Жанармай құю бекеттері жабылуы мүмкін

Елімізде азық-түлік қымбаттап барады.

Соңғы бір айда қызылша, картоп, сәбіз сияқты көкөністердің бағасы шарықтады. Осындай жағдай ет пен ұн, тіпті, сусындар саудасына да байқалады.

Азық-түлік тағы да қымбаттады. Соңғы бір айда қызылша 17%, картоп 12%, ал сәбіз 10% артқан. Бұл жөнінде Нарық.кз сайты ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды. Бағаның өсуі күнбағыс майы, құмшекер, жарма, шай, ұн және макарон өнімдеріне де қатысы бар. Мәселен, соңғысы наурыз бен сәуір аралығында шамамен 1 проценке қымбаттаған. Тауықтың сирағы 2,3%, қой еті 1,7%, ал жалпы ет өнімдері 1,2% қымбаттады деген ақпарат алдық. Тіпті, минералды су мен ас суы, салқындатылған сусындар, қала берді, алкогольды сусындардың да бағасы шарықтады. Ал пастерленген сүт бағасына 0,8% қосылды. Бағаның төмендеуі қиярға 9,6%, апельсинге 1,5%, қызанаққа 1,1% және күрішке 0,6% тіркелді.

Тауарлар мен қызметтер қымбаттады

Азық-түлікпен қатар азық түлік емес тауарлар да қымбаттап барады. Ресми дерек бойынша, орташа көрсеткіш 1 процентке тең. Мәселен, тұрмыстық аспаптар соңғы айда 2%, жеке қолданылатын тауарлар, шыны және қыш бұйымдар және құрылыс материалдары 0,7% шарықтады. Дәл осындай жағдай тоқыма бұйымдар, тазалағыш құралдар, киім және аяқ киім саудасында да байқалады. Бензин аталған аралықта 6%, ал дизель 0,9% қымбаттады. Бағаның өсуі монша қызметтеріне, санаторий қызметтеріне, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтеріне, тамақтану орындары мен сұлулық салондар қызметтеріне де әсер етті. Жолаушылардың темір жолмен жүру ақысы 0,8%, әуе көлігімен жүру ақысы 0,9% қымбаттады. Тіпті, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер қоқыс шығаруға 1,2% жоғарылады.

Жанармай құю бекеттері жабылуы мүмкін

Жанар-жағармай нарығындағы жағдай күрделене түсті. Қазір Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты тоқтап тұр. Салдарынан бензин тапшылығы пайда болды. Бұл жөнінде қазақстандық жанар-жағармай қауымдастығы мәлімдеді. Ал енді Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына кіріссе, жағдай тіптен қиындайды. Артынша Павлодардағы зауыт та осындай себептен өндірісін уақытша тоқтауы мүмкін. Қазір мұнай өнімдерінің негізгі бөлігі ірі желілерге таратылып жатыр. Ал ұсақтары алып-сатарлар көмегіне жүгінуге мәжбүр. Соңғысында баға, сәйкесінше жоғары болады. Осы және өзге де себептерге байланысты еліміздегі кейбір жанармай құю бекеттері жабылуы мүмкін дейді қауымдастық өкілдері.

Биыл қай жолдар жөнделеді?

Биыл 585 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Бұл – 5 бірдей облыстағы республикалық маңызы бар бағыттар. Атап айтқанда, Батыс Қазақстандағы Казталовкадан Жәнібекке, одан әрі Ресей шекарасына дейінгі аралыққа асфальт төселеді. Бұған қоса, Өнеге-Бисен-Сайхин елді мекендерінің арасына да жол салынады. Оның жалпы ұзындығы 248 шақырымды құрайды. Дәл осылай Алматы – Бішкек және Жезқазған – Петропавл аралығындағы жолдар да жаңартылады. Күрделі жөндеу Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысындағы тозығы жеткен жолдарға да жасалмақ. Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі LS порталына хабарлады. Күрделі жөндеу кезінде жолдағы топырақ тығыздалып, оның негізіндегі олқылықтар жойылады. Судың өту жүйесі реттеледі. Беткі қабаты жаңартылады. Осындай тәртіппен жыл соңына дейін республикалық маңызы бар 62 шақырым жол қолданысқа беріледі делінген ведмоство хабарламасында. 

Электромобильдерге қызығушылық артты

2026 жылға қарай жүргізушілердің жартысы электромобильге көшеді. Бұл жөнінде Айқын кз сайты Boston Consulting Group зерттеуіне сілтеме жасап хабарлайды. Бұған дейін сарапшылар бұл көрсеткішке 2030 жылға қарай қол жеткіземіз деп келген. Пандемия кезінде электромобильдерге деген қызығушылық артып, болжамды өзгертуге тура келді. Өйткені, әлем нарығында электромобильдердің үлесі 2019 жылы 8%-тен 12%-ке дейін өсті. Сондай-ақ 2020 және 2021 жылдары да қалыпты өсім байқалады. Әсіресе, Еуропада электромобильдерге деген қызығушылық ерекше. Мысалы, Германияда 2020 жылы қайта қуатталатын гибридті автомобильдердің сатылымы 342%, ал қайта қуатталатын автомобильдердің сатылымы 207% өсті. Сонымен бірге жеңіл бензин автомобильдерін сату 36%, ал дизель автомобильдерін сату 29% төмендеді. Бұған қарамастан толықтай электромобильдерге өту болашақтың еншісіне қалып отыр. 2035 жылға қарай көлік құралдарының 70% әлі де бензин немесе дизельмен жүретін болады дейді мамандар.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 426 теңге 99 тиын, еуро 514 теңге 35 тиын, ал, Ресей рублі 5 теңге 72 тиын.