ЕАЭО органикалық өнімдердің ортақ базасын құрады

Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін органикалық өнімдердің ортақ нарығы құрылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қалай жұмыс істейді? Тауар өндірушілер үшін тиімділігі не?

Ортақ нарық құру бағытындағы жобаны одақ комиссиясының кеңесі мақұлдады. Енді үкіметаралық жиында талқыланады. Егер қолдау тапса, органикалық тауар өндірушілер үшін ортақ база жасақталуы мүмкін. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның агоөнеркәсіп кешені бойынша өкілі Артак Камалян мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір ауыл шаруашылығындағы органикалық өнімге одаққа мүше әр ел өзінше талап қояды. Бұл ішкі нарықта тауардың еркін қозғалысына кедергі келтіреді. Сондықтан комиссия одаққа мүше елдердің ұлттық заңдарын ескере отырып, бәріне ортақ ереже жасайды. Сол құжаттың талабына сай өнім бес елде еркін қозғалады. Бұл мемлекеттердің арасындағы тауар айналымды 300-400 миллион долларға дейін көбейтуі мүмкін. Сондай-ақ жергілікті жерде органикалық тауар өндірушілердің белсенділігін арттырады. Мәселен қазір одаққа мүше елдер дәнді және майлы дақылдарды шикізат күйінде экспорттап отыр. Бүгінде әлемнің 187 елінде 3 миллион кәсіпкер ауыл шаруашылығында органикалық өнім шығарумен айналысады. Бұл нарықтағы қаржы айналым 100 миллиард еуродан асады.

***

Биыл елімізде 163 мың баспана салынады

Биыл елде 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл шамамен 163 мың пәтер. Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы басталған алғашқы үш жылда 470 мың баспана салынған. Құрылыс жұмыстарына 3,6 триллион теңге жұмсалды. Оның 864 миллиард теңгесі мемлекеттік инвестиция, ал жеке инвестиция көлемі бұдан алты есе көп. Сондай-ақ кейінгі 13-14 жыл ішінде құрылыс саласын банктердің несиелендіру көлемі үш есе азайып кетті. Себебі компанияларды мемлекттік қаржыландыру көбейген. Екінші деңгейлі банктердің құрылыс компанияларын несиелендіруге құлық танытпауының тағы бірнеше себебі бар. Бір шаршы метр үшін жұмсалатын қаржы ашық көрсетілмейді. Құрылыс материалдарының бағысы жиі құбылады. Оның үстіне инфляция тағы бар. Сарапшылардың айтуынша, қазір құрылыс салысының қарқынды дамуына мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар мен тұрғын үйді тұрақты қымбаттауы әсер етіп отыр.

***

Биыл Қазақстаннан шет елдерге 452 млрд  теңге жөнелтілді

Биыл алты айда қаржы аудару жүйесі арқылы Қазақстаннан шет елдерге 452 миллиард теңге жөнелтіліпті. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44%-ке көп. Дәл осы жүйе арқылы шет елдерден Қазақстанға 137 миллиард, 8 миллиондай келген. Былтырмен салыстырғанда 8%-тей көп. Бірақ елден кеткен қаржы сомасымен салыстырсақ, 3 есе аз.

Бұған дейін қазақстандықтар қаржыны көбіне Түркия мен Ресейге жіберетін. Биыл басым бөлігі Өзбекстанға жөнелтіліпті. Жарты жылда ала тақиялы ағайынға біздің елдің жеке тұлғалары 114 миллиард теңге аударған. Одан кейін Түркия, 96 миллирд. Үштікке Ресей кіреді. 93 миллиард. Сондай-ақ Қырғызстанға 76, Қытайға 15 жарым миллиард теңге аударыпты. Ал Қазақстанға қаржы аударатын жеке тұлғалардың көбі Ресейде.

Бұл елден 28,6 миллиард келіпті. Өзбекстаннан 22,6 миилард келген. Сондай-ақ Оңтүстік Кореядан 21 миллиардтай келіпті. Карантин және өзге де талаптардың қатаңдауына байланысты бұл елден келетін аударымдар 20%-ке азайған.

***

Әлемдік нарықта мұнай арзандады

Нью-Йорк тауар биржасында қыркүйек айында жеткізілетін WTI маркалы қара алтын құны 2%-тен астам төмендеп, 66 доллар 80 цент шамасында сауланды. Ал ICE биржасында қазан айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай 69 доллар 20 цент маңайында саудаланды. Сарапшылардың айтуынша, жаңа шектеулерге байланысты мұнайға сұраныс қайта төмендейді деп сақтанып отыр. Десе де, мұнай өңдейтін Saudi Aramco, ExxonMobil, Shell сыны 8 ірі компания екінші тоқсанды жақсы табыспен аяқтады. Олардың жалпы табысы 45 миллиард доллардан асқан. Былтыр олар 74 миллиард доллар шығынға батқан еді.

***

Шілдеде KASE негізгі индекстері 7,7% төмен болды

Шілде айында Қазақстан қор биржасындағы негізгі индекстер 7,7%-ке төмен болды. Бұл бастыпқы қарқынды өсімнен кейінгі қалыпқа келу және нарықтағы белсенділікті маусымдық азаюымен байланысты. KASE тоөрағасының орынбасары Наталия Хорошевская осылай дейді. Оның айтуынша, жақында ғана индекске кіретін компаниялардың басым бөлігі құнды қағаз иелеріне дивиденттер төледі. Сондықтан тамыз айында да айтарлықтай өсім бола қоймайды. Жалпы биыл қор нарығында көрсеткіштер жақсы. Саудаға жаңам акциялар шықты, екінші нарықтың белсенділігі артып, брокерлік есеп шоттардың саны артқан. Шілде айының қорытындысы бойынша нарықтың жалпы капиталы 28 триллион теңгеден асты. Ал төл валютамыз бір айбарлық валюта жұбына нығайды. Қаржы нарығының айналым 10 триллион теңгеге жетті.

Наталья Хорошевская, KASE басқарма төрағасының орынбасары:

- Доллар бағамына көбінесе сыртқы факторлар әсер етеді. Өздеріңіз білесіздер, шілдеде мұнай бағасы аз да болса жоғарылады. Әрине, қара алтын нарығы әлі де құбылмалы. Соның өзінде бір ай бойына теңге нығаю бағытын сақтады. Өткен айдың қорытындысын қарасақ доллардың теңгеге шаққандағы бағаны қызыл аймақта тұр.

***

Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 426 теңге 42 тиынға тең. Еуро 503 теңге 53 тиыннан саудаланып жатыр. Ал Ресей рублі 5 теңге 80 тиын.