Зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілуі мүмкін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басшысының тиісті бұйрығы ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба 24 мамырға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатта қандай өзгерістер қарастырылған?

Егер жаңа ережелер ресми түрде бекітілсе, онда зейнетақы жинақтары есебінен банк алдындағы қарыздарды ғана емес, жұмыс берушіден алған қарыздарды да өтеуге болады.

БЖЗҚ-дан қаражат аудару мерзімі ұзартылды. Яғни, үш жұмыс күннің орнына банк 10 күн ішінде ақша аударады. Ал талқылауға шығарылған жаңа ережелер қазақстандықтардың зейнетақы төлемдерін пайдалану ауқымын кеңейтеді. Мысалы, жұмыс берушісінен баспана сатып алу үшін несие алған қазақстандықтар енді қарызын зейнетақы төлемдерінен қайтара алады. Бұл ретте сатып алынған жылжымайтын мүлік міндетті түрде кредитордың кепілдігінде болуы тиіс. Сондай-ақ баспана сатып алуға ақша жинап жатқандарда зейнетақы төлемдерін тұрғын үй құрылысы салымының шотына аудару мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар жаңа ережелер жер учаскесін үйге міндетті қосымша ретінде ғана емес, жеке жылжымайтын мүлік ретінде де сатып алуға мүмкіндік береді.

***

Қазақстанда жыл басынан бері баспаналар 12%-ке қымбаттаған

Қазақстанда тұрғын үйлер 1,7%-ке қымбаттады. Бұл көрсеткіш сәуір айындағы сауда саттық нәтижесінде анықталды. Ұлттық статистика бюросының есебінше, жаңа құрылыстардағы тұрғын үй құны бір айда 0,8% өсті. Жаңа нысандардағы жылжымайтын мүліктің шаршы метрі 327 мың теңге тұрады. Ескі үйлердегі баспананың шаршы метр құны 261 мың теңге төңірегінде. Ал жалпы жыл басынан бері тұрғын үйлер 12%-ке қымбаттаған.

***

Ауыл шаруашылығын несиелендіру қысқарды

Ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру бір жылда 11%-ке қысқарды. Бұл туралы Ұлттық банкке сілтеме жасап, LS сараптама агенттігі хабарлады. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банктер аталмыш салаға 225 млрд теңге қарыз берген. Оның 1,5 млрд теңгесі шетел валютасында, қалғаны Ұлттық валютамен берілген. Несиелердің басым бөлігі Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарында рәсімделген. Ауыл шаруашылығы саласына ең аз қарыз алғандар Маңғыстау, Атырау және Түркістан облыстарының шаруалары.

***

Елімізде көлік жабдықтарына сұраныс ұсыныстан 20 есе көп

Қазақстанда автөбөлшектерге деген сұраныс ұсыныстан 20 есе көп. Бұл туралы хабарландырулар сайтының сарапшылары айтты. «Автобөлшектерге сұраныстың өсуі ескі көліктердің көптігімен байланысты», - дейді мамандар. Ресми деректерге сай, елімізде жегілгеніне 20 жылға таяп қалған темір тұлпар көп. «Сондай-ақ сапасыз жолдар да көлік жабдықтарына сұранысты амалсыз арттырады», - дейді мамандар. Жөндеу орындарындағы ең жиі көрсетілетін қызмет түрі – көлікті бөлшектеу. Ал Қазақстандағы ең көп сұранысқа ие жабдық катализаторлар болды. Олардың орташа құны бір жылда 2 есе өсті. Сонымен қатар қозғалтқыштар, аккумуляторлар және генераторлар да қымбаттаған.

***

Әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр

Сәуірде әлемде азық-түліктің бағасы 30%-ке өсіп, жеті жылдық максимумды жаңартты. Әсіресе, өсімдік майы, қант, ет, сүт өнімдері мен дәнді дақылдар қымбаттады. БҰҰ зерттеуіне сәйкес, азық-түлік қоржыны 11 ай қатарынан үздіксіз қымбаттап келеді. Сарапшылар бұл жағдайды ең алдымен коронавирус пандемиясының салдарымен байланыстырады. Азия елдерінде азық-түлікке сұраныстың артуы да тауарлардың қымбаттауына себеп болған. Бағаның бұлай өзгеруі дамушы елдерде және дамыған мемлекеттерде де сыртқы инфляциялық қысымның өсуіне әкеледі. Атап айтқанда, Қазақстанда бұл ішкі нарықтағы азық-түлік бағасы қайта құбылады дегенді білдіреді. 

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 427 теңге 17 тиын, еуро 519 теңге 10 тиын, рубль 5 теңге 75 тиын.