42 мыңға жуық қазақстандықтың шетелге шығуына тыйым салынды 

Елде 42 мыңға жуық адамның шетелге шығуына уақытша тыйым салынған. Себебі олардың мемлекет алдындағы берешегі 40 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен. 

Қазір жаздың қызған шағы. Көбі еңбек демалысына шығып, шетелді аралауды армандайды. Алайда алдымен әділет министрілігінің ақпараттық базасынан борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды бір тексеріп алу керек секілді. 

Қазіргі заңнамаға сәйкес, егер қарыз көлемі 40 айлық есептік көрсеткіштен асса, бұл шамамен 116 мың 680 теңге, азаматтың елден ұзап шығуына шектеу қойылады. Мұндай тыйым борышкер сот шешімін аяқасты етсе, салынады. Сондай-ақ ай сайынғы төлемді кейінгі 90 күн ішінде мүлде төлемей қойған жағдайда осындай шара қолданылады. Сондықтан іссапар мен курорттық демалыстарды жоспарламас бұрын, Әділет министрілігінің ақпараттық базасынан борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды бір тексеріп алу артық етпейді дейді мамандар. Сонымен қатар берешекті жолға шығар алдында емес, ең абзалы 10-15 күн бұрын төлеген жөн. Қарызды төлегеніңізді растайтын түбіртектен бөлек, сот орындаушысын да хабардар етуді ұмытпағайсыз. Ал сот орындаушысы өз кезегінде сізге шет елге шығуға тыйым салынғанын 5 күн ішінде айтуы тиіс.

ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖАБЫЛСА ДА, ҮЙ САУДА ҚЫЗЫП ТҰР

Елде бірқатар ипотекалық бағдарлама жабылса да, тұрғын үй саудасы сол баяғысынша қызып тұр. Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратқа сай, маусым айында баспананы сату мен сатып алу келісімшарты 11,8 процентке көп жасалған. Дені Солтүстік Қазақстанда. Өңірде рәсімделген келісімшарт  саны  1058-ге жеткен. Ал Маңғыстауда керісінше, сауданың едәуір саябырсығаны байқалады. Еске сала кетейік, қазір нарықта жаңа үйдің шаршы метріне 338 мың 450 теңге көлемінде баға белгіленген. Өсім бір айда 0,9 процентке жетті. Ал қайталама нарықта баға 267 мыңнан асып түсті. Мұндай санаттағы үйлер мамыр айынан бері 1,2 процентке қымбаттаған.

ӘЛЕМДЕ ӘУЕ ТАСЫМАЛЫНА СҰРАНЫС АРТА БАСТАДЫ

Әлемде әуе тасымалына сұраныс арта бастады. Дегенмен жолаушылар айналымы әлі де болса төмен деңгейде. IATA халықаралық ұйымының хабарлауынша, мамыр айында дүниежүзінде жолаушылар айналымы 62 процентке қысқарған. Соның ішінде: сыртқы рейстер 85 процентке, ішкі рейстер 24 процентке азайған. Мамандар әсіресе Үндістан мен Жапонияда  жағдай күрделі болғанын айтып отыр. Соған қарамастан соңғы кездері ахуалдың сәл де болса түзелгенін байқауға болады, дейді олар. Себебі бүгінде бірқатар ел әуе рейстерін қайта жандандыруға көшті.  Әуе қатынасы шектеліп, компаниялар шығынға ұшырап жатқанда, есесіне жүк тасымалы саласында жұмыс қыза түскен. Пандемия кезінде бұл қызмет түріне сұраныс әлемде бірден 9 процентке көтеріліпті.

ӨЗБЕКСТАН СЫРТТАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА КҮШ САЛУДА   

Өзбекстан сырттан инвестиция тартуға күш салуда. Нәтижесінде бір жыл ішінде көрсеткіш 2,3 есе ұлайған. Қазір мемлекетке құйылған қаржы көлемі 4,2 млрд долларға жетті. Осылайша, Өзбекстан шетелдік компаниялар үшін Орта Азиядағы ең тартымды ел атанып отыр. Қаржы құюға ынта білдіргендердің басым бөлігін Қытай, Германия, АҚШ және Ресей құрайды. Олар мұнай мен  химия өндірісіне қызығушылық танытқан. Сарапшылардың пайымынша, Өзбекстанда инвесторлардың құқығын қорғау мен салықтың төмендетілуі, сондай-ақ импорттық құжаттарға қойылатын талаптардың жеңілдетілуі өз жемісін берген. Ал Дүниежүзілік банктің есебінше, 2021 жылы әлем экономикасы 5,6 процентке көтеріледі. Өзбекстанмен бірге Тәжікстанда да оң динамика байқалады деп болжануда. Ал Қазақстанда өсім 3,2 процент шамасын көрсетуі тиіс екен.