Елімізде жұмыртқа арзандады

Елімізде жұмыртқа 6%-ке арзандады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповтың айтуынша, бұл уақытша құбылыс. Күзге қарай баға қайтадан аспандауы мүмкін. Оған не себеп?

Мамандар «жаз басында жұмыртқаның арзандауы қалыпты жағдай» дейді. Өйткені сұраныс азаяды.

Жұмыртқа құны күзге қарай қайта қымбаттайды. Қазір өндірушілер өнімнің данасын 19 теңгеден шығарып жатыр. Өйткені сұраныс азайды. Шаруалар шығынын өндіріп алу үшін жаз соңында әлеуметтік маңызы бар тауарды бұрынғыдай 30 емес, 40 теңгеге сатпақшы. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов пысық алыпсатарлардың өнімді нарыққа екі есе қымбат бағада ұсынып келгенін айтады. Бұған одақ жүргізген рейд нәтижесі дәлел. Жалпы ішкі нарықты табиғи өніммен толық қамтуға әлеует бар. Елімізде құс тұмауынан кейін тұра алмай қалған фабрикалар жұмысқа қайта кірісті. Бірақ олардың бұрынғы қарқынға ілесуі үшін уақыт керек. Еске салайық, былтыр 1 млн тауық қырылып қалды. 2 млрд-тай жұмыртқа ысырап болған. Бағаның құбылуына бұл да әсер етті әлбетте. Жұмыртқа құнының 70%-і жем бағасына тәуелді. Яғни, жем-шөп қымбаттаса, құс өнімінің құны қалтаны қағары заңдылық. Қазір шаруалар бір тонна бидайды 93 мың теңгеге алуға мәжбүр. Бұл бұрынғыдан екі есе көп. Ал құзырлы министрлік биыл жұмыртқа бағытына 3,3 млрд теңге субсидия қарастырылғанын жеткізді.

***

Өңірлерде бірінші санаттағы жұмыртқа қаншадан сатылып жатыр? «Нарықтағы баға» айдарынан білейік.

Қостанайдан 10 дана жұмыртқаны 320 теңгеге аласыз. Батыстағы баға 30 теңгеге қымбат. Өскемен мен Павлодарда өнім құны 440 теңге. Петропавлда 450 теңге. Бас қаладан 10 дана жұмыртқаны 500 теңгеге аласыз. Ал Талдықорғанда 550 теңге.

***

Мұнай баррелі 100 доллардан асады

Мұнай құны 100 долларға жетеді. Әлемнің ірі шикізат трейдерлері осындай болжам жасады. Сарапшылар мемлекеттердің жаңартылатын энергия көздеріне толық көшуге дайын емес деп санайды. Сондықтан қара алтынға сұраныс әзір азаймайды. Жалпы соңғы 7 жылда мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары көтерілмеген. Ал осы аптада өнім құны екі жылдан астам уақыт ішінде ең жоғары деңгейге жетті. Goldman Sachs сарапшысы Джефф Карри мұнай нарығында жаңа суперцикл болатынын болжап отыр. Сарапшылардың енді бірі қара алтынға сұраныс пандемияға дейінгі қалпына келетініне сенімді. Жыл соңына дейін өндіріс тәулігіне 100 миллион баррельден асуы мүмкін. Мамандар бағаның өсуі салаға инвестиция тартуға ықпал ететінін айтады.

***

Халықаралық туризм кірісі 1 трлн долларға азайды

Халықаралық туризм 2024 жылға дейін пандемия алдыңдағы көрсеткішке жетпейді. Сарапшылар болжамы осындай. Жалпы 2020 туризм саласы үшін ең сәтсіз жыл болды. Биылғы қаңтар-наурыз айларында әлемдегі шетелдік туристер саны 83%-ке азайды. БҰҰ жанындағы бүкіләлемдік туризм ұйымдары көрсеткішті былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырған. Туристік бағыттарға келген меймандар саны 180 млн-ға азайыпты. Әсіресе, Азия-Тынық мұхиты аумағында халықаралық байланыс 94%-ке төмендепті. Бұл көрсеткіш Еуропада 83, Африкада 81%-ті көрсетті. Ал халықаралық туризмнен түскен кіріс 1 трлн долларға төмендеген.

***

Рубль нығайып келеді

Владимир Путин мен Джо Байденнің кездесуінен кейін Ресей рублі біраз нығайды. Сарапшылар активтердің оң нәтижеге жеткенін айтып отыр. Рубльдің әлі де күшеюіне екі ел арасындағы қатынастың жақсаруы әсер етеді. Шетелдік инвесторлардың ресейлік компаниялар акцияларына салым салуы да артады. Қазірдің өзінде мамандар осындай болжам жасап отыр. Дегенмен, Женевада өткен кездесудің нақты нәтижесі алдағы уақытта айқындалады.

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 425,64 теңге, еуро 518 теңге, Ресей рублі 5,90 теңге.

Сондай-ақ...