Қытай Қазақстанда 56 кәсіпорын салмақ

Елдің бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігі Маңғыстау мен Ақмола облыстарында екі ірі сауда желісіне қатысты тергеуді бастады.

Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерді деген күдікке ілінген. Дәл осындай күдіпен күнбағыс майы, нан, ұн шығаратын бес кәсіпорынның үстінен де тергеу басталды. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, қандай жаза қолданылуы мүмкін?

Мәліметтерге қарағанда бәскелестік заңын бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынады. Сондай-ақ түскен табыстың 3-5 процентін тәркілеп алып қоюы мүмкін.

Бағаны кім көтереді?

Былтыр бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кәсіпорындардың үстінен 14 тергеу жүргізді. Заңды бұзған кәсіпкерлерден 11 милллион теңге өндірілген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, тауар бағасын негізсіз көтергендерге бір ай бұрын ескерту беріледі. Сол уақыт ішінде бизнесмендер бағаны тұрақтандырып, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын төмендетуі тиіс. Жыл басынан бері агенттік тауар өндірушілер мен сауда желілеріне осындай 48 ескерту жіберді. Олардың 90 проценті талапты орындаған. Қалғаны жауапқа тартылады. Кәсіпкерлер негізінен тауық жұмыртқасы мен күнбағыс майы, қант пен қарақұмықтың бағасы көтерген.

Дүкендер азық-түлік сатудан бас тартуы мүмкін

Елдегі сауда орталықтарының қауымдастығы бұл талаптар нарық заңына сай емес деп санайды. Өйткені айыппұл немесе өзге де бақылаудан жалыққан дүкен иелері әлеуметтік маңыздағы азық-түлік сатудан бас тартуы мүмкін. Сәйкесінше дүкен сөрелері қаңырап бос қалады деп санайды. Қауымдастық басшысы Жібек Әжібаеваның айтуынша, дүкендерге мемлекет белгілеген шекті бағаның кейбірі тауардың көтерме нарықтағы құнынан төмен. Яғни сауда орталықтары затты қымбатқа алып, арзанға сатуға мәжбүр болады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар тауардың бағасын белгілегенде өзіндік құнын тым төмен бағалаған. Қазір азық-түліктің кейбір түрлері зауыттан қымбат шығады.

Әлеуметтік кәсіпкердің әлеуеті артады

Әлеуметтік кәсіпкерлер салықтан босатылады. Сондай-ақ осы салада бизнес ашам дегендерге гранттық қаржыландыру,  жеңілдікпен несие немесе нысан берілуі мүмкін. Іскерлік серіктес табуға да мемлекет тарапынан қолдау жасалады. Оны реттейтін заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлады. Енді «әлеуметтік кәсіпкер» деген кім екеніне тоқталсақ. Егер сіздің кәсіпорындағы қызметкерлердің 50 проценті мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса немесе сіз шығаратын тауар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған болса, және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт саласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсететін болсаңыз, сіз әлеуметтік кәсіпкерсіз. Жоғарыда аталған қолдауға үміттене аласыз. Алдағы уақытта елде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындардың бірыңғай тізімі жасалады. Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда қазір 100 ден астам кәсіпорын салық жеңілдіктерін қолданып отыр. Бірақ қайырымды кәсіппкен айналысып жүрген нысандар әлдеқайда көп. Заң күшіне енсе оларға қолдау күшейеді.

Қытай 56 кәсіпорын ашады

Қытай Қазақстанда 56 кәсіпорын салмақ. Жалпы құны 24 жарым миллиард АҚШ доллары тұратын жобалар индустриалды-иновациялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында жүзеге асады. Осылайша Қазақстанда екі елдің бірлесіп ашқан кәсіпорындарының саны 700-ден асады. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналым 4 процентке өсіп, 15 жарым миллард АҚШ долларын құрады. Оның 9 миллиардына тауар экспорттасақ, 6 жарым миллиардына зат сатып алғанбыз. Яғни Қазақстанның шет елмен жасаған саудасының 18 проценті Қытайдың үлесінде. Шығыстағы көрші ел Қазақстанның негізгі инвесторларының бестігіне кіреді. Елге шетелден тартылған инвестицияның 4,7 проценті Қытайдан келген. Сауда ынтымақтастығын арттыру мақсатында 2022 жылдан бастап Қытайда Қазақстандық тауарды сататын дүкендер ашу жоспарланған. Бүгінде Қазақстанның Қытайға 808 миллион доллар тұратын 60 тауар түрін экспорттауға мүмкіндігі бар. Айтпақшы алдағы мереке күндері Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автокөлік өткізу пунктері уақытша жабылады. 1, 7 және 9 мамырда «Нұр Жолы», «Достық» және «Бақыт» автомобиль өткізу бекеттері жұмыс істемейді. Мұндай шешімді екі елдің үкіметі келісіп шығарған.

Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды

АҚШ-тың федералды қор жүйесі базалық ставканы бұрынғы деңгейде қалдырды. Яғни 0-0,25 процент аралығында. Осылайша федералды қор жүйесі базалық ставканы 9 рет өзгеріссіз қалдырып отыр. Ашық нарықтағы операциялар комитеті елде жұмыссыздар саны барынша азайып, инфляция мақсатты 2 процентке жеткенде ғана базалық ставканы өзгертетінін айтты. Қазір Федералды қор жүйесі ел қазынасын айына кем дегенде 80 млрд долларға құнды қағазбен толықтыруға ниетті. Бұған дейін федералды қор жүйесінің төрағасы осы мөлшерлемені 2022 дылдың соңына дейін ұстайынын айтты. Өйткені коронавирус пандемиясына байланысты жұмыссыздар саны әлі де артып келеді.

Alphabet компаниясының табысы 34% артты

Америкалық Alphabet корпорациясының табысы бір жылда 34 процентке өсті. Биыл алғашқы тоқсанда холдингке қарасты Google компаниясынің өзі ғана 18 миллиард доллар пайда тапқан. Осылайша Alphabet-тің жалпы таза кірісі 55 миллиард долларды құрады. Табыстың басым бөлігі жарнамадан түсті. Бұл саладағы кіріс 3 есе өсіп, 44 миллиард доллардан асқан. Компания өкілдерінің айтуынша, кейінгі жылы әлемде Google-дің іздеу жүйесін пайдаланып, онлайн қызметке тапсырыс беретіндер саны күрт көбейді. Оның үстіне кәсіпкерлер ақпаратты сақтау сервисін жиі қолдана бастады. Есептік кезеңдегі мәліметті жариялағаннан кейін Alphabet 50 миллиард долларға өз акцияларын сатып алатынын жариялады. Осыдан кейін холдингтің акциялары 4,7 процентке қымбаттады.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Еліміздің Ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 429 теңге 33 тиын деп белгіледі. Еуро 517 теңге 94 тиынға тең. Ал Ресей рублі 5 теңге 74 тиынға тең.