Қазақстанда кәсіпкерліктен түсетін кіріс 51 млрд теңгеге кеміген

Азды-көпті кәсіп ашып, бір тиынын еселеп отырған кәсіпкерлер қауымы үшін пандемия кәдімгідей сынақ болды. Тіпті олардың кейбірі бұл саладан мүлде кетуге бел байлады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 400 мыңнан астам кәсіп иесі қысылтаяңда дөңгелетіп отырған ісін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Ал бұл ел қазынасына түсетін салық көлемінің әжептәуір азаюына әкелді. Нақтыласақ, бюджеттің бүйірі былтыр 51 млрд теңгеге кеміген. Себебі 31 мыңнан астам кәсіпкер түрлі қиындыққа байланысты салығын төлей алмай қалды. Дені сауда-саттық, құрылыс, қызмет көрсету салаларының өкілдері. Оның ішінде 95 проценті шағын және орта бизнеске тиесілі. 

Алайда осындай апыр-топырда амалын тауып, іс бастап, тіпті көл-көсір табысқа кенелгендері бар. Айталық, індет кезінде ай-ти, онлайн сауда саласында жұмыс қыз-қыз қайнағанын көз көрді. Мамандар дәл осы бизнес субъектілері ел экономикасына 31 млрд теңгедей кіріс кіргізгенін де айтып отыр. Ал көлденең келген кесапаттан есеңгіреп, әлі күнге ес жия алмай жүргендері қайтпек? «Атамекен» ұлттық палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, Үкімет індеттен кейін еңсе тіктеудің бірнеше механизмін әзірлеген. Соның бірі мемлекеттік тапсырыс саласында отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:

- Мемлекеттік тапсырыс деңгейі қазіргі таңда республикалық деңгейде 15 трлн теңгеден асып отыр. Бұл дегеніміз жергілікті атқарушы, орталық органдарымыз бар. Осындай деңгейдегі тапсырыс қазір ең алдымен отандық өндірушілерге бағытталуда. Қай деңгейде мемлекеттік тапсырыс көрсетіледі, осындай біздің тауар өндіруші бар деп мемлекеттік органдарға ұсынамыз. Сонымен қатар отп.кз сайты жұмыс жасайды. Қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі құрастырылған. Сұрақ... Бұл жұмысты бастағанда үлес 30-35 процентті құрады. Қазіргі таңда мына жеке салаларды үлес 80 процентке жетіп отыр. 

Еске сала кетейік, Ұлттық банк жеңілдетілген несиеге бөлінген қаржыны 800 млрд теңгеге жеткізіп, бағдарламаны жыл соңына дейін ұзартты. Маманның сөзінше, бұл да кәсіпкерлік саласының қайтадан қанат жаюына септігін тигізуі тиіс. Бұдан бөлек кәсіп иелері Бизнестің жол картасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына иек арта алады. 

Ал Түркістан облысында Түркітілдес елдердің арнайы экономикалық аймағы құрылады. Қазіргі таңда оның жобасы жасақталып, тиісті органдардың талқысына жіберілді. Бұл бастаманы көктемде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Себебі індет салдарынан сауда-саттық көлемі 11,2 процентке төмендеген. Сондықтан ендігі міндет арадағы осы алыс-берісті арттыру. Аумағы 180 гектар болатын өнеркәсіптік орында жергілікті шикізаттан сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім дайындау көзделіп отыр. Жалпы Түркістан өңірінің құрылыс материалдары, дайын металл бұйымдары, минералды заттар, тоқыма, тігін, былғары аяқ киім жасау ісі мен азық-түлік, фармацевтика салалары бойынша әлеуеті жоғары. Дегенмен, энергия жағынан ұтымды, экологиялық таза өндіріске басымдық берілмек. Сондай-ақ инновациялық технологияларды кеңінен енгізу көзделген. Түркітілдес елдердің бірлескен экономикалық аймағының салынуы облыстың дамуына соны серпін беріп ғана қоймай, мемлекеттер арасындағы ынтымақтасты нығайтуға ықпал етеді, дейді мамандар. 

 

Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 427 теңге  31 тиынға тең. Еуро 507  теңге 39  тиын. Ал Ресей рубльі  5 теңге 88 тиын деп белгіленді.