«Қара тізімге» енгендердің қайтадан несие алу мүмкіндігі бар

Несие тарихын жақсартудың жаңа механизмі жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бастама «қара тізімге» іліккендерге қатысты. Яғни, олар бұдан былай өз олқылығын базадан жойып, жаңа кредит алуға мүмкіндігі бар.

Несие тарихы нашар азаматтарға тағы бір мүмкіндік беріліп отыр. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі мәлімдеді. Бастама 8 сәуірден бастап жүзеге асады. Оған сәйкес, қайтару мерзімі 90 күннен асқан кредиттер «қалыпқа келтірілді» деген мәртебе алады. Ол үшін несие жабылған кейін 12 ай өтуі керек және осы аралықта басқа проблемалы қарыздар болмауы тиіс. Арнайы құжаттардың қажеті жоқ. Кредиттік бюро мәселені өздігінен реттейді деді агенттік өкілі. Бұған дейін, «қара тізімге» іліккен азаматтар тәуекелі жоғары деген санатқа жататын және оларға ешқандай несие берілмейтін. Ал қарызын әлі төлеп бітпегендер үшін сотқа дейінгі реттеудің жаңа жолдары қарастырылды. Яғни екінші деңгейлі банктер әр адамның төлем қабілетін бағамдап, оны жабуға мүмкіндік беретін кесте жасайды. Басқаша айтқанда, жүктемені барынша оңатайлы жеңілдету керек деді арнайы маман. 

Мұнай саудасынан пайда қандай?

Қазақстан мұнай саудасынан биыл 6 миллирд доллар пайда табады. Отандық сарапшылар қара алтын өндірісінің артуына байланысты кіріс көлемін есептеді. Бұл ақпарат ОПЕК+ ұйымының соңғы келісімінен кейін шықты. Оған сәйкес, мұнай бағасы барреліне 60 доллар болғанда мамыр айында күніне қосымша бір жарым миллион доллар кіріс кіреді. Ал 3 айда табыс көлемі шамамен 2 миллиардқа жуықтайды. Егер оны бір жылға шақсақ, көрсеткіш 3 есе өседі дейді Абзал Нарымбетов. Қазақстандық сарапшы бұл жөнінде Oil&Gaz Analytics телеграмм-каналында хабарлады. Айта кету керек, өткен жылы біздің ел белгіленген мұнайды асыра шығарған еді. Енді оның орнын жабу үшін шілде мен қыркүйек аралығында өндіріс көлемін сәл азайту керек дейді маман.

Колледждер бағдарламасы жетілдірілді

Жүзден аса колледж бағдарламасы халықаралық талапқа сай жетілдірілді. Осы мақсатта 500-ге жуық әдістеме дайындалды. Бұл жөнінде Білімі және ғылым министрлігі жанындағы үйлестіруші мекеменің вице-президенті Санжар Тәттібеков мәлімдеді. Жаңа бағдарламалар жұмысшы мамандықтардың халықаралық және әлемдік чемпионаттары негізінде қалыптасқан.

Айта кетейік, Қазақстан – 2014 жылдан бері WorldSkills қозғалысының белсенді мүшесі. Сәйкесінше, студенттеріміз жұмысшы мамандардың жарыстарына тұрақты қатысып, біліктіліктерін жетілдіріп жүр. Енді осы тәжірибені еліміздегі басқа студенттер де қолдана алады. Бастама сапалы мамандар даярлауға және жұмысшы мамандапрдың мәртебесін арттыруға көмектесетініне сенімді басы-қасындағылар.

Жүк тасымалының баламалы жолдары

Теңіз жолдарын темір жолдар ауыстыру мүмкін. Суэц каналындағы жағдайдан кейін сала мамандары жүк тасымалының баламасын іздей бастады. Осы тұрғыда темір жолдар, оның ішінде еуразиялық экономикалық одақ елдері арқылы өтетін темір жолдардың маңызы ерекше. Бұл жөнінде Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жерде уақытты әлдейқайда үнемдеуге болады. Мысалы, Орталық Қытай мен Батыс Еуропа арасында пойыздар ары кетсе 15 тәулік жүреді. Ал контейнер тасымалдаушы кемелер бір айдан аса уақыт қатынайды. Халықаралық қаржы ұйымының басшысы темір жол мүмкіндігін көбі жоғары бағалап отыр дейді. Оған дәлел соңғы жылдары Еуразиялық экономикалық елдері арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі еселеп артқан.

Николай Подгузов, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы:

– Еуразиялық экономикалық одақ елдері бұл тасымалдарға тікелей қатысады. Тіпті айтарлықтай пайда да табады. Оған өткен жылғы көрсеткіштер дәлел. 2020 жылғы дағдарысқа қарамастан Қытай мен Еуропа арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ елдері арқылы өтетін тауар айналымы 64 процентке өсті.

Мұнай бағасын қымбаттатты

Азия елдері үшін мұнай бағасы қымбат болады. Saudi Aramco компаниясы мамыр айындағы қара алтын құнын жариялады. Оған сәйкес, Азия құрлығы үшін белгіленген көрсеткіш басқалармен алыстырғанда 40 центке жоғары. Ал еуропалық тұтынушылар оны 20 центке арзан сатып алады. Америка үшін де төмен баға белгінеді. Үнем көлемі шамамен 10 центті құрайды. Сарапшылар мұны ішкі нарықтың қалпына келуімен түсіндіріп отыр. Яғни Еуропа мен АҚШ-та бұл процесс өте баяу жүріп жатыр. Ал Азия елдерінде қалыпқа келді және мұнайға деген сұраныс та арта түсті.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Бүгін доллар 426 теңге 84 тиын, еуро 502 теңге 69 тиын, ал, Ресей рублі 5 теңге 60 тиынға тең.