Lego үйлер нарықтағы бағаға қалай әсер етеді?

Елдегі құрылысшылар енді баспананы «пре-фаб» технологиясымен салуға көшпек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, бұл үйдің басым бөлігін зауытта дайындап, кейін Лего ойыншығы секілді жинау деген сөз. Кәсіпкерлер осы арқылы нарықтағы бағаны түсіруге болады деп есептейді.

«Пре-фаб» әдісімен салынған үйлер толығымен зауытта дайындалады. Кейін орын таңдалған соң, жұмысшылар барып, оны кәдімгі лего ойыншығы секілді құрастырады. Бұл тәсіл заманауи ғана емес, қаржы жағынан да анағұрлым арзанға түседі. Құрылысшылар солай дейді. Сондай-ақ тұрғын үй кешендерін бұлайша салу күн райына тәуелді емес. Ал бұл – өте маңызды фактор. Себебі құрылыс бір күн тұралап қалса,  мердігер шаш етектен шығынға батады. Мамандар баспана нарығындағы бұғаусыз кеткен бағаны төмендету үшін Заңға да өзгеріс енгізу керек деп есептейді. Айтуларынша, әлі күнге үй салуда ескі тәсіл қолданылады. Ал әлемде өз тиімділігін дәлелдеген түрлі технологиялар бар. Соның бірі, бағана біз айтқан «пре-фаб» әдісі. Қазіргі таңда мобильді үй құрлысы АҚШ, Украина сынды бірқатар елде қолға алынған.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДЕМЕУ ШАРАЛАРЫ

Дүниежүзілік банк тобына кіретін Ай-эф-си қаржылық корпорациясы қазақстандық кәсіпкерлерге қол ұшын береді. Ұйым елдегі шағын және орта бизнестің пандемиядан соң еңсе тіктеуіне 25 млн долларға дейін қаржы бөлмек. Қомақты сома Ки-эм-эф микроқаржылық ұйымына аударылады. Қазір оның еліміздің әр түкпірінде 14 бөлімшесі, 217 мыңнан астам тұтынушысы бар. Шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 27 процентін құрайды. Десе де қаржыландыру мәселесі қағажу қалып келеді. Оның үстіне, кейбір бизнес субъектілері пандемияға дейін де несиеден қол үзіп қалды. Қазір олардың жағдайы тіптен мүшкіл, дейді  микроқаржылық ұйымның басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов. Оның айтуынша, кәсіп иелері бұрынғы қарқынға келуі үшін қаражаттан тарықпауы керек. Осы орайда, 180 мыңнан астам шағын және орта бизнес суъбектісі аталған қолдауға үміт арта алады. Айта кетейік, Ай-эф-си – жеке секторды дамытуға арналған әлемдегі ірі институттың бірі. Оның қызметін 100-ден аса ел пайдаланады.

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНЫҢ САНЫ 18,2% ҚЫСҚАРДЫ

Әлемді жайлаған індет еңбек мигранттарының көшін де біраз тежеген сыңайлы. Мәселен, биыл Қазақстанға нәпақа табу үшін келген шетелдіктердің саны 18,2 процентке қысқарған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, мамыр айындағы жағдай бойынша Қазақстанның еңбек нарығындағы мигранттардың үлесі 15,4 мың адам болған.  Олардың басым бөлігі – Қытай азаматтары. Сондай-ақ ала шапанды ағайындардың да қарасы қалың. Тізімді ары қарай Түркия, Үндістан, Британия мемлекетінен келгендер құрайды. Қазақстанға кәсіп іздеп келетіндердің  басым бөлігі – құрылыс саласында жалданады. Айта кетейік, министрлік әр жыл сайын сырттан жұмыс күшін тарту үшін арнайы квота бөледі:

биыл бірінші санат бойынша, яғни, басшылар мен олардың орынбасарлары сынды лауазымды орынға 650 квота, екінші деңгейлі құрылымдардың басшыларын шақырту үшін 3246 квота, түрлі сала мамандарына 7511, қарапайым жұмысшыларға 488 квота жасалған.

Бұдан бөлек, маусымдық жұмыстарға 1723 шетел азаматы жұмылдырылыпты. Ал іс-сапармен елімізге биыл 1825 шетелдік келіп-кетпек.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ИНДОНЕЗИЯ АРАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ӘУЕ РЕЙСТЕРІ АШЫЛУЫ МҮМКІН

Қазақстан мен Индонезия арасында чартерлік рейстер ашылуы мүмкін. Сабақты ине сәтімен болса, қазақстандықтар бұдан былай Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Бали, Джакарта, Сура-байя, Шығыс Яваға тікелей ұшып бара алады. Қазір бұл мәселені екі елдің ведомство өкілдері талқылап жатыр. Жалпы, Индонезия жерлестеріміз үшін тартымды туристік ел саналады. Осыдан екі жыл бұрын 10 мыңнан астам отандасымыз Индонезия асқан. Пандемия кесірінен көрсеткіш  теңжарымға қысқарды. Туризмнен бөлек, бизнес және халал өнімдер индустриясы саласындағы ынтымақтастықты да дамыту жайы қарастырылып жатыр.

ЕНДІ ВАЛЮТА БАҒАМЫ

Доллар 427 теңге 83 тиын, еуро 510 теңге 77 тиын, Ресей рублі 5 теңге 92 тиын.

Сондай-ақ...