Қоғамдық тамақтану орындары «Ashyq» бағдарламасына қалай қосылады?

Қазақстанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланғаннан кейін алғашқы аптада бір аймақтан тек 60-қа жуық қоғамдық тамақтану орны «Ashyq» бағдарламасына қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан әрі қосымшаға қосылуға ниет білдірген барлық кәсіпкерлерге мүмкіндік беріледі. Енді кафе мен мейрамханалар қалай жұмыс істейді?

Шағын және орта бизнес өкілдері бағдарламаға тек салалық қауымдастық арқылы ғана қосыла алады. Ал олардың тіркелу реті қандай?

Егер өңір «қызыл» аймақта болса, онда «Ashyq» бағдарламасына қатысатын мекеме «сары» аймақтағы өңірдің ережесімен жұмыс істейді. Яғни, жұмыс уақыты сағат 24.00-ге дейін, ал адам саны 50-ден аспауы тиіс. Қала «сары» аймақта болған кезде мейрамханалар мен кафелер үшін «жасыл» аймақтың ережелері қолданылады. Қоғамдық тамақтану қауымдастығы Төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, қазір бизнес үшін жұмыс істеудің жалғыз жолы «Ashyq» бағдарламасы болып отыр. Мысалы, Қарағанды және Талдықорған қалаларындағы қоғамдық тамақтану орындары тек кешкі 20:00-ге дейін ашық. Ал қасиетті Рамазан айында ауызашар бұл аймақтарда тек 20:00-ден кейін басталады. Салдарынан кафелер мен мейрамханаларға барушылар саны азайған. «Бұл кәсіпкерлердің табысына айтарлықтай әсер етеді»,- дейді қауымдастық өкілі.

Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- «Ashyq» бағдарламасы бойынша жұмыс реті мынадай:  қауымдастық, «Атамекен», санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және әкімдік өкілдері бар чат құрылады, кәсіпкерлердің тізімі жасалады. Кәсіпкер өз мәліметтерін жазып береді. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысы шыққаннан кейін бұл тізім ҰКП-ға беріледі. ҰКП-да олар өңделеді және ЦДИАӨМ-ге кетеді. Министрлікте оларға екі-үш күнде QR-код беріледі. QR-код алған кәсіпкерлер бір апта бойы пилоттық режимде жұмыс істейді.

***

Қазақстан қор биржасының индексі өсті

Қазақстан қор биржасының индексі тарихи максимумнан асып түсті. Ол алғаш рет 16%-тен астам өсіп, 3 мың белгіден асып түсті. KASE биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысында осында деректер келтірді. Индекстің ең жоғары көрсеткіштері осыдан 13 жыл бұрын тіркелген. Айта кетейік, индекстік акциялармен сауда-саттық көлемі 14 миллиард теңгені құрады. Бұл жалпы биржадағы келісімшарттар көлемінің 31%-і. Нарықта «Қазатомөнеркәсіптің» қарапайым акциялары көш бастады. Құнды қағаздар 48%-ке қымбаттады. Индекс қоржынында екінші орынды KAZ Minerals иеленді. KASE сарапшылары мыс өндіруші компанияның акциялары ақпан айының соңына дейін оң динамика көрсеткенін атап өтті. Бұл мыс фьючерстерінің 10 жылдық максимум деңгейіне дейін өсуінен болған. Үшінші орында «Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ. Оның акциялары 2021 жылдың бірінші тоқсанында 21% -ке қымбаттап, құны 150 теңгеге дейін жетті. Ал «Ксеll» АҚ қарапайым акциялары 13%-ке төмендеген.

***

Биткоин дәстүрлі қаржы жүйесінің басты қарсыласына айналуы мүмкін

Болашақта цифрлық валюта дәстүрлі қаржы жүйесін алмастыра алады. Биткоиннің басты құндылығы – бұл банктердегі делдалдар арасындағы байланысты бұзады. Мысалы криптовалюта, ақша аударымдары үшін алынатын қосымша комиссияға тосқауыл болады. Бұдан бөлек, Bitcoin, жүйе ретінде VISA мен MasterCard сынды ірі ойыншылардан әлдеқайда үлкен. Қазақстандық және шеделдік азаматтармен жұмыс істейтін компанияның цифрлық активтерді дамыту жөніндегі бас менеджері Гимран Әбдірахманов осылай дейді. Ұйым АХҚО-да тіркелген және инвестициялар үшін 4 өнімді ұсынады. Олардың ішінде жасанды интеллект және машиналық оқыту бар. Цифрлық акциялардың жылдық табысы 5% пен 60% аралығында. Бірақ криптовалюта нарығының қарапайым құнды қағаздар нарығынан айырмашылығы, ол тәулік бойы жұмыс істеп тұрады. Сондықтан бұл салаға инвестициялау белгілі бір тәуекелмен байланысты.

Гимран Әбдірахманов, Quantdart компаниясының цифрлық активтерді дамыту жөніндегі бас менеджері:

- Биткоиннің кемшіліктері де бар. Ең бастысы  бұл секундына тек 7 транзакция өтуі мүмкін. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, VISA немесе Мastercard сияқты қаржы жүйелері секундына 100 мыңға дейін транзакция өткізе алады.

***

Ал енді валюта бағамына тоқталайық. Доллар 430 теңге 99 тиын, еуро 515 теңге 29 тиын, Ресей рублі 5 теңге 69 тиын.