Кәсіпкерлерге несие төлемдерін шегеру мүмкіндігі берілді

Қалыптасқан жағдайға байланысты бизнес өкілдеріне кезекті рет осындай мүмкіндік беріліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Короновирусқа қатысты жағдай кәсіпкерлерді тағы да тығырыққа тіреді. Қазір карантиндік шектеулердің кесірінен көптеген бизнес өкілі өз ісін тұралатып, қыруар шығынға батып жатыр. Осыған байланысты оларға несие төлемдерін шегеру мүмкіндігі берілді. Бұл мүмкіндікті шағын бизнес субектілері мен жеке кәсіпкерлер қолдана алады. Шегерім мерзімі – 3 ай. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Бір ескерері – төлемді уақытша тоқтату 1 сәуірге дейін рәсімделген несиелерге ғана жүреді. Ол үшін кәсіпкер 30 маусымға дейін екінші деңгейлі банкке не микроқаржылық ұйымға өтішін беруі тиіс. «Жеңілдік, әсіресе, қатты зардап шеккен салаларға жасалады», делінген хабарламада. Бұл санатқа бизнестің 346 түрі кіреді. Айта кетейік, төлемдерді кейінге шегеру қарыз алушының несие тарихына еш әсер етпейді.

***

Банктер несие беруді азайтты

Банктер несие беруді азайтты. Соңғы көрсеткіштер бойынша бір айда оның көлемі 0,3%-ке төмендеп, ақпанның соңында жалпы сомасы 14 млрд 552 млн теңгені құрады. Оның 7 миллиарды заңды тұлғаларға берілген. Мөлшер салыстармалы түрде 0,1%-ке аз. Ал, жеке тұлғаларға берілген несиесінің көлемі 0,4%-ке төмен. Бұл жөнінде Naryk.kz сайты хабарлайды. Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 0,7%-ке азайса, қысқа мерзімділері, керісінше, 1,9%-ке ұлғайды. Салалар бойынша бөлгенде кредиттердің елеулі бөлігі өнеркәсіп, сауда, құрылыс және көлік салаларына берілген. Енді үстемақысына қатысты, осы аралықта заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттердің орташа сыйақысы 11,5%, ал жеке тұлғаларға 18,2% болды.

***

Елімізде шетелдік туристерге салық саланатын болды

Елімізде енді шетелдік туристерден де ақы алу жоспарланып отыр. Туризм индустриясы комитеті берген мәлімет бойынша бұл төлем Қазақстанға келіп, қонақ үй мен хостелге орналасқан барлық саяхатшы үшін міндетті болады. Ал, достарының не туыстарының үйіне тұратын туристерге оның қатысы жоқ. Сонымен, қосымша ақы көлемі турист орналасқан бөлменің құнына байланысты есептелмек. Мәселен, қонақ үйдің бөлмесіне күніне 10 мың теңге төлесе, салық мөлшері 100 теңге болады. Бастама Қазақстанға келем деген саяхатшылардың ынтасына ешқалай әсер етпейтініне сенімді ведмоство өкілдері. Құзырлы мекемелер қонақ үйлермен тікелей жұмыс жасап, ақыларды тоқсанына бір алып тұрады. Кейін бұл қаржы жергілікті бюджетке түсіп, инфрақұрылым саласын дамытуға бағытталмақ.

***

Еліміздегі ең қымбат футболшылар кім?

Еліміздегі ең қымбат футболшылардың есімі белгілі болды. Тізімді алматылық «Қайрат» ойыншылары бастап тұр. Команда мүшелерінің бәрін қоссақ, жалпы баға 23 миллион еуроға теңеседі. Әсіресе, польшалық легионер Яцек Гуральский өте қымбат. Жартылай қорғаушы 2,5 миллион еуроға бағаланады. Одан кейінгі сатыға тағы бір алматылық клуб мүшесі Раде Дугалич орналасты. Үздік үштікті «Астана» сапындағы Тигран Баргесян түйіндеп тұр. Бірақ егер бұл жағдайға басқа қырынан қарайтын болсақ, «Қайрат» пен «Астананың» қаржылық жағдайы соншалық мәз емес. Өйткені олардың шығыны сатылымнан әлдеқайда көп. Бұл тұрғыда шымкенттік «Ордабасы» өте тиімді жұмыс жасап жатыр.

***

Короновирустың әлем экономикасына әсері қандай?

АҚШ, Қытай және Оңтүістік Корея жыл соңына дейін экономикасын қалпына келтіріп, жалпы ішкі өнім көлемін пандемияға дейінгі кезеңнен асырады. Әлемдік сарапшылар осындай болжам жасап отыр. Дағдарыстан тез шығатын елдер тізімінде Үндістан мен Индонезия да бар. «Ал, қалған елдерде бұл процесс ұзақ жүреді», - дейді мамандар. Өйткені 2020 жылдан бері экономикалық көрсеткіштер мен жұмыспен қамту деңгейі күрт төмендеді. «Еуропа елдері арасынан Германия жалдам есін жинайды», - дейді сарапшылар. Өйткені бұнда өнеркәсіп өндірісінің деңгейі жоғары. Ал, Кәрі Құрлықтағы қалған елдер 2022 жылдың соңына дейін жалпы ішкі өнімін бірер жыл бұрынғы жағдаймен теңестіре алмайды. Ал, енді бұл жағдайда Қазақстан экономикасы қалай құбылуы мүмкін? Сауалымызға экономикалық шолушы Бауыржан Мұқанов былай жауап берді.

***

Енді валюта бағамына тоқталайын. Бүгін АҚШ валютасы тағы өсті. Доллар 433 теңге 17 тиын болып тұр. Еуро 515 теңге 06 тиын,  Ал, рубль 5 теңге 62 тиынға тең.