Тараптардың ауыз жаласуы тыйылмай тұр

Шаруалардың көңілі пәс. Биыл қамбаға түсетін бидайдың көлемі аздау болады.

Оған қолайсыз климаттық жағдай себеп. Әсіресе батыс және оңтүстік өңірлердегі жағдай қиын.

Биыл жиын-терім науқаны былтырғыдай болмайды. Десе де мамандар қамбаға 10 млн тонна бидай жинамақшы. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға аз. Жауын-шашынның кем болуы мен өңірлердегі құрғақшылық шаруаларды тығырыққа тіреді. Әйтеуір аз уақыт ішінде жоспардағы дән себілген. Егіншілер одағы жүргізген сауалнамаға сай шаруалардың 53 проценті күткен өнімді алудан үмітті. Бірақ Қостанай, Батыс Қазақстан және оңтүстік өңірлерде мәселе өзектілігін жойған жоқ. Қостанай демекші, болжамға сай мұнда бір гектардан 3 центнердей ғана бидай алынуы мүмкін. Сала мамандары қалыптасқан жағдайға бейжай қарамай, жан-жақты зерттеу қажет дейді. Ал былтыр жетпей қалған 1,8 млн тонна бидай Ресейден әкелінген. Алайда есепке алынбай қалғаны бар. Өйткені тараптар көлеңкелі нарыққа жол беріп жатады.

Виктор Асланов, Қазақстан егіншілер одағының төрағасы:

– Қазақстандық өндіруші заң бұзған тасымалдаушымен бәсекелесуге мәжбүр. Ресейлік шаруалардың бидайын біз көрген жоқпыз. Сапасынан хабарымыз жоқ. Арзан бидайға қызығып жатқандар көп. Ал оны әкеліп жатқандар елге салық төлемейді. Шекарадан пара беріп өтуі де мүмкін. Өзінің өнімділігін арттырып, ресейлік өнімді иемденіп алуы да ықтимал. Қазір «Астық туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжат көлеңкелі нарық мәселесін шешеді деп сенеміз.

РЕСЕЙ БИДАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРМАҚ

Ресейде маусым бойы бидай экспорты артқан. Ай басында 1 млн тоннадан аса астық сыртқа шығарылды. Мамандар бұл көрсеткіш 2 млн 700 мың тоннаға жетеді деп отыр. Бұл рекордтық деңгей. Өзгермелі баж салығының енгізілуі жағдайға оң әсер етті. Қазір оның мөлшері 38 еуро. Бағаның арзандауы да шетелдік тұтынушыларды қызықтырып отыр.

Ресейде соңғы 10 жылда болмаған 4,5 млн тоннадай бидай сақталған. Былтырдан қалған мол қор қазір арзан бағада сатылып жатыр. Өткен аптада жаңа астық құны 7 процентке арзандады.

ЛИМИТІ ТАУСЫЛҒАН БАНКТЕР ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАМАЙДЫ

Ал еліміздегі банктер «Баспана хит» бағдарламасына өтініш қабылдауды тоқтатып жатыр. Бүгінге дейін үш қаржылық ұйым лимиті таусылғанын хабарлады. Мысалы «Банк центр кредит» бағдарлама жүзеге асқан жылдары 157 млрд теңгеден аса қарыз берген. Ал «Халық банк» өкілдері былтыр 1770-ке жуық ипотека рәсімделгенін хабарлады. Жалпы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы 9 банк арқылы қаржыландырылды. Аталған жоба жұмыс істейтін табысы бар азаматтарға арналған болатын.

Естеріңізде болса, өткен айда «Баспана хит» бағдарламасының биыл аяқталатыны белгілі болды. Алайда елдегі құрылысшылар бұл үрдісті ипотекалық өнімдердің қымбаттауына алып келеді деп болжады.

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ ҚОЛЖЕТІМСІЗ БЕ?

Ұлттық банк жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын қаржыландырмайды. Оның негізінде екі жылда 8,5 мыңнан аса қарыз рәсімделген. Бөлінген 48 млрд теңгеден көп несиенің 9 млрд-тайы қайтарылған қарыз есебінен берілді. Жалпы Ұлттық банк аталған бағдарламаны қаржыландыруға 40 млрд теңгені сарп етіпті. Енді 4 проценттік мөлшерлемеге негізделген ұсынысты Үкімет пен Бәйтерек холдингі жүзеге асыратын болады. Банктер қайтарылған қарыз есебінен алынған қаражатты басқа мақсатта қолдануға құқылы емес. Мақсат – отандық көліктерді тиімді шартпен сату.

ЕЛІМІЗДЕГІ ВАЛЮТА БАҒАМЫ

Доллар 426,61 теңге

Еуро 509,33 теңге

Ресей рублі 5,88 тиын