Елімізде ұн өнімдерінің өндірісі 21%-ке кеміді

Биыл алты айда елде нан өндірісі 21 процентке қысқарды.

Ал нан бағасы 6 проценттей көтерілген. Энерджипром сарапшыларының дерегінше, қарабидай наны 9, Макарон өнімдері 10 проценттей қымбаттады. Бағаның өсуіне бірнеше себеп бар. Ең негізгісі – шикізаттың қымбаттауы. Елімізде ұнның шикізаты бидай. Бізде ол жеткілікті. Бірақ өзіндік құны көтеріліп жатыр. «Қазақстан астық өңдеушілер одағының» мәліметіне қарағанда биыл жанармай, тыңайтқыш, егіс алқабын зиянкестен қорғайтын қоспалар мен техника бөлшектері 20-30 процентке қымбаттады. Оның үстіне Орталық Азия елдерінде құрғақшылық болғандықтан өнім аз. Яғни бидайға деген сұраныс жоғары. Сондықтан импортерлер бағаны көтерді. Шілде айының соңында үшінші сұрыпты бидайдың тоннасы 112 мың теңге шамасында саудаланды. Ішкі нарық үшін 95 мыңнан 103 мыңға көтерілді. Бидай қымбаттағандықтан, одан алынатын өнімдердің де бағасы өсті. Мамандар ас атасының бағасын тұрақтандыру үшін мемлекет қорға қосымша 200 мың тоннай астық алып қойғаны дұрыс деп санайды

АСТЫҚ ШИКІЗАТ КҮЙІНДЕ САТЫЛЫП ЖАТЫР

Қазақстанда астықты шикізат күйінде емес, дайын өнім күйінде сату жүйеленбеген. Астық өңдеушілер қауымдастығы осылай деп налиды. Олардың айтуынша республикада жылына 11-12 миллион тонна бидайды өңдей алатын диірмендер бар. Бұл ішкі нарықпен қоса сыртқы нарықтың да сұранысын артығымен орындауға жетеді. Бірақ бидай шет елдерге шикізат күйінде сатылып жатыр. Мәселен кейінгі сегіз жылда Өзбекстанға бидай экспорты 4,5 есе көбейді. Сәйкесінше, ұн экспорты 3,6 есе азайған. Яғни ала такиялы ағайын бидайды сатып алып, өздерінде тартып жатыр. Ол аз десеңіз, биыл Ауғанстанға 721 мың тонна ұн экспорттапты. Яғни Қазақстаннан бидайын тартып, ары қарай ұн қылып сатып жатыр. Тәжікстанда сондай жағдай. Кейінгі он жылда ұн экспорты азайып, бидай экспорты 16 есе көбейген. Бұған дейін аталған елдер Қазақстаннан тек ұн сатып алып келген. Бидайдың шикізат күйінде сатылуы елде ұн өндірісін азайтып, диірмендердің қаңырап бос тұруына әкеліп отыр.

БИЫЛ РЕСЕЙЛІК ДИХАНДАР 127,5 МЛН ТОННА АСТЫҚ ЖИНАЙДЫ

Биыл ресейлік дихандар 127 жарым миллион тонна астық жинайды. Елдің ауылшаруашылық министрлігі осындай болжам жасады. Бұл ресей нарығын толық қамтып, экспорттық көрсеткіштерді бұрынғы деңгейде сақтап қалуға жетеді. Бұған дейін Ресей гидромет орталығы биыл құрғақшылыққа байланысты елде дән аз болады. Астық былтырғыдан 11 миллион тоннаға кем шығуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Бірақ ауылшаруашылығы министрлігі гидрометтің болжамын жоққа шығарып, ол нарыққа әсер ету үшін әдейі айтылған болуы мүмкін екенін жариялады. Ал Қырғызстанда бидай 40 процентке қымбаттады. Елдің статистика комитетінің мәліметіне қарағанда республика бойынша бидайдың орташа бағасы 150 теңге. Былтыр 105 теңге шамасында болған.

ЕАЭО ЕЛДЕРІНДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ӨНДІРІСІ АРТТЫ

2021 жылдың алты айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі  0,6 процентке өсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Арменияда айтарлықтай ілгерілеу бар. Бір жылдағы өсім 6,4 процентке жетті. Қазақстанда 3,2 Қырғызстанда 1,3 процент. Одақ елдерінің ішінде ең төмені Ресей. Ауылшаруашылық тауарының өндірісі бір жылда 0,2 процентке ғана көбейген. Енді нақты тауарлар бойынша тоқталып өтсем. Биыл Қазақстанда сүт 3,2 процентке, ал сиыр және құс етінің өндірісі 5 жарым процентке өскен. Бірақ жұмыртқа өндірісі айтарлықтай кеміген. Быр жалда 12 жарым процентке азайыпты. Еуразиялық экономикалық одақ ішінде бұл ең нашар көрсеткіш.

Валюта бағамына тоқталайық.

Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ тың бір доллары 424 теңге 45 тиынға саудаланып жатыр. Ал Еуро 504 теңге 55 тиын. Ал Ресей рубльі 5 теңге 80 тиынға тең.