Біреуге карантин, біреуге пайда: такси компаниялары мол табыс тапқан

Биыл бес айда елдегі такси қызметін ұсынатын компаниялардың табысы былтырмен салыстырғанда 4 есеге артты. Қаңтар мен мамыр аралығында олар 1,7 миллиард теңге пайда тапқан еді.

Ал 2020 жылы 389 миллион теңге пайда тапты. Десе де, такси қызметіндегілер пандемияға дейінгі көрсеткішке әлі жетпегенін айтады. 2019 жылдың бес айында жолаушы тасымалдаушылар 2,4 миллиард пайда тапқан. Numbeo мәліметтер базасындағы бағаға қарасақ, Қазақстан әлемде такси қызметі ең арзан мемлекеттердің қатарына жатады. Ең қымбат ел Швейцария. Мұнда бір шақырым үшін таксиге 4 доллар 15 цент төлейсіз. Жапонияда 3 жарым доллар шамасында. Ал Қазақстанда бір шақырым үшін 35 цент яғни 148 теңге төлейсіз. Әлем бойынша такси ең арзан ел Шри-Ланка. Мұнда таксимен бір шақырым жүру 25 теңге ғана.

Ұлыбританияда қант пен тұзға салық көбеюі мүмкін. Мұндай бастаманы елдің азық-түлік стратегиясын жасайтын орталық көтерді. Себебі дәмдеуіштер адам денсаулығына орасан зор зиян келтіреді екен.

Мамандардың айтуынша, қант пен тұз жылына Корольдікте 64 мың адамның өліміне себеп болады. Бұл ел экономикасына 103 миллиард доллар шығын әкеледі. Салыстырмалы түрде алсақ шығын сомасы елдің ішкі жалпы өнім көрсеткішін 3 жарым процентке кемітеді. Bloomberg агенттігінің ақпаратына қарағанда қанттың әрбір келісіне 4 доллар, тұзға 8 доллар салық енгізіледі. Жаңа қадам қазынаға қосымша 5 миллиард доллар пайда түсіреді. Қаржының бір бөлігі мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтуға жұмсалады. Салық 2024 жылдан бастап алынуы мүмкін. Оған дейін өндірушілер мен тұтынушылардың жаңа талапқа дайындалуына мүмкіндік беріледі.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Қазақстан қор биржасында АҚШ бір доллары 426 теңге 53 тиынға тең. Еуро 505 теңге. Ал Ресей рублі 5 теңге 75 тиыннан саудаланып жатыр.