруы мүмкін. Бұған дейін Volkswagen, Honda, Toyota, Ford сынды ірі концерндер дәл осындай қиындықтарға тап болған еді. Чиптердің ең тапшы бұйымға айналуына пандемия және компьютерлік техникаға сұраныстың артуы себеп болған.

***

Енді валюта бағамына тоқталайын. Доллар 424.34 теңге, еуро 498.13 теңге, Ресей рублі 5.59 теңге.