423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жазда тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін

  • 877
  • UPD: 10:37, 02.04.2021

Бұл жөнінде Қазақстан риелторлар қауымдастығы мәлімдеді.

Олардың айтуынша, қазіргі қымбатшылық зейнетақы төлемдеріне байланысты қалыптасып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрине, басқа да себептер бар. Бірақ негізгі фактор – осы.

Қазақстандық риелторлар жылжымайтын мүлік нарығындағы баға арзандайтынын алға тартты. Әсіресе, бірер айдан кейін көрсеткіш 10 процентке төмендеуі мүмкін. Өйткені, бірте-бірте зейнетақы төлемдеріне қатысты қарбалас басылады. Бағаның күрт көтерілуі осыған байланысты пайда болды дейді мамандар. Өйткені баспанаға деген сұраныс артты. Әсіресе, қолданыстағы үйлердің қожайындары бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысты. Бірақ күзге қарай үй бағалары қайта қымбаттайды деген де болжам бар. Бұл жолы көрсеткіш 5 проценке жетеді және аталмыш тенденция жыл соңына дейін сақталады дейді риелторлар. Ал сарапшылар болса, баспана арзандайды деген пікірмен мүлде келіспей отыр.

Қазақстанда темекі қымбаттайды

Қазақстанда темекі акцизінің бағасы өседі. Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Оған сәйкес, енді елімізде темекі қымбаттайды. «Мемлекет басшысы «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», - делінген хабарламада. Келісім 2024 жылдан бастап индикатив мөлшерлеме мен одан ауытқу диапазонын қолдануды қарастырады. Ол әр бес жыл сайын белгіленеді. 2024 жылы темекінің индикатив бағамы1000 дана үшін 35 еуро болып белгіленді. Ұлттық банк мәліметінше, еуроның 2 сәуірдегі ресми бағамы – 501 теңге 15 тиын. 2024 жылы қанша болатыны белгісіз, бірақ қазіргі бағаммен есептесек, 1000 шылым шамамен 17 мың 500 теңге болады.

42 500 теңге тағы да төлене ме?

Карантинге байланысты 42 500 теңге тағы төлене ме? Бұл сауал қазір әлеуметтік желілерде көтеріліп, қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты, құзырлы министрлік ресми жауап берді. «Қазақстан өңірлерінде жекелеген қызмет түрлеріне және қысқа мерзімге, негізінен демалыс күндеріне шектеу шаралары енгізілді. Бүгінде бизнесті қолдау ретінде жеңілдіктер, оның ішінде салық және өзге де есептілікті тапсыру, қызметті тексеруге мораторий бар. Осыған байланысты 42 500 теңге төлемді қайта бастау туралы мәселе қаралмайды», – деді министрлік өкілі. Оның айтуынша, төтенше жағдай режимі мен карантин кезінде табысынан айырылған тұрғындарға 42 500 теңге төленді. Жалпы сомасы 476 миллиард теңгені 4 миллион 600 мың адам алды.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау

Елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жалғасын тапты. «Жасыл экономиканы» қолдау коалициясы жылдағы дәстүр бойынша алдымен нәзік жандыларды оқытып, кейін олардың жобаларына қаржылай көмектеспек. Ең алғаш болып Ақмола, Қарағанды,Қостанай өңірінің тұрғындары онлайн-семинарға қатысады. Әсіресе, облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерді қамтуға ерекше басымдық беріліп отыр. Арнайы курстар бүгін басталады. Осылай кезең-кезеңмен күзге дейін мыңдаған әйелдің кәсіпкерлік сауатын арттыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2012 жылдан бері дәл осылай 35 мыңнан аса адам оқытырып, оның 4 мыңға жуығы өз жобаларын ұсынды. Нәтижесінде, жаңа кәсіпкерлік нысандары мен қосымша жұмыс орындары пайда болды.

1 трлн доллар экономикаға бағытталады

Сауд Арабияның ірі команиялары дивиденд қаржыларын үнемдеп, оны ел экономикасына бағыттамақ. Бастаманы елдегі 24 компания қолдаған. Олар алдағы 10 жыл көлемінде дәл осылай 1 триллион доллардан аса қаржыны корольдік экономикасын дамытуға жұмсайды. Яғни, бұл қаржы жергілікіт тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және жалпы ішкі өнімді арттыруға қарастырылған. Бұған қоса, жаңа жұмыс орындары көбейетініне сенімді мамандар.

Доллар 426 теңге 91 тиын, еуро 501 теңге 15 тиын, ал, Ресей рублі 5 теңге 62 тиын.

Хабар 24 телеарнасы