Қазақстандағы бензин бағасын әлемдік нарықпен теңестіру талап етілді

Павлодар мұнай-химия зауытында басталуы тиіс жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін шегерілді.

Энергетика министрлігінің дерегінше, бұған күзгі дала жұмыстарын жүргізу кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілерін тарықтырмау үшін қор жинақтау қажеттілігі себеп.

Демек, бензиннің құны қымбаттайды. Мұнай саласы жөніндегі сарапшы Олжас Байдильдинов жалпы нарықтағы өзгеріске дайын болуымыз керек дейді. Өйткені ЕАЭО пен дүниежүзілік сауда ұйымы бағаны теңестіруді талап етіп отыр. Бір жылда біздегі өнім 14 процентке қымбаттаған. Дегенмен, өзге мұнайлы елдерге қарағанда бұл тым арзан. Сарапшы Қазақстандағы баға өзіндік құннан да төмен екенін айтады. Салыстырайық, АИ-95 бензинінің нарықтағы құны 205 теңге шамасында. Ресейдегі баға 288 теңге, Сауд Аравиясында 270 тг, ал АҚШ-та 397 теңгеге сатылады. Олжас Байдильдинов қазақстандық мұнайдың ерекшелігі көп дейді. Оны өңдеуге дейін өндірудің өз қиындығы бар. Ал Қазақстан наурыз айында биржалық механизмге көшті. Қазір мемлекет бағаны бақылауда ұстап отыр, бірақ бұл ұзаққа бармайтын үрдіс. Келесі жылдың соңында сұйытылған газ құнын да биржа реттейді. Сондықтан сарапшы үнемді көліктерге көшуге кеңес береді.