Елімізде киім-кешек қымбаттауы мүмкін

Отандық өндірушілер жыл басынан бері 21 млрд теңгенің өнімін өндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, ішкі нарықта импорттық тауарлардың үлесі басым.

Біздегі өндіріс азайып жатыр ма?

Керісінше бір жылдағы өсім 20%-ке жуықтаған. Әсіресе, Алматы облысындағы өндіріс қарқынды.

Былтыр елімізде балаларға арналған киім өндірісі 71%-ке азайған. Биыл бұл көрсеткіш 3,5 есе артты. Бақандай 23 млн теңгенің өнімі шығарылған. Алайда бұл жалпы сұраныстың бір процентін ғана жаба алды. Сөйтіп, сырттан әкелінетін балалар киімінің үлесі 40%-ке артқан екен. Алматы, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласында отандық киім өндірісі жақсы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы белгілі кәсіпорындар 46 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бірақ қазақстандықтар әлі де импорттық киім-кешекті киюге мәжбүр. Қаңтар-сәуір айларында ғана елге 31 мың тонна тауар тасымалданды. Оның 8,5%-і ТМД аумағынан келсе, қалғаны қытай, түрік киімдері. Демек, сұраныс екі есе артқан. Ал баға 5%-ке қымбаттапты. Жеңіл өндіріс қауымдастығының президенті бұған дейін импорттың экспортты 30 есе басып кететінін айтқан болатын. Ол отандық кәсіпкерлер мен шетелдік бәсекелестерге қойылар талапты теңестіруді, қосымша құн салығынан босатуды сұраған болатын.

***

Халықаралық валюта қоры тағы 650 млрд доллар бөлмек

АҚШ Қытай мен ондағы жеке секторды G20 бастамасына қолдау білдіруге үндеді. Кірісі төмен мемлекеттердің қарызын өндіруге мораторий жариялау жайында сөз болып жатыр. АҚШ саммитте келісілген тұжырымдаманы кеңейтуге дайын. Оның жай-жапсары 9-10 шілдеде Венецияда өтетін отырыста талқыланбақ. Қазір әлем қарыз аясындағы дағдарыстың алдында тұр. Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева мемлекеттердің коронавирус пандемиясына қарсы тұруға қамсыз болғанын талай айтқан болатын. «Бұл дамып келе жатқан елдердің өзін ондаған жылға артқа қалдыруы мүмкін тәуекел», деді. Сол кезде кейбір қытайлық компаниялар қарыз төлемін тоқтата тұруға көнбеген болатын. Нәтижесінде жағдайы мүшкіл мемлекеттер көбейді. Енді халықаралық валюта қоры арнайы қарыз алу құқықтарын кеңейтіп, мұқтаж елдерге 650 млрд доллар көлемінде қаражат бөлмек. Тек бастаманы басты мемлекеттердің құптауы маңызды дейді мамандар.

***

Биыл жаһандық корпорациялардың қарызы еселеніп жатыр

Биыл жаһандық корпорациялардың таза қарызы 600 млрд долларға артады. Олар пандемия кезінде жиналған ақшасын түгел жұмсауға аз-ақ қалды. Бұл 5,2 трлн доллар. Корпорациялардың былтырғы берешегі 1,3 трлн долларды құраған. Рекордтық сома. Жалпы қарыз 10%-ке артып, 13,5 трлн долларға жетті. Ал экономика қалпына келісімен дивидендтерді төлеу, акция сатып алу сынды шығындар көбейеді.

«Сөйтіп, корпоративтік қарыз жоғарыда айтқан 600 млрд долларға жетеді», - дейді сарапшылар. Алайда несиелік сапаны арттыру инвестиция тартуға жол ашуы да мүмкін. Мамандар пандемия қыспаққа алған азық-түлік және көлік құрастыру салаларындағы компаниялардың инвестициялық ахуалы реттеледі деп отыр.

***

19 компания биткоинға 6,5 трлн доллар инвестиция салды

Ал институционалдық инвесторлардың 40%-і алдағы екі жылда криптовактивке салым салуды көбейтпек. Лондон криптовалюта қоры жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Бір ай бойы АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, БАӘ-нен 100-ге тарта басқарушы актив пен инвестор сарапшылардың сұрағына жауап берді. Олардың 82%-і сандық активтердегі инвестиция үлесін арттыру тетіктерін іздеп жүрсе, 1%-і криптовалютадан толық құтылуды мұрат ететінін жеткізген. Сауалнамаға қатысқандар криптонарықтағы жағдайдың құбылуына қарамастан, оның дамитынына сенім білдірген. Бүгінде Канада, Бразилия және араб елдерінде биткоинға биржалық қор ашылған. Nickel Digital компаниясының бас директоры Анатолий Крачиловтың есептеуінше, нарықтық капиталы 1 трлн доллардан асатын 19 компания биткоинға 6,5 трлн доллар инвестиция құйған. Әсіресе, жастар арасындағы қызығушылық жоғары.

Доллар 427,86 теңге, еуро 505,80 теңге, Ресей рублі 5,7 теңгеге тең.

Сондай-ақ...