Құнарлы тамақ ішуді қалта көтере ме?

Құнарлы тамақ ішуді қанша қазақстандықтың қалтасы көтереді? Жуырда Ұлттық статистика бюросы осындай сауалнама жүргізді.

Оған сәйкес, халықтың 6,6 проценті ақшаның жетіспеуінен жарытып тамақ ішпеген. Сонымен респонденттердің 4,5%-інің қаржылай қиындықтардан пайдалы тағамдарды тұтынуға мүмкіндігі болмаған. 90,3%-і мұндай проблема туындамағанын айтса, 5,4%-і тәбетін шектеуге тура келген. Бұдан бөлек сұралушылардың 0,6 проценті аштықты бастан кешірген. Айта кетейік, сауалнамаға 12 мыңға жуық адам қатысты. 

Ел экономикасына серпін беретін саланың бірі туризм. Біздің ел 2031 жылға дейін бұл секторға 1,5 трлн теңге қаржы салмақ. Оның  221 млрд теңгесі шеттен тартылған инвестиция. Нәтижесінде демалыс аймақтарында 22 мыңнан аса жатын орын пайда болады. Ұлттық парктерде 14 визит-орталық пен 900 адамға шақталған бөлмелер жасақталады. Сондай-ақ енді өңірлердің туризм әлеуетін пайдалану бойынша рейтингі жасалады. Қазіргі таңда «Қазақтуризм» компаниясы бақылауында жеке қаржы есебінен жүзеге асатын 218 жоба бар. Жалпы сомасы 3 трлн теңгеден асатын бұл бастамалар 2025 жылға қарай толықтай аяқталуы тиіс. Биыл Түркістанда соның 4-еуі қолданысқа берілді.

Биржадағы сауда-саттықта кофенің құны көтерілді. Арабика сорты фунтына 2 доллардан сатылып жатыр. Мұндай баға кейінгі 7 жылда болмаған. Жалпы арабика сорты жер бетіндегі кофе өндірісінің 75 процентін құрайды. Мамандардың сөзінше, сусынның бұл түріне сұраныс пандемия басталғалы бері күрт артқан. Trading Economics басылымының мәліметінше, кофенің отаны саналатын Бразилияда бүгінде егіс алқаптары 11 процентке қысқарған. Оған күн райының қолайсыз болуы әсер етті. Жалпы бұған дейін де шаруалар құрғашқылықтан көз ашпай келді. Бұдан өзге кофе өндірісі жақсы дамыған Колумбия мен Вьетнамда да тауарды жеткізіп беруде түйткілдер туындаған. 

Валюта бағамына келер болсақ, бүгін Қазақстан қор биржасында доллар 424 теңге 40 тиын, еуро 503 теңге 75 тиын, ресей рубльі 5 теңге 76 тиын деп белгіленді.