2040 жылы әлемдегі электрондық сауда үлесі 95% жетеді

Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері үшін қосымша құн салығын алып тастау қажет. Ол өзара тауар алмасатын мемлекеттерге тиімсіз. Санкт-Петербург форумында сөз алған сарапшылар осылай деді.

Болжамға сай алдағы 10 жылда ішкі электронды сауда үлесі 30 процентке жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одақ ішіндегі сауда мәселесі реттелуі тиіс

Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелері онлайн сауданы дамытуға мүдделі. Бүгінде одақта бизнес үшін ашық жұмыс істейтін орта қалыптастыру көзделіп отыр. Бұған мүмкіндік зор дейді комиссияның сауда министрі Андрей Слепнев. Қазір олар үшін қосымша құн салығы өзекті болып тұр. Одақ ішінде өнімді экспорттауға нөлдік мөлшерлеме белгілеу маңызды. Себебі мемлекеттер бір тауарды әр түрлі бағада алуға мәжбүр. Еуразиялық экономикалық комиссия алдағы уақытта осындай түйткілдерді шешетін болады. Әзірге логистика жайын реттеу бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Бастысы нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдаланды деп айыпталған қытайлық компания қателігін қайталамау қажет.

Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі:

- Біз үш мәселені реттеп алуға тиіспіз. Ең алдымен бірыңғай нарықты сақтап қалу керек. Өйткені деректерді алмасу бойынша ұлттық стандарттар төлем жүйесіне кедергі келтіреді. Ал одақта мұндай жағдай болмауы қажет. Тұтынушы құқығын қорғау да маңызды. Шетелдік өнім сапасын техникалық реттеу маңызды. Бағаның негізсіз өсіруі немесе сапасыз тауардың сатылуы нарықтағы тұрақтылық пен бәсекелестікке нұқсан келтіреді.

Еліміздегі 110 мыңға жуық сауда орнында қолма-қол ақшасыз төлем жасауға болады. Онлайн сауда да қарқынды даму үстінде. Мамандар болжамынша, келесі жылы одан 928 млрд теңге кіріс түседі. Елге интернет сауданың 3 жыл бұрын келгеніне қарамастан сұраныс артып келеді. Былтыр ғана үш есе өсіп, 10% жетіп қалды. Ал биыл қолма-қол ақшасыз төлем 8 трлн теңгеге жуықтады. Жалпы елдегі сауданың 82% интернет арқылы жүзеге асып келеді.

Онлайн сауда үлесі артып келеді

2040 жылы әлемдегі электрондық сауда үлесі 95 процентке жетеді. Сарапшылар зерттеуі осындай нәтиже көрсеткен. Қазірдің өзінде онлайн саудадан 5 трлн долларға жуық қаражат түсті. Әлемдегі көрсеткіштің тең жартысы Қытайға тән. Келесі жылы бұл мемлекет онлайн саудадан 3 трлн доллардан аса пайда таппақ. Тізімді Оңтүстік Корея, АҚШ және Батыс Еуропа жалғайды. eMarketer сарапшылары АҚШ-қа биыл онлайн саудадан 1 трлн доллар кіріс түседі деп болжайды. Электрондық саудаға деген қызу сұраныс былтыр артты. Көрсеткіш алдыңғы жылдан 27%-ке көбейіп, 4,5 трлн долларға жеткен. Жаһанда 2 млрд-тан аса адам интернет арқылы сауда жасап отыр.

Биткоин ресми құрал болуы мүмкін

Биткоинды ресми төлем құралы етпек. Сальвадор президенті Наиб Букеле осы аптада тиісті заң жобасын ұсынбақшы. Жоспары іске асса, криптовалютаны доллармен теңдей қолданатын алғашқы мемлекет осы болмақ. Елден тыс жүрген 2 млн тұрғын отбасына ақша аударуға қиналады екен. Себебі халықтың 70 процентінде банктағы есепшоты жоқ. Ал сандық валюта бұл мәселені шешуі тиіс. Президент Наиб Букеленің айтуынша, сырттан аударылған қаражат үлесі жалпы ішкі өнімнің 20 процентін құрайды. Сальвадорлықтар елге жылына 4 млрд доллар аударады. Қазір мемлекет басшылары құзырлы компаниямен серіктес болып, заманауи қаржылық инфрақұрылым дайындамақшы. Төлем платформасының авторлары да бұл қадамның биткоиннің дәрежесін өсіретініне сенімді.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 428,15 теңге, еуро 518,7 теңге, Ресей рублі 5,85 теңгеге тең.