433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнеске жеңілдік жасалады

  • 325
  • UPD: 11:21, 08.04.2021

Шағын және орта бизнес қатты шығынға батты. Енді оны оңалту керек. Ол үшін елде бірқатар шара қабылданды. Сонымен бизнес өкілдеріне қандай жеңілдіқ жасалмақ?

Кәсіпкерлерге жеңілдік жасалады

Биылғы 1 сәуір мен 1 шілде аралығында шағын және орта бизнес иелері барлық салық пен төлемдерден босатылады. Елдегі іскерлік белсенділікті арттыру үшін осындай шешім қабылданды. Әлгі жеңілдікке ұзын ырғасы 500 мыңдай кәсіпкер ие болады. Бизнес өкілдерін салықтан және өзгеде төлемнен босатқан кезде бюджетке 67 миллиард теңге түспейді. Тағы бір жеңілдік – шағын және орта бизнесте жүргендер банктен алған несиелерін кейін төлей алады. Сонымен қатар елде салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлі түрде өндіру тоқтатылады. Мұның бәрі – елде бизнесті оңалту үшін жасалып отырған қадам.

Экономика қашан оңалуы мүмкін?

Дүниежүзілік банктің зерттеуінше, Шығыс Азия және Тынық мұхит аймағындағы елдердің экономикасы 2020 жылы 0,9 процентке баяулаған. «Егемен Қазақстанның» мәліметінше, Қытай мен Вьетнам коронавирус инфекциясын қатаң бақылауда ұстап, темірдей тәртіп орнатудың нәтижесінде олардың ішкі жалпы өнімі 2 және 2,8 процентке өскен. Өндірістерді тез арада қайта іске қосу және экономиканы мемлекеттік инвестиция арқылы ынталандыру ел экономикасын оңалтқан. Ал аталған аймақтың экономикалық өсімі биыл 7,4 процентке жетпек. Вакциналаудың тиімді болуы да бизнеске оң әсерін тигізері анық. Ал Орталық Азия елдерінде биыл экономикалық өсімнің қалпына келу деңгейі 3 процентті құрайды деген болжам бар. Бірінші кезекте «Бір белдеу – бір жол» аталатын ірі халықаралық бастаманың жүзеге асуымен Орталық Азияда шикізат бағасы мен тікелей шетелдік инвестициялар есебінде өсім болуы мүмкін.

Мұнай арзандады

Биылғы екі айда елде 11 миллиард 600 миллион тонна мұнай өндірілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 13,2 процентке төмен. Жалпы әлемде мұнай өндіру көлемі ОПЕК+ келісімі аясында қысқарды. Сарапшылардың пікірінше, аталған көрсеткіш көп ұзамай жоғарылауы мүмкін. Мәселен 1 сәуірде ОПЕК+ елдері мамыр және маусым айларында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 350 мың баррельге, ал шілдеде тәулігіне 450 мың баррельге өсіруге келісті. Өңірлік деңгейде екі айда ең көп мұнай Атырау облысында өндірілген. 7 жарым миллион тонна. Дегенмен бұл өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 16 процентке аз. Мұнай өндіруден үздіктер «үштігіне» Маңғыстау және Ақтөбе облыстары кірді. Жалпы алғанда, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елдегі компаниялар мұнай өндіру көлемін 7,1 процентке яғни 73 миллион тоннаға қысқартқан.

Теңге неге әлсіреді?

Себебін Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов айтып берді. Кешегі биржалық сауда-саттықта ұлттық валюта сәуірдің алтысындағы орташа бағамнан 0,37 процентке әлсіреді. Сөйтіп, АҚШ-тың бір доллары 430-дан асып кетті. Жалпы 30 наурыз бен 7 сәуір аралығында ұлттық валютаның бағамы 6,8 теңгеге немесе 1,6 процентке төмендеді. Бұған не себеп? Негізгі факторлардың бірі – мұнай бағасының арзандауы. Өткен аптаның басынан бері Brent маркалы мұнай құны 4,1 процентке төмендеді. Еуропаның бірқатар елінде карантиндік шектеулер күшейіп тұрғандықтан, мұнай нарығында сұраныс азайды. Мәселен, Германияда, Австрияда және Францияда эпидемиологиялық жағдай қазір күрделі. Сайып келгенде қара алтын құны арзандады. Сөйтіп, ол теңгеге әсер етті.

Сонымен Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 430 теңге 77 тиын болып тұр. Еуро 511 теңге 93 тиынға тең. Ал рубль 5 теңге 55 тиын.

Хабар 24 телеарнасы