Қойдың небәрі 10%-ін экспортқа тірілей сатуға рұқсат беріледі

Күзде қой экспортына квота енгізіледі. Яғни шопандар қолда бар ұсақ малының тек 10 процентін ғана шетелге тірілей сата алады. Мұндай шара не үшін енгізілді?

Жыл басынан бері Қазақстанда қойдың саны 7 миллион бір жүзге көбейді. Осылайша елдегі ұсақ малдың жалпы саны 27 миллион және жүз мыңға жетті. Бұл ішкі нарықты қой етімен толық қамтуға жетеді. Десе де, биыл елдің кей өңірлеріндегі қуаңшылық және жем-шөптің қымбаттауына байланысты шопандар мал басын азайтуға басымдық беруі мүмкін. Әсіресе шетелге тірілей сатылуы ықтимал. Осының алдын алу үшін мамандар ұсақ малды шетелге тірілей сатуға шектеу енгізіп отыр. Бастамаға кейбір шопандар қарсы.

Айтуынша, пандемиядан кейін негізгі импортерлермен байланыс әлі толық қалыпқа келген жоқ. Әуе тасымалы да екі есе қымбаттады. Мұның үстіне қой етін өңдейтін зауыттар елдің барлық өңірінде жұмыс істемейді. Сондықтан жергілікті шопандар малын өткізетін жер таппай қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін деп санайды. Тараптарды тыңдай келе ведомствоаралық комиссия күзге дейін қой экспортына квота беру механизмін жасауға кірісті.

Алмасбек Садырбаев, Ұлттық мал шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:

- Бұл еттің бағасын тұрақтандыруға көмектеседі. Егер де бізден мал кетіп қалса қымбаттағанның көкесі сонда болады. Квотаны алып шығарамын деген адамның малдарын тексереміз. Онда нақты мал бар ма, малының қаншасын сатуға шығарып жатыр. Қазір шаруалар қалып қалмасын. Оларға мүмкіншілік береміз. Қазір қолындағы жас мал бар ғой, биылғы төл, соны сатсын. Ал аналық басты сақтап қалудың амалы біздікі.

Айта кетейік, жыл сайын республикада 172 мың тоннадан астам қой еті өндіріледі. Бұл ішкі нарықты толық қамтуға жетеді. Ал шет елдерге биыл төрт айдың өзінде 538 тонна ет экспортталды. Қазақстандық қойдың етін негізінен Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Бахрейн және Ресей елдері импорттайды.