Құрылыс материалдары неге қымбат?

Елде тұрғын үй нарығындағы сауда мамыр айында 19%-ке төмен болған.

ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ АХУАЛ

Сұраныс азайғанымен, баспана бағасы үсті-үстіне қымбаттап барады. Өткен айда баспананы сату-сатып алу барлық өңірде дерлік аз тіркелді. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы хабарлады. 

Тұрғын үй саудасы айтарлықтай төмендеген аймақтар тізімін Маңғыстау бастайды. Мұнда сатылған үй саны сәуірмен салыстырғанда 41,4%-ке кеміген. Алматы қаласында 23,1%, Нұр-Сұлтанда 17%, Шымкентте 17,3%-ті көрсетті.

Бастапқы нарықтағы тұрғын үй орташа есеппен шаршы метріне 335,5 мың теңгеге бағаланған. Бұл сәуірмен салыстырғанда 2,6% қымбат. Ал қайталама нарықтағы үйлердің құны 261,8 мың теңгеден 264,1 мың теңгеге дейін құбылған. Жалдамалы үйлер бағасы да бір айда 0,7%-ке өскен.

Айта кетейік, әсіресе сәуірде тұрғын үй нарығындағы сауда қыз-қыз қайнады. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, 60 мыңға жуық келісімшарт жасалыпты. Бұл наурыз айындағы көрсеткіштен 13 процентке артық.

ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Тұрғын үй бағасының шарықтауын мамандар құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстырады. Биыл бағаның жылдық өсімі 21,4%-ке жеткен.

Әсіресе бөлшек саудадағы жағдай тұрақталар емес. Өсім бүтіндей 8%-ті көрсетіп отыр. Бұғаусыз кеткен баға қашан ауыздықталары белгісіз.

Құрылысы қарқынды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бөлек, Шымкент, Павлодар, Маңғыстау өңірінде де ахуал мәз емес. Ең қажет деген цемент, кірпіш, арматураның құны мұнда қысқа күнде қырық құбылады. Ал мамандар әлемдегі жағдай Қазақстан нарығына салқынын тигізді деп отыр.

Арман Мамбетаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

– Бұл жерде әр құрылыс материалының өзіндік себептері бар. Мысалы, арматураны алайық. Металдан жасалған профильдер болсын. Олардың бағасы екі есе шарықтап кетті. Оның бағасының шарықтауы, Лондондағы металдар биржасы деген бар. Яғни халықаралық баға сол жақтан келеді. Ол жақта да металдың бағасы екі есе шарықтап кеткен.

Сыртқы фактордан бөлек, құрылыс материалдарын өндіруде өз ішімізде шешілмеген мәселе көп. Маманның сөзінен ұққанымыз, дайын өнімді тұтынушыға жеткізу жағы ақсап тұр. Сондай-ақ электр қуатының қымбаттауы да кәсіпкерлерге салмақ салған. Ал цемент өндірісі электр қуатына тікелей тәуелді. Кәсіп иелері болса, осы және өзге де қымбатшылыққа қарамастан, дайын өнімнің бағасын шектен тыс өсірмедік деп ақталды.

Айта кетейік, қазір елде цемент өндірумен 12 кәсіпорын айналысады.

Арман Мамбетаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

– Цементті жасайтын клинкер деген материал бар. Соны әкелетін вагон жоқ бізде, дайын өнімді астанаға, алматыға апаратын вагон жоқ бізде дейді.  0241 0252 мына қазақстанның территориясында приграничный райондарда Ресейдің 5-6 зауыты бар. Біз бағаны қатты шарықтататып болсақ, әрине Ресейден әкелу жеңіл болады. Қазақстан цементінің бағасы Өзбекстан, Қырғызстанмен, Ресеймен салыстырғанда төмен.

Қалай десек те, елдегі жағдай алыпсатарлардың оң жамбасына келіп тұр. Сондықтан, бағаның аспандап кетуі көбіне бөлшек саудада байқалады. Оның зардабын әрине, қарапайым халық көреді.

ҒАРЫШҚА САПАР

Жер шарындағы ең дәулетті адамның бірі Джефф Безос енді ғарышты бағындыруды көздейді. Миллиардер өз компаниясы жасаған New Shepard әуе кемесімен ғарышқа ұшпақ. Бұл туралы ол инстаграмдағы парақшасында жазды. «Ғарышқа ұшу 5 жасымнан бергі арманым. 20 шілдеде бұл арманым орындалады. Өзіммен бірге інімді ала барамын. Бұл ұмытылмас сапар боларына сенімдімін», – деді ол. Ағайынды Безостармен бірге тағы бір адам көкке самғай алады. Ол үшін ұшу билетін 12 маусымға дейін онлайн бәс-саудадан алып үлгеру керек. Кей ақпарат көздерінде «дүйсенбі күні билеттің құны 2,8 млн доллардан асты» деген ақпарат тарады. Қазір жалғыз билетке әлемнің «менмін» деген байлары таласып жатыр. Егер бәрі Безос ойлағандай болса, онда ол ғарышты бағындырған тұңғыш компания иесі атанады.

Жалпы шетелдің ауқаттылары ғарыш саласын зерттеуге қызығушылық танытып отыр. NASA мен SpaceX-ті былай қойғанда, жеке кәсіпкерлердің компаниялары кей елдің осы саладағы ұлттық бағдарламаларын басып озады.

ВАЛЮТА БАҒАМЫ

Доллар 427 теңге77 тиын

Еуро 520 теңге 60 тиын

Ресей рублі 5 теңге 87 тиын