Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасына бақылау болмайды

Фармацевтика саласында бағаны бақылау дәрі-дәрмектің арзандауына емес, қымбаттауына, дамуына емес, тежелуіне әкеліп жатыр. Себебі жаңа медициналық препаратты шығару үшін алғашқы тіркеу 5 жылға созылады. Ал тауардың бағасы жарты жылға бір бекітіледі. Нарықта баға өзгере қалған жағдайда дистрибьюторлар жедел әрекет ете алмайды. Салдарынан тауарды сатпай, ұзақ сақтауға мәжбүр болады. Бұл тауардың өзіндік құнын көтеріп жібереді. Монополияға қарсы қызмет өкілдерінің зерттеуіне қарағанда мемлекет бекіткен баға дәріханалар үшін аса өзекті емес. Себебі бағаны бекіткенде ең жоғарғы құны көрсетіледі. Ал дәріханаларда одан арзан. Десе де, кейбір кәсіпкерлер бағаны әдейі максималды шекке дейін көтереді. Осындай жағдайдан арылу үшін келер жылдың ортасына таяу бақылаудағы дәрі-дәрмек тізімі 3 жарым мыңға кемиді. 

Келер жылдың соңына дейін ел нарығындағы барлық медициналық препарат таңбаланады. Пилоттық жоба 2019 жылдың қыркүйегінде басталған. Биыл шілдеде аяқталуы тиіс. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы мамандарының айтуынша, сынақ кезеңінде 100 мыңдай дәрі таңбаланып, тиімділігін көрсетті. Келер жылы бұл жоба Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде енгізіліп, ортақ тізім жасалады. Яғни одаққа мүше бес мемлекеттің бірінде тіркелген дәрі қалған мемлекеттердің нарығында да қолданылады. Бұл құжат айналымын азайтып, бәсекелестікті арттырады. Сапаны көтеріп, бағаны төмендетеді деп жоспарланған. Елдің индустрия және экспорт орталығының мәліметіне қарағанда қазір отандық фармацевтикалық компаниялар ішкі сұраныстың тек 15 процентін дәрі-дәрмекпен қамтып отыр. Қалған 85 проценттейі импортталады. 

Ержан Асқарұлы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы бас директорының орынбасары:

- Бұл жобада 4 қазақстандық өндіруші бар. 12 дистрибьютор бар. Импорттаушылар бар, дәріханалар бар. «СК-Фармация» бар. Яғни жалпы басқа елден келетін, өзімізде өндірілген дәрілік заттар осы жобада қатысып отыр. Цифрлық таңбалаумен қоса келешекте толығымен ЕАЭО-ға кіруіміз бар. Оның барлығы дәрілік заттардың ассортиментін көбейтеді. Бұл елімізде нарықтық бәсекелестікті арттырып, бағаның төмендеуіне әсер етеді. 

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының тоқтатылуы жаңа көлік саудасын тежеп тастауы мүмкін. Мұндай болжамды «КазАвтоПром» одағының өкілі Артур Мискарян жасады. Оның айтуынша, 2018 жылдан бері елде жаңа көліктің саудасы жыл сайын 20-25 процентке өсіп келеді. Сатылған жүз көліктің 12-сі осы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша рәсімделген. Мәселен, былтыр 8 мың адам төрт пайыздық несиемен темір тұлпар алды. Енді мұндай сұраныс болмайды. Десе де, машина жасаушылар сұраныс азайса да баға түспейтініне сенеді. Мискарянның айтуынша, автонесие бағдарламасы айналма жүйесі бойынша жұмыс істеді. Яғни бұрын несие алғандардың төлеген қаржысы қайтадан қарыз ретінде беріледі. Оны алу үшін тұрғындар ұзақ кезек күтуге мәжбүр болады.

Артур Мискарян, «Қазавтопром» одағы төрағасының орынбасары:

- Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының тоқтатылуы бағаға ешқандай әсер етпейді. Көлік құнына ұлттық валютаның тұрақтылығы, нарықтағы бәсекелестік және ұсыныстың көп болуы әсер етеді. Сондықтан баға төмендейді деуге негіз жоқ.

Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 427 теңге бір тиынға тең. Еуро 509 теңге 94 тиын. Ал Ресей рубльі 5 теңге 91 тиын деп белгіленді.