Халықтың коммуналдық қызметке қарызы артты

Көп қабатты үйлердегі пәтер иелерінің 40%-ке жуығы жүйелі түрде ПИК қызметіне ақша төлемейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда жыл сайын борышкер саны артып келеді. Егер 2019 жылы жылжымайтын мүлік иелері кооперативтерге 14 миллиард теңгеге жуық қарыз болса, биыл бұл сан 16 миллиард теңгеге жеткен. Мәселені шешу үшін алматылық заңгерлер борышкерлерді жауапкершілікке тартуға көмектесетін жаңа әдісті ұсынды. Ол үшін мамандар ІТ технологияларды қолданады.

Соңғы үш айда елімізде тек бір ғана пәтер иелері кооперативі тұрғындардан қарызын қайтарған. Мұндағы борыш көлемі 10 миллион теңге. Қайтарылған қаражат тұрғын үй кешенін абаттандыруға жұмсалыпты. Дебиторлық компанияның операциялық директоры Самал Абаева осындай дерек келтірді. Айтуынша, жобаның басты міндеті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында тәртіп орнату. Оны жасамас бұрын алматылық заңгерлер алдымен ПИК қызметтері үшін қарыздар статистикасын зерттеген. Осылайша неге кейбір тұрғындар ПИК қызметіне тұрақты түрде төлейді, ал басқалары бірнеше жылда бір рет төлейді деген сұрақ туындаған. Мысалы, заңгерлер қазір өндіріп алуға тырысып жатқан борыштық міндеттеме ең ұзақ мерзімді деуге келеді. Қарыз 2008 жылдан бері тіркелген. Ал бұл саладағы ең үлкен қарыз көлемі 14 миллион теңгеге дейді мамандар. Бұл жағдайда коммерциялық жылжымайтын мүлік иесі ПИК қызметіне бір жылға жуық төлемеген. Салдарынан осындай борыш жиналыпты.

Самал Абаеваның айтуынша, борышты қайтаруға көмектесетін жоба толығымен автоматтандырылған. Сондықтан тың бастама бір мезгілде 300-ге жуық істі өңдеуге мүмкіндік береді. Тек оларды шешу жолдары әртүрлі. Кейбір жағдайда заңгерлер сотқа жүгінеді, ал енді бірінде медиациямен келісімге келеді. Мамандар мүлік иелерінің бірлестігіне ауысатын үйлерде де осындай проблемалар бар айтып өтті.

Самал Абаева, дебиторлық компанияның операциялық директоры:

- МИБ - бұл мүлік иелерінің бірлестігі. Ол тек белсенді азаматтардың бірі төраға болып тағайындалатынымен ерекшеленеді. Иә, тұрғындардың 80 проценті оған дауыс беруі мүмкін. Ал қалған 20 проценті қайда? Бұл азаматтар елде жоқ, ал пәтерін жалға беріп кетуі мүмкін немесе ол үйде ешкім тұрмауы да мүмкін. Сондықтан ПИК қызметіне төленбеген сияқты мүлік иелері бірлестігіне де төлем түспейді, түсінесіз бе. Ал үйдің шығыны барлық 100 процент тұрғындар санына есептеледі. Сондықтан басқару жүйесі өзгергенімен қарыздар әлі азаймай отыр.