Қазақстанда цемент өндірісі толық қуатында емес

Елімізде жылына 10 млн тонна цемент шығарылады.

Бұл жалпы қуаттылықтың жартысынан сәл асатын көрсеткіш. Сыртқа шығарып, сырттан алып отырғанымыз тағы бар. Отандық өндірушілерді қолдау үшін еуразиялық экономикалық одақ аумағынан тыс елдерден цемент тасымалын шектеу көзделіп отыр.

Цемент өндірісі толық қуатында емес

Қазақстанда индустрияландыру картасы аясында бірнеше цемент зауыты бой көтерген. Елдегі 15 кәсіпорын осы салада жұмыс істеп жатыр. Олар бар қуаттылығын іске қосса, жылына 58 млн шаршы метр баспана тұрғызуға қауқарлы. Бірақ, бізде биыл ғана рекордтық деңгейдегі құрылыс жоспарланып отыр. Оның өзі 17 млн шаршы метр. Бұл өндіріліп жатқан цементтің 5 млн тоннасы ғана игеріледі деген сөз. Қазақстанның цемент және бетон өндірушілер бірлестігінің директоры Ербол Ақымбаевтың айтуынша, бәсі күштілердің нарықтағы орнына таласа алмаған Жамбыл және Шығыс Қазақстандағы екі зауыт жабылып тынған. Өкінішке қарай, жоспардағы 6,5 млн тонна өнімді игеруге талпыныс аз. Қазір елде өнімді нетто қолдану мөлшері 9,5 млн тонна ғана. Біразы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға жөнелтіледі. Индустриалды-инновациялық даму министрлігінің өкілі Бауыржан Қасеновтің айтуынша, Ираннан цемент тасымалын шектеу осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Былтырғы шектеу нәтижесін берген екен. Өндіріс көлемі сәл артты. Бюджетке түскен салық 42 процентке артып, 19 млрд теңгеге жуықтады.Бауыржан Қасенов, ҚР ИИДМ басқармасының бас сарапшысы:

– Бұл шешім халықаралық сауда саясаты және халықаралық ұйымдарға қатысу мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия хаттамасына сәйкес біздің министрлікке осындай цемент импортына тыйым салу жөніндегі бұйрыққа тапсырма берген болатын. Инициатива қазақстандық цемент өндірушілер қауымдастығының ұсынысымен жасалып отыр.

Отандық цемент қолжетімді ме?

Еліміздегі құрылысқа 100 процент отандық цементті қолдану тиімсіз. Себебі жергілікті өнімнің құны күннен күнге қымбаттап жатыр. Құрылыс комитеті хабарлағандай, бір шаршы метр аумаққа 285 келі цемент керек екен. Яғни 5,5 қап. Әр қаптың құны 1200 теңгеге дейін барады. Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев ирандық цементтің арзанырақ болғанын айтады. Сондықтан құрылысшылар тарапынан сұраныс тоқтамаған. Сөйтіп, 2019 жылы Ираннан 400 мың тоннасы әкелінді. Егер бұл импортқа тыйым салынар болса, құрылыс қымбаттайды деген сөз. Оның үстіне еліміздің батыс аймақтары мен Павлодар облысы қазір ресейлік цементті пайдаланып отыр. Себебі, жергілікті кәсіпорындар жоқ. Пандемияға дейін жалпы импорттың ресейлік үлесі 500 мың тоннадан асқан.

АҚШ-та жеке тұрғынжайларға сұраныс артқан

Өткен айда АҚШ-та екінші нарықтағы үйлер сатылымы шамамен 4 процентке азайып, 6 млн-ға жетіпті. Ұлттық риелторлар қауымдастығы сатып алу-сату келісімдері 7 процентке жуықтайтынын болжаған. Нарықтағы мәселелі мүлік үлесі 1 процентке жетті. Наурызда елде 5 млн бір отбасыға арналған үй сатылыпты. Бұл былтырмен салыстырғанда 10 процентке көп. Мұндай үйлердің бағасы да қымбаттаған. Өсім 18 процент, яғни 335 мың долларға тең. Жеке пәтерлерге сұраныс 29 процентке артқан екен. Сатылған тұрғынжай саны 710 мыңға жеткен. Оның бағасы 289 мың доллар шамасында.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайын. Доллар 432 теңге 21 тиын, еуро 520 теңге 38 тиын, Ресей рублі 5 теңге 67 тиын.