Сиыр етінің көтерме құны артады

Мамандар қысқа қарай сиыр етінің қымбаттайтынын болжады.

Күзде қуаңшылық пен жем-шөптің жетіспеушілігінен шаруалар мал басын азайтуға мәжбүр болады. Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, малдың көп сойылуы көтерме бағаны түсіреді. Кейін баға қайта қымбаттайды. Әзірге сиыр етінің көтерме құны 1600 теңге. Ал алыпсатарлар үстінен 1000 теңге көріп отыр. Жем-шөп былтырдан бері 60 процентке өскен. 1 тонна арпа 85 мың тг сатылады.

МЕЙРАМХАНА МӘЗІРІ 2,5 ЕСЕ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Карантиннен кейін көпшілік мейрамханаларға ағылуды азайтқан. Әрі шектеулер де толық алынбағаны белгілі. Маусым қымбатшылықпен басталуына байланысты. мамандар мәзірді қымбаттатуы мүмкін. Азық-түлік бағасының шарықтауы мейрамхана мен дәмханалардың ас мәзіріне әсерін берді. Қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, ахуал мүлде аянышты. Салада маман жоқ. Бары жалақыны көтеруді талап етеді. Қысылтаяң шақта меймандардың да көңілін қалдыруға болмас. Сондықтан кәсіпкерлер мәзірді қымбаттатуға асықпайды. Салдарынан орташа есепшот бұрынғыдан үш есе азайған. Ірі қалалардағы қарыз 15 млн теңгеге жетіп жығылады. Енді қоғамдық тамақтандыру орындарының иелері қызмет ақысын көтеруді көздеп отыр.

Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі:

– Біз былтыр жеткізіп беру қызметін арттыруға тырыстық. Бірақ онымен жыртық жамау мүмкін емес. Отандық өнімдер қымбаттай беретін болса, дәмхана-мейрамханалардың 30 проценті жабылады. Қазірдің өзінде өңірлердегі қарыз 5-6 млн болса, ірі қалаларда 12-15 млн теңгеден асады. Әйтеуір «Ашық» жүйесі арқылы жұмыс істеп, берешегімізді өтеп жатырмыз. Кәсіпкерлердің саптан шығып қалмауы үшін бағаны 2,5 есе көтеру керек. Өйткені мұздатылған етпен кәуап жасай алмаймыз. Яғни ет қымбаттаса, біз де өнімдерімізді қымбаттатуға мәжбүр боламыз.

ТЕҢГЕНІҢ ӘЛСІРЕУІНЕ НЕ СЕБЕП?

Ұлттық Банк өткен сауда-саттықтағы теңгенің әлсіреу себебін атады. Белгілі болғандай, экономикасы дамып келе жатқан 20-дан аса мемлекеттің ұлттық валюталары доллардың нығаюы аясында арзандады. АҚШ Федералды резервтік жүйесі ақша-несие саясатын қатаңдатпақ. Монетарлық операциялар департаментінің директоры Иван Сердюктің айтуынша, теңгенің әлсіреуіне мұнай бағасының төмендеуі де әсер еткен. Осы аптада ұлттық валютамыз 48 тиынға нығайды.

Еліміздегі валюта бағамына тоқталатын болсақ, доллар 426.77 теңге, еуро 509.95 теңге, Ресей рублі 5.89 теңгені құрады.