Бензин тағы қымбаттады

Қазақстанда бензин қымбаттады. Әсіресе соңғы күндері оның бағасы 10 теңгеге дейін өсті. Мәселен, елордадағы жанармай құю бекеттері АИ-92 маркалы бензинді 168-177 теңге, АИ-95-ті 188-197 теңге, ал АИ-98-ді 186-220 теңге арасында сатып жатыр. Алматы қаласында АИ-92 —171 теңгеге, АИ-95 - 200 теңгеге, ал, АИ-98 - 230 теңгеге дейін шарықтады. Басқа өңірлерде АИ-92 бензинінің бағасы 175 теңгеге, ал АИ-95 - 200 теңгеге дейін өсті.  Көлік жүргізушілерін қымбатшылықпен қатар бензин тапшылығы да әбден әуре-сарсаңға салды. Ал құзырлы министрлік мемлекет бензин бағасына араласпайтынын яғни, ол тиімділігі төмен және шығыны көп шаруа екенін алға тартады. Бірақ, тапшылық болмайды деді энергетика министрлігінің өкілдері. Қазір АИ-92 маркалы бензин қоры жыл басымен салыстырғанда 60 мың тоннаға артып, бас-аяғы 270 мың тоннаға жеткен.

Елімізде көне көліктер көбейді. Әкімшілік полиция органдарының дерегі бойынша Қазақстанда әртүрлі типтегі 4 млн 520 мың көлік құралы тіркеуде тұр. Олардың орташа жасы 20 жыл. Нақты айтар болсақ, елімізде тіркелген техниканың 49,9%-нің жасы 20 жылдан асқан, 11-20 жыл аралығындағы көліктердің үлесі – 21,3%. Ал 3-5 жыл аралығындағылары – 4,1% ғана. Сонда Қазақстанда жасы 2 жылға жетпеген небәрі 167 мың жаңа авто бар екен. Бұл жөнінде Айқын.кз порталы хабарлайды. 2021 жылдың 1 қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда әр 1000 тұрғынға шаққанда 199 жеңіл көліктен келеді. Енді өткен жылдардың статистикасымен салыстырайық: 2017 жылы – 211, 2018 жылы – 207, ал, 2019 жылы – 202 бірлік. Яғни адам басына шаққандағы көлік саны жылдан жылға азая түскен.

 

Енді валюта бағамына тоқталайық. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 428 теңге 75 тиын деп белгіледі. Еуро 518 теңге 49 тиын. Ал ресей рублі 5 теңге 75 тиынға тең.