Биыл экономикада өсім бола ма?

Сарапшылар не дейді? Елде ұн өндірісі 5%-ке азайды. Себеп не?

Биылғы қаңтар мен ақпан айларында ел бойынша 516,5 мың тонна ұн өндірілген. Бірақ бұл көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда аздау.

Бұқтырмадағы көпір құрылысы қашан аяқталады?

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы 3 жылда аяқталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыстағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынатыны белгілі. Биыл құрылысқа республикалық бюджеттен 700 млн, облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар республикалық қазынадан тағы бес миллиард теңге бөлу үшін өтініш берілген. Қазіргі уақытта көпір құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ең алдымен жағалау тіректерін орнату қажет. Жоспар бойынша тірек саны төртеу болады. Негізгі жұмыстар кезінде қолданысқа уақытша көпір салынбақ. Көпір құрылысының жалпы құны – 30 млрд теңге.

Елімізде ұн өндірісі азайды

Биылғы қыста елде ұн өндірісі 5%-ке азайды. Қаңтар мен ақпан айларында ел бойынша 516,5 мың тонна ұн өндірілген. Бірақ бұл көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда аздау. Көш басында әдеттегідей Қостанай өңірі. Аталған аймақта қаңтар, ақпанда 159 мың тонна ұн шығарылған. Көшбасшы үштікке Шымкент пен Қарағанды облысы кірді. Ұн аз өндірілсе де, біздегі компаниялар ішкі сұранысты толық қамтамасыз еткен. Сонда бұл сұраныстың азайғаны ғой. Экспорт та қысқарған. Бір жылда сыртқа ныраққа өнім шығару шамамен 44%-тен 40%-ке кеміген. Компаниялар өзге елдерге 85 мың тонна ұн сатқан. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16%-ке төмен. Бізден ұнды көп алатын мемелекет – Ауғанстан. Тек қаңтардың өзінде ауған елі бізден 17,5 миллион долларға 60 мың тонна өнім импорттаған. Қалған ұнымыз ТМД елдеріне кетті. Бизнес өкілдері айтады. Жалпы экспорт соңғы 10 жылда былайша үлкен көлемде кемімеген. Енді не болды? Сөйтсек, кәсіпкерлер айтады. Қазір тасымалдау кезіндегі төлемнің тарифі жоғары. Шығын көп. Сондықтан бизнес өкілдері: «біздегі ұн өндіретін бірқатар кәсіпорын банкрот болған яки жабылудың алдында тұр», дейді. Енді баға. Жоғары сұрыпты ұнның келісі өткен наурызда елдің дүкен, базарларында 244 теңгеден сатылған. Бірінші сұрпы 179 теңге болды. Жылдық есеп бойынша жоғары сұрыпты ұн шамамен 19,5, ал бірінші сұрпы 4,5%-ке қымбаттаған. Ал, осы айда ұнның бағасы 300 теңгеден асып кетті. Ең қымбат баға елордада. Бас қалада ұнның келісі 325 теңге.

Тұқымды субсидиялауға қосымша қаражат бөлінуі мүмкін

Тұқым субсидиясына тағы 4 миллиард 700 миллион теңге бөлініп қалуы ықтимал. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігіне республикалық бюджеттен тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға әлгіндей соманы сұраған. Оның ішінде бірегей тұқымдарды субсидиялауға 157 млн теңге көлемінде қосымша бюджеттік өтінім жіберген. Осылайша, республика бойынша бірегей тұқымдарды субсидиялауды қаржыландыру шамамен бір жарым есеге ұлғаймақ. Ал, жалпы биыл облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқымды субсидиялауға 11 миллиард 800 миллион теңге, оның ішінде бірегей тұқымдарды субсидиялауға 212 млн. теңге бөлу көзделген.

Сарапшылар: Экономикада өсім болады

Былтыр әлемдік экономика 4,3%-ке төмендеді. Мұндай күрделі ахуал Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған. Ал, биыл ше? «Биыл әлемдік экономикада өсім болады», - дейді сарапшылар. Егемен Қазақстан осындай дерек келтірген. Былтырғыдай ауыр дағдарыстан соң қайтадан шарықтау болады. Бірақ кедергілер бар. Сонда не кедергі? Біздің кәсіпкерлер бизнеске кері әсер ететін басты фактор ретінде валюта курсының құбылуын атаған екен. Одан кейінгі орындарда пандемия және денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс. Экономикалық өсімге қатысты нақтылықтың болмауы. Білікті кадрлар тапшылығы. Жалған ақпарат. Сонымен қатар кибершабуылдар мен сауда барысындағы келіспеушіліктер. Осының бәрі сайып келгенде бизнеске кедергі.

***

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін АҚШ валютасы тағы өсті. Доллар 432 теңге 94 тиын болып тұр. Еуро 513 теңге 68 тиынға тең. Ал, рубль 5 теңге 62 тиын.