Қазақстанда ипотекалық несие беру көлемі қысқаруы мүмкін

«7-20-25» және «Баспана хит» тұрғын үй бағдарламалары аяқталғаннан кейін Қазақстанда ипотекалық несие беру көлемі қысқаруы мүмкін.

Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев осындай болжам жасады. Оның пікірінше, ЕДБ-нің өз өнімдері бойынша проценттік ставкалары жоғары болады. Ал қолданыстағы жеңілдетілген бағдарламалардың талаптары қарыз алушылардың қалыпты санатына келмейді. «Сондықтан нарыққа жаңа ұсыныстар қажет», - дейді сарапшы. Өз кезегінде Ұлттық банк ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігіне бұл жағдай әсер етпейтінін атап өтті. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінен бөлек, қарыз алушыларға арналған тағы алты жеңілдетілген бағдарлама бар. Бұл әлеуметтік осал топтар, жас отбасылар, аз қамтылғандар, әскери қызметшілерге арналған жобалар. Жалпы «7-20-25» бағдарламасын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бүгінде бұл бағдарлама 330 миллиард теңгеден астам қаражат игерілген. Бұл бөлінген лимиттің үштен бір бөлігі. «Баспана хит» бойынша несие беру биыл тоқтатылуы мүмкін.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

- Ұсынылатын жаңа ипотекалық несиелердің өнімдері икемді әрі неғұрлым қолайлы шарттармен болу қажет. Өйткені банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптарына сай төлем қабілеттілігі деңгейі мен жастары бойынша көптеген өтініш берушілердің өтінімдері өтпей қалады. Несие өнімдеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін күші жойылған бағдарламаларға баламалы жобалар қажет болады.

***

Қазақстан – Қытай шекарасында 180 жүк көлігі тұрып қалды

Теміржол арқылы Қытайға баратын тауар тасымалына тыйым салынған. Бұл шектеу вагон иелері мен тауар экспорттаушыларға қырыуар шығын әкелуде. Бұл мәселенің шешілетін түрі бар ма?

Бұл проблема былтырдан бері шешілмей келеді. Қазір Қытай тарапымен онлайн кездесулер өткізіліп, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ әзірге еш өзгеріс жоқ.

Биыл 11-20 маусым аралығында Достық станциясы арқылы әрі қарай Қытайға кететін контейнерлік жүктерден басқа барлық жүк тасымалына мәжбүрлі түрде тыйым салынды. Бұл туралы Қазақстан теміржолының баспасөз қызметі хабарлады. Ковидке қарсы қатаң шектеу шаралары кесірінен ҚХР жүк тиелген вагондарды қабылдауды уақытылы жүргізбей отыр. Қазір шекарада 180-нен астам жүк құрамы қозғалыстан шеттетілді. Мәселені шешу үшін тараптар онлайн кездесті. «Қазақстан мен Қытай  арасында тасымал жоспары бұрын келісілді. Бұл көрші елдің келген жүкті қабылдауға дайын екендігін білдірді, алайда іс жүзінде олай болмайды», - делінген хабарламада. Өз кезегінде салалық қауымдастық өкілдері логистикаға қатысты осындай қиындықтарды болдырмайтын шектеу шараларын енгізуді ұсынады. Сондай-ақ вагондарды кешіктіргені үшін айыппұл санкцияларын енгізу мүмкіндігін қарастыруға шақырады. Ал бейінді ведомствода тасымалдаушыларға Қытай тарапымен жұмысты күшейту, сондай-ақ проблеманы шешудің балама жолдарын іздеу тапсырылды. Олардың бірі – контейнерлік тасымалдарға көшу.

***

Жапонияда Apple және Google қызметі тексеріледі

Apple және Google уомпанияларын Жапонияның монополияға қарсы заңнамасына сай тексереді. Nikkei бамсылымының хабарлауынша, IT-алыптар нарықтағы үстем пайдаланып, бәсекелестерді тек өздерінің бағдарламалық жасақталарын орнатуға мәжбүрледі деген күдік бар. Apple және Google-дің жапон нарығындағы үлесі қазірдің өзінде 90%-ке жетті. Енді арнайы комиссия америкалық компаниялардың жапондық смартфон өндірушілерімен өзара іс-қимылын зерттейді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Жапония Үкіметі монополияға қарсы заңнаманы қатаңдатуға ниетті.

Ал енді валюта бағамына тоқталсақ, Ұлтық банктың хабарлауынша, доллар 427 теңге 15 тиын. Еуро 519 теңге 12 тиын. Ресей рублі 5 теңге 96 тиын.