427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада жалдау құны 5 мың теңгеден басталатын пәтерлерге өтінім қабылдау басталады

  • 751
  • UPD: 13:08, 31.05.2021

Мұндай баға нарықта бұрын соңды болмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда бағдарламаның игілігін 100 отбасы ғана көре алады.

Арзан жалдамалы тұрғын үй арнайы санаттағы азаматтарға беріледі. Ал мұндай санаттың саны – 11.

Бас қалада пәтер жалдап тұруды екінің бірінің қалтасы көтермейді. Қатардағы қарапайым жұмысшының тапқан-таянғаны оның ақысын төлеймін дегенше түгесіледі. Енді осы айлығы шайлығынан ауыспай, әупірімдеп жан бағып жүрген әлеуметтен сүйінші сұрамақпыз. Ертең, яғни 1 маусымда, Нұр-Сұлтан қаласында жалдау құны 5 мың теңге болатын тұрғын үйлерге өтінім қабылдау басталады. Алайда мұндай жалдамалы баспаналарға бәрі бірдей қол жеткізе алмайды. Ол үшін арнайы 11 санат бекітілген.

Атап айтсақ, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқандар, 1 және 2-топ мүгедектері, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратындар, жасына жетіп, зейнеткер атанғандар, жетім балалар, қандастар, экологиялық апат салдарынан тұрғын үйінен айырылғандар, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары мен толық емес отбасылар өтінім бере алады.

Егер осы айтылған тізімде болсаңыз, қажет құжаттарды 8 маусымға дейін жинап, qatysu.zhilfond.kz сайтына жолдауыңыз қажет. Үй саны шектеулі. Мамандардың айтуынша, 100 пәтер ғана үлестіріледі. Ол кемі 5 жылға беріледі және өз атыңызға аудара алмаймыз. Сондай-ақ өтінімдерді іріктеу кезінде баспана кезегінде қанша жыл тұрғаныңыз ескеріледі.

Қазақстандықтар тұтынған балмұздақтың 80% – отандық өнім

Алқымнан алған індет көптеген кәсіп түрін тұралатты. Соған қарамастан сарапшылар 2020 жыл балмұздақ өндірушілер үшін табысты болғанын айтады. Қазақстандықтар былтыр балмұздақты жылдағыдан 12 процентке көп жеген. Сәйкесінше, өндірілген өнім көлемі 35 мың тоннаға жеткен. Мұндай көрсеткіш соңғы 4 жылда болмаған. Жергілікті тауар өндірушілер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, 1700 тоннадай өнімді Ресейге экспорттады. Ал ол жақтан бізге келетін балмұздақ көлемі керісінше, жылдағыдан 9 процентке аз болған. Демек, былтыр қазақстандықтар тұтынған балмұздақтың 80 проценті отандық өнім деген сөз.

Еске сала кетейік, 1 маусымда Ресей сүт өнімдерін таңбалауды бастайды. Бұл өзгеріс балмұздақ өндірісін де айналып өтпеді. Аталған талап экспорт мәселесінде қазақстандық балмұздақ жасаушыларды біраз титықтатуы мүмкін. Себебі таңбалау құралын сатып алуға қомақты қаржы керек. Кәсіп иелерінің енді бірі арнайы коды бар дайын қаптамаларды ресейлік серіктестерінен алуды жоспарлап отыр. Бірақ оның өзі арзан емес.

Айта кетейік, Қазақстанда қазір балмұздақ жасаумен 18 кәсіпорын айналысады.

Футболға бөлінген миллиардтардың сұрауы бола ма?

Бөлінген қомақты қаржыға қарамастан, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде ТМД елдерінің барлығынан дерлік артта қалды. Аталған спорттың дамуы бойынша халықаралық федерация жариялаған соңғы көрсеткіште Қазақстан әлемнің 210 мемлекетінің ішінде 124-орынға тұрақтады. Үздік үштікте Бельгия, Франция және Бразилия елдері тұр. Тізімді халқы 34 мыңнан сәл асатын Сан-Марино мемлекеті түйіндейді. Қазақстан орта тұсында болғанымен, ТМД елдерінің көбінен артта. Мәселен, Украина 24-орында, Ресей 38, Өзбекстан 86, Беларусь 89, Армения 90, Қырғызстан 98-ші және солай жалғаса береді. Қазақстан тек Түрікменстан мен Молдованы ғана басып озды.

«Гол.кз» сайтының ақпаратына сүйенсек, былтыр елдегі 12 кәсіби клубты қаржыландыруға жергілікті бюджет пен квазимемлекеттік сектордан 23 млрд теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланған. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев күздегі Жолдауында кәсіби спорттық клубтарды толықтай мемлекет есебінен қаржыландыруды доғару керек. Себебі шығындалған миллиардтар желге ұшып жатыр деген еді.

Жер бетіндегі киіктің 90% Қазақстанда мекендейді

Мұндай ақпаратты еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі таратты. Киіктің қасиеті сол, бірінің лағын бірі емізіп жүре береді. Яғни, әу баста киік пен қазақты ұқсатуымыз бекер емес екен. Қазір елімізде ен даланың еркесінің Бетпақдала, Орал, және Үстірт популяция бар. Былтыр пандемияға байланысты санақ жүргізілмеген. Ал биыл мамандар олардың саны екі жылда 334 мыңнан 842 мыңға жетті деген ақжолтай жаңалық жеткізді. Жалпы, 90-жылдың соңы мен 2000 жылдардың басында Қазақстандағы ақбөкендер саны 1 млн-нан 21 мыңға дейін азайып кеткен-ді. Оған түрлі аурулар мен браконьерлер себеп. Киелі жануарға араша болу мақсатында 2005 жылы елде киіктерді сақтау жөнінде арнайы бағдарлама қабылданды. Сондай-ақ 2019 жылы браконьерлікке қатысты заң қатаңдатылып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Доллар 0 427 теңге, 98 тиын. Еуро – 521 теңге 60 тиын, рубль – 5 теңге 82 тиын.

Хабар 24 телеарнасы