Елімізде тұрғызылып жатқан құрылыс нысандары салынбай қалуы мүмкін

Елде бірқатар құрылыс нысаны сол күйі салынбауы мүмкін. Себебі шикізаттың қымбатттауы мердігерлерді тығырыққа тіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрбір шығынын есептеп барып, тапсырыс алған мердігерлер бүгінде не істерлерін білмей дал. Себебі, құрылыс материалдарының жылдың басындағы бағасы мен қазіргі құны жер мен көктей.

Құрылыс материалдарының бағасы сол күйі аспандап тұр. Ол әсіресе, цемент, бетон, жылытқыштар мен металда айқын сезіледі. Нарықтағы жағдай саладағы компаниялардың салын суға кетірді. Бұлай жалғаса берсе, елде құрылыс мүлде тұралап қалуы мүмкін. Қазақстан Құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Бениамин Файзуллин осылай дейді. Себебі мемлекеттік бағдарлама аясында тапсырыс алған мердігерлер шикізат құнының қымбаттауынан шаш етектен шығынға батқан. Сондықтан олар әу бастағы келісімшартқа түзетулер енгізіп, қосымша қаржы бөлуді сұрап отыр. Қазір Одақ аталған мәселені тиісті органдарға жеткізгенін хабарлады. Алайда нәтиже жоқ. Ал құрылыс материалдарының құны өскен үстіне өсіп барады. Мәселен, арматураның тоннасы бүгінде 430 мың теңгеден саудаланып жатыр. Баға былтырмен салыстырғанда 232%-ке артқан. М-400 маркалы цементтің құны 36 мың теңге деп белгіленген. Өсім 218%-ті құрайды. Жалпы нарықта бұл шикізатқа тапшылық бар. Сол сияқты бетонды жеткізіп беру қызметімен 23 мың теңгеге алуға болады. Оның құны 114%-ке көтерілген. Кірпіш те қымбаттады. Бір данасы 80 теңге. 

***

Қазақстандықтар қаржы пирамидаларының арбауына неге түсіп қала береді?

Сарапшы Дмитрий Казанцевтің пайымынша, бұған халықтың қаржылық сауатының төмен болуы себеп. Былтыр наурыз-сәуір айларында елде қаржы пирамидасын құрудың 287 дерегі тіркелген. Олардың кесірінен азаматтар 8,5 млрд теңгесінен айырылған. Қомақты сома. Десе де, мұның өзі көпшілікке сабақ болмай тұрған сыңайлы. Маманның сөзінше, салымшылардың 55%-і алданып қалғанын сезсе де, әп-сәтте ақша тапсам деген соқыр сенімнен арыла алмаған. Маман мұндай жайттарды болдырмас үшін Батыс елдерінің тәжірибесіне жүгіну керек деп есептейді. Яғни, ақша, депозит, инвестиция, құнды қағаздар нарығы жайында білім мектепте берілуі керек. Сондай-ақ алаяқтардан зардап шеккендерге тегін кеңес ұсынатын орталық құру да қоғамдағы көріністі жақсартуы тиіс. Ал сарапшылардың енді бірі «халықтың әлеуетінің төмендеуі де осыған әкеп соқты» дейді. Себебі табысынан айырылып, қиын жағдайда қалған адам ақша табудың кез келген амалын іздері анық.

***

Қазақстандықтар алтын құймаларын сатып алуды азайтты  

Қазақстандықтардың алтынға деген қызығушылығы күрт төмендеп кетті. Мамыр айында небәрі 60 келі алтын сатылған. Бұл шамамен 1800 құйма болады. Осылайша, Ұлттық банк бағалы металл саудасының аз уақытта екі есе қысқарғанын айтып отыр. Қазір нарықта құнды металдың 5, 10, 20, 50, 100 грамдық түрлері кездеседі. Тұтынушылардың таңдауы көбіне соның 10 келілігіне түседі екен. Ол жалпы сатылған өнімнің 30%-ін құрайды. Естеріңізде болса, тазартылған алтынды сату пен сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосты. Содан бері азаматтар екі тоннаға жуық алтын құймасын сатып алған. Тұрғындардың пайымынша, осы арқылы қаржыны сақтауға және тиімді инвестициялауға болады. Оны еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пунктері іске асырады.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 426 теңге 6 тиынға тең. Еуро 505 теңге 55 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 85 тиын деп белгіленді.