426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тұрғын үй бағасы қалай құбылады

  • 926
  • UPD: 10:42, 25.05.2021

«Баспана хит» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру тоқтағаннан кейін тұрғын үй бағасы қалай құбылады?

Нарықта сұраныс төмендеп, үй арзандай ма әлде құрылыс қарқыны бәсеңдеп, баға одан сайын көтеріле ме?

Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар тоқтағанымен нарықта тұрғын үй арзандамайды. Себебі құрылысқа қажетті материалдың бағасы шарықтап тұр. Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының президенті Виктор Микрюков осындай пайым жасады. Оның айтуынша, «Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін ипотека нарығында бәскелестік азаяды. Екінші деңгейлі банктер қарыз беру процентін өсіруі де мүмкін. Бұл қарапайым тұрғындардың қалтасына салмақ болады. Сондай-ақ бағдарламаның жабылуы өңірлердегі құрылыс компанияларын қиын жағдайда қалдырады. Өйткені сұраныс азайса, құрылыс қарқыны да бәсеңдейді. Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтың айтуынша, алдағы күндері елде жаңа үйлер 10 процентке, екінші нарықтағы үйлер 15 процентке арзандауы мүмкін. Оған жеңілдетілген бағдарламалардың жабылуымен қатар зейнетақы қорынан қаржы алғандар легінің азаюы да әсер етеді.

Electrocar импортына БАЖ салығы қосылады

Келер жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерне әкелінген әрбір электрокар үшін БАЖ салығы алынады. Ол көлік құнының 15 процентіне тең. Былтыр көктемде Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Ресей билігі бұл салықты 2021 жылдың соңына дейін алып тастау туралы келіскен еді. Бірақ биыл жеңілдікті одан әрі созуға ешқайсы құлық танытпады. Өз кезегінде электрокар шығаратын Еуропалық бизнес қауымдастығы БАЖ салығын 2024 жылға дейін алып тастауға ұсыныс жасады. Олардың айтуынша, жеңілдік одақ елдерінде электрокар өндірісін дамытуға ешқандай кедергі келтірмейді. Айта кетейік, мамырдың ортасында Ресей үкіметі электр қуатымен жүретін көлік нарығын дамытуға 418 миллиард рубль бөлді. Қаржыны тоғыз жылда иегру жоспарланған.

Елге electrocar әкелгендер утилизациялық алымнан босатылуы мүмкін

Ал Қазақстан шет елден импортталған электрокар үшін утилизациялық алымды жоюға ниетті. Тиісті құжаттың жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдардың мақұлдауына жіберілген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мамандарының айтуынша, бұл шара нарықта электр қуатымен жүретін көліктердің үлесін арттырып, елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Ал қозғалтқышы жанармаймен жұмыс істейтін көліктерге жеңілдік жасалмайды. Өйткені утилизациялық түсімнің азаюы экологияны жақсартуға бағытталған жобалардың тұралап қалуына әкелуі мүмкін.

Төрт айда 24 мыңнан астам техника құрастырылды

Биыл төрт айда қазақстандық машина жасаушылар жалпы саны 24 мың 255 техника құрастырды.

Оның ішінде, жеңіл автокөліктер, жүк көліктері, автобус, тіркеме және арнайы техника бар. Құрастырылған өнімнің жалпы құны – 195 жарым миллиард теңге. Яғни карантиндік шектеулерге қарамай сала былтырғы жылмен салыстырғанда 7 жарым процент өсті.

Қаржылай табыс 12 процентке артқан. Мамандардың айтуынша, кейінгі кезде тұтынушылардың отандық машина жасаушыларға сенімі артты. Себебі Қазақстан нарығындағы сұраныстың 70 проценті өзімізде құрастырылған техниканы таңдаған.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 427 теңге 58 тиын деп белгіледі. Еуро 522 теңге 12 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 81 тиынға тең.

Хабар 24 телеарнасы